ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БИЫЛҒЫ КӨКТЕМДЕ 500 МЫҢНАН АСА КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗЫЛАДЫ
Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында ел аумағында экологиялық ахуалды жақсарту үшін 2 млрд. және қалалар мен елді мекендер аумағын 15 млн. ағаш көшеттерін отырғызу керек екені айтылған. Осыған сәйкес, Түркістан облысында 110 210 гектар жерге 170 млн. ағаш көшеттері отырғызу жұмыстары жалғасуда. Облыс әкімдігі мен ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі кешені жоспар аясында тиісті жұмыстар жүргізіп, ауқымды шараны 5 жылда жүзеге асырады.
Сонымен қатар облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, «Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілген болатын. Аталған жоспар аясында өңіріміздегі 852 елді мекеннің шамамен 90% көгалдандыру үшін 4 миллионнан астам көшет егу жоспарланып отыр.
Бүгінгі таңда жоспар бойынша елді мекендерді көгалдандыруға 2022 жылы – 251 685 дана, 2023 жылдың көктем айларында – 532 682 дана және 2023 жылдың күз айларында 556 262 дана әртүрлі көшеттер отырғызылды. Осы бағытта облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев бастаған топ аудан, қаладағы орман шаруашылығы мекемелеріне барып, аталған жоспар бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысуда. Сонымен қоса өңір басшысы өзге елдердің тәжірибесін пайдалана отырып. Облыс аумағында заманауи тұқымбақ ашуды тапсырған болатын. Бүгінгі таңда тиісті жұмыстар атқарылуда.
Мәселен, облыстағы замануи тұқымбақты «Жасыл аймақ» КММ-нің базасында ашу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда тұқымбаққа арналған жерлер нақтыланып, мемлекеттік акт алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, қалған орман шаруашылығы мекемелерінде қосымша замануи тұқымбақ бұрыштары ашылады. Тұқымбақты ашу мекеменің тапқан табысы, үнемделген қаржылары мен инвесторларды тарту арқылы атқарылады. Айта кетейік, облыс әкімінің тапсырмасы аясында мекеме басшылары мен салаға жауапты мамандар Өзбекстан, Ресей елдері мен облыстардың тұқымбақтарындағы заманауи зерттелген үздік тәжірибелерді енгізу бойынша тәжірибе алмасу сапарымен барып қайтқан болатын.
– Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды елді мекендерге егілген ағаштарды күтіп-баптау, өсіру ісін сапалы атқаруды, өңірде ағаш өсіретін тұқымбақтардың санын арттыруды және көгалдандыруға қатысты жұмысты күшейтуді тапсырған болатын. Осы орайда қазіргі таңда аудан, қала әкімдіктеріне жергілікті көнімділігі жоғары көшет түрлері мен гүлді ағаштарды босату жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2023 жылы аудан, қала әкімдіктеріне жалпы 1 миллионнан астам көшет, оның ішінде 101 573 дана гүлді ағаштар егілді. Биылғы жылдың көктем айларында жоспарға сәйкес 522935 дана көшет егіледі деп жоспарлануда. Оның ішінде гүлді ағаштардың 5500 түбі әзірленіп, аудан, қалаға үлестіруге дайын тұр. Бүгінде аудан, қала елді мекендерін көгалдандыруға босатылатын көшеттердің нақты түрлері мен саны, босататын орман шаруашылығы мекемесі көрсетілген жоспар бекітілді, – деді басқарма басшысы.
Өткен жылы Түркістан облысында «Экологиялық жағдайды жасыл желектерді дамыту жолымен жақсарту және ауыл шаруашылығы дамуындағы мәселелер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткен болатын.
Оған Өзбекстан, Қырғызстан, Үндістан, Пәкістан елдерінен келген академиктер мен профессорлар мен еліміздің экоглог және орман шаруашылығы мамандары, ғалымдары мен профессорлар қатысып, олар Түркістанды жасыл желекке айналдыру бағытындағы қажырлы еңбекке оң бағаларын берді.
Одан бөлек, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің өңірімізге іссапары кезінде, мамандардың және ғалымдардың нұсқамасына сәйкес, көгалдандыру жұмыстары барысында елді мекендердің аумағына, кіреберіс қақпалары мен жол бойларына жергілікті көнімділігі жоғары көшет түрлерін егу ұсынылып, ал қылқанжапырақты сәндік ағаштарды арнайы ғимараттар мен мекемелердің алдыңғы беттеріне егу тәжірибесін қолдану дұрыс екендігі айтылды.