Төлеби ауданында теолог мамандары жасөспірімдер мен жастар арасында теріс ағымдар ықпалының алдын- алу бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Мамандар тура жолдан түңілмей, түрлі теріс ағымдардан алшақ болу — елдің бірлігі мен ынтымағын қамтамасыз етуге, келешек ұрпақтың өркендеуіне, саналы ұрпақтың қалыптасуына мол мүмкіндіктер беретінін айтып, жастардың санасына сіңіруде.
Айта кетейік аталған іс-шаралар ағымдағы жылы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевпен бекітілген дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру тобының 2023 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес жүзеге асуда. Яғни, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы А.Тағай және Төлеби ауданы ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің теолог маманы Д.Турта білім ордалары мен оқу орындарында арнайы кездесулер өткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Кезекті жиын Төлеби ауданына қарасты, Көксәйек ауылдық округі Туркістан көпсалалы техникалық колледжінің студентерімен өтті. Жалпы жиынға 200 ге жуық оқу ордасының шәкірттері қатысып, қазіргі дүниежүзінде орын алып жатқан келеңсіз оқиғалар мен теріс ағымдардың қоғамға жасап жатқан зардаптары, ел ішіне бүлік салып, тұрақтылықты және тыныштықты бұзу жағдайлары, сондай-ақ олардың түрлі әдіс-тәсілдермен тура жолдан адастыратыны бойынша баяндамаларды тыңдады.
Қазіргі таңда, тәуелсіз мемлекетіміздің дамуына және дамыған елдердің қатырында болуына елдегі діни ахуалдың тұрақты болуы тікелей әсер етеді. Сондықтан, дәстүрлі дінімізбен мүлдем үйлеспейтін кейбір сан алуан пікірлер мен ұстанымдардан аулақ болу қажет. Сондықтан, Төлеби ауданында өткен кездеуде мамандар еліміздің жарқын болашағын қалаушы – жас ұрпақтың санасын улап жатқан жат ағымдардың мән-мағынасын, әсер ету жолдары мен тигізер зияндарын ашып көрсетіп, олардың негізгі мақсаттарын атап өтті.
«Дәстүрлі дінге қайшы ағымдарды қоғамда деструктивті немесе теріс пиғылды діни ағымдар деп атайды. Яғни, «деструктивті» деген сөз латын тілінен «құлату», «қалыптасқан жүйені бұзу» деген мағынаны білдіреді. Жалпы айтсақ, діннің атын жамылған жат ағымдардың, топтардың мүшелері діни сауаты төмен, әлеуметтік тұрмысы нашар жастарымызды өз қармақтарына түсіру үшін өздерін ақиқат жолындағы шынайы діндарлар етіп көрсетіп, Отанына, отбасына және ата-бабамыз ғасырлар бойы дәріптеген дәстүрлі дінімізге, қалыптасқан салт-дәстүрімізге күдік келтіріп, қарсы қояды. Тіпті, өздерінің істеген істерін және сөйлеген насихат сөздерін дәлелдеу мақсатында Қасиетті Құран мен хадистерден мысал келтіріп, жастардың санасын улап, жат идеологиясын таратады. Бүгінде, асыл дінімізбен мүлдем жанаспайтын жат ағымдар жетегінде кеткен қаншама қандастарымыз өз жақындарынан, достарынан теріс айналып жатқаны баршаға мәлім. Мұндай түрлі жат ағымдардың жетегіне ерген жас азаматтарымыз балаларына тиісті медициналық екпе ектіруден бас тартып, мектептегі сабақтарын тастап, мектеп жасындағы ұл-қыздардың музыка тыңдауына – қарсылық білдіріп, мемлекеттік әнұранды тыңдауды және туға құрмет көрсетуді харам дейтіндер де бар. Осындай бір ағымдардың теріс пиғылды уағыздарының салдарынан еліміздегі кейбір ұл-қыздарымыз отбасы мүшелерінен, үй-меншіктерінен айырылып, түрлі психикалық ауруларға шалдығып, өз-өзіне қол салып, әр түрлі жағымсыз жағдайларға тап болып жатқандарын да жоққа шығаруға болмайды», — дейді теолог мамандар.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда нақты мақсатқа жету үшін саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз екенін айтқан болатын. Яғни, ең бастысы әр азаматтың сана-сезімін жаңғырту маңызды. Бұл тұрғыда халықтың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруге тиіс. Президент айтқандай пиғыл өзгермесе, ештеңе де өзгермейді.
«Біз қазір халықаралық ахуалдың бұрын-соңды болмаған деңгейде шиеленіскеніне куә болып отырмыз. Кейбір ірі елдер өзіне қажетті күн тәртібін басқаларға таңуға, оларды өз талабына икемдеуге тырысуда. Бір-біріне мүлдем қайшы келетін түрлі идеялар мен ұстанымдар қақтығысы белең алды. Бұл қақтығыс геосаясатта немесе экономикада ғана болып жатқан жоқ. Тіпті, мәдениет пен руханиятты, құндылықтар жүйесін, басқаша айтқанда, идеология саласын да шарпуда. Мұның бәрі тұтас мемлекеттердің және халықтардың қауіпсіздігіне кесірін тигізуі мүмкін. Халықаралық ахуалдың беталысы көңіл көншітпейді. Сондықтан Қазақстан Республикасы бұрын-соңды болмаған деңгейде біртұтас болуы керек. Бүгінгі таңда елді дамытуға кедергі келтіретін нәрсенің бәрінен арылып, құндылықтарымызды нығайта түсуіміз қажет. Сонда ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастырамыз, сан ғасырлық мемлекеттілігіміздің тұғырын бекемдейміз. Олай болмаса, даму көшінің соңында қалып, ақырында құрдымға кетеміз. Өміршең, келешегі зор идеологиялар мемлекет пен қоғамның ортақ ізденісінің арқасында ғана пайда болады. Біз дәстүрлі құндылықтарымызды қазіргі мәдени үрдістермен үйлестіруіміз керек.», — деді Президент.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құратынын айтқан болатын. Яғни, елімізде жаңа қоғамдық этика қалыптасуы керек. Онда елдің бірлігі және тұрақтылығы, азаматтардың өзара тілектестігі, әділдік, заң мен тәртіп, сенім және жауапкершілік сияқты құндылықтар үстемдік құруы қажет екенін мәлімдеген. Төлеби ауданында өткен кездесуде де мамандар жастарға осы бағытқа бейімделіп, өмірдің жарқын жолынан адастыратын деструктивті ағымдардан аулақ болуға шақырды.
Қазіргі таңда, елімізде уәкілетті мемлекеттік органдардың деструктивті ағымдарға қарсы белсенді күрестері мен алдын алу шаралары нәтижесінде көптеген радикалды сайттарға тосқауыл қойылып жатыр, сондай-ақ еліміздің түрлі оқу орындарында жасөспірімдердің діни сауатын арттыратын арнайы ақпараттық-насихаттау жұмыстары мен оқу-ағартушылық сабақтары да өткізілуде. Әр қилы деструктивтік ағымдардың салт-дәстүрімізге, дінімізге және бейбітшілігімізге тигізетін зардаптары жайлы тиісті органдар мен дін өкілдерінің қатысуымен республикалық және аймақтық деңгейдегі іс-шараларда қолға алынған.
Ақпараттық-түсіндіру тобының мақсаты да жастардың бойына ізгілік, имандылық, отансүйгіштік, қайырымдылық, кішіпейілділік, адалдық секілді қасиеттерді сіңіру. Сондай-ақ саналы ұрпақ тәрбиелеуде отбасы маңызды рөл атқарады дейді мамандар. Демек, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, баланы балабақшадан бастап тұлға ретінде қалыптастыруға, мектеп қабырғасында тілімізді, мәдениетімізді қастерлеуге, жоғарғы оқу орындарында ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге үйрету маңызды. Елдің ынтымағы мен бірлігін сақтап, бейбіт өмір сүру — ең үлкен бақыт деген теолог мамандары кездесу соңында жастар тарапынан қойылған сұрақтарға да жауап берді.