Төлеби ауданында Қарттар күні мерекесі қарсаңында қазыналы қарияларға құрмет көрсетілді. Шараға қатысқан аудан әкімі Төлеген Телғараев сөз алып, жылы лебізін білдірді.
— Мемлекетіміздің қалыптасу жолында еселі еңбегімен танылған аға буын өкілеріне алғыс айтамыз. Сіздердің ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, бейбітшілікті, қоғамдағы ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға қосқан үлестеріңіз ерек. Өскелең ұрпақ үшін сіздер борышқа адалдықтың, Отанға деген сүйіспеншіліктің, жеңіске деген өшпес ерік-жігердің үлгісі болып келесіздер. Бүгінгі мерекелеріңіз құтты болсын,- деді аудан әкімі.
Жиында демеушілер тарапынан ақ дастарқан жайылып, бабалар рухына құран бағышталды. Одан соң аудан ақсақалдары өскелең ұрпаққа ақыл-кеңестерін айтты. Елдегі ұлтаралық татулық пен саяси тұрақтылықтың маңыздылығына тоқталды. Кездесу соңында ауданның дамуы жолында еңбек етіп жүрген ардагерлерге аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды. Шара аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлері дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасты.
Бөлісу