ІІМ криминалдық полиция департаменті мен Түркістан облысы полиция департаментінің қызметкерлері бірлесіп өткізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Арыс қаласында ауыр қылмыс жасады деп күдікке ілінген үш адамды, яғни тапсырыс беруші мен екі орындаушыны ұстады.
Еске сала кетсек, 5 тамыз күні белгісіз біреулер салынып жатқан үйдің аумағына кіріп, қарудан оқ атып, қашып кеткен. Үй иесі мен оның танысы алған жарақаттарынан қайтыс болып, тағы екі адам ауруханаға жеткізілді.
«Бұл факт ҚР ҚК-нің 99-бабы «Кісі өлтіру» бойынша тіркеліп, тергеп-тексеру басталды. Үш күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардан «Сайга» қаруы мен тегіс ұңғылы 12 калибрлі шолақ мылтық, мотоцикл мен бетперделер тәркіленді.», -деді Құрманбек Сахов — Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары