“Бозторғай” телехикаясы — бұл өмірде болған оқиға. Бұл туралы “Хабар” Агенттігі” АҚ Басқарма төрағасы Берік Уәли айтты, деп хабарлайды ТAQ.KZ тілшісі.
Берік Уәли фейсбук әлеуметтік желісінде «Бозторғай» сериалы «шынайы оқиға болғасын және шығармашылық топ жан-тәнімен жұмыс істегесін кей көрермен кейбір жағымсыз кейіпкерге қаһарын төгіп, жазба қалдырып жатқанын» мәлімдеген. Сондай-ақ, ол ұжымның шын мәнінде тақырып таңдауда да, шығармашылық ізденіс бойынша да қателеспегенін жеткізген.
(суреттер Берік Уәли парақшасынан алынды)
«Қазір Қостанай облысында тұратын аты аңызға айналған Қарлыға апай мен Нұрлан аға сонау 1991 жылы Арқалық қаласындағы сәбилер үйінен 1 жасқа толар-толмас 6 қыз 4 ұл баланы асырап алған. Қазақстанда 7 балаға дейін ғана асырау мүмкін болса да, олар 10 баланы бауырына басқан екен. Сол қиын-қыстау заманда олар адал еңбектерінің арқасында өздерінің 2 ұлымен бірге барлығы 12 баланы тәрбиелеп жеткізді. Қазір олар да өсіп-өніп, бір-бір отбасы болып отыр. Шынайы оқиғаға негізделген сериалдың интернеттегі қаралымы миллионнан асып кетті. Күн сайын көрермені артып, қаралымы одан да көбейіп келеді.
(суреттер Берік Уәли парақшасынан алынды)
Осы қаңтар айының 30 күні Қарлыға Естекқызы 60 жасқа толады екен. Апайдың көрер қызығы көп болсын! Бұл отбасының ерлікке пара пар әрекеті барша елімізге үлгі»- деп жазба қалдырған “Хабар” Агенттігі” АҚ Басқарма төрағасы.
Бөлісу