Бұл іс шара “Miras”тың ең алғашқы төрағасы Мархабат Байғұттың 80 жылдығына арналады. Ойтолғаушы деп айтушы едім шынында ойтолғаушы еді..“”MIRAS” ты енді сен басқаршы” деп тізгінді қолыма ұстатып кеткен болатын. Алғашқыда жүрексінгенімді несіне жасырайын. Аманатты арқалап отырыстарды көшпелі түрде өткізіп жатырмыз. Рухы биік, әділ еді, бірақ ешкіммен айтыспайтын, жақпай қалса қолын бір сілтей салатын. Артық әңгімесі жоқ, өсек аяңнан биік тұратын еді. Қаламы майлы, елге айтары көп, көркем мінезді азамат еді. Ештеңе мәңгілік емес…

80 жылдыққа ойлап тапқаным Қазығұрттың “Кеме қалған”шыңына шығу болды. Рухыңыз биікте, пейіште шалқысын деген ниет еді..Ұрпаққа қалдырған қаламыңыз -бояуы өшпейтін ізгілік мұрасы. Мирастықтар Сізге риза. Жатқан жеріңіз жайлы болсын! Қабіріңізге қойылған құлпытас жартылай ашылған кітап етіп жасалыпты. Сіз шынында да кітапсыз, елдің бағына біткен құнды қазынасыз. Мирастықтар Сіздің қадіріңізді біледі.

“AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы “MIRAS” кеңесінің отырысы ағымдағы жылдың 16 мамыр күні киелі мекен Қазығұрт ауданында өте жоғарғы деңгейде өтті. Кеңес отырысынан кейін 16:30 -да Қазығұрт тауына қарай беттедік. Күн төбеден ауғанда шықтық деген атымыз болмаса күн құрғыр шыжғырып барады.Аңыздарда адамзат баласын аман алып қалған Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұртқа келіп тоқтаған деседі. Нұх пайғамбар (ғ.с.) адамдарды иманға шақырғанымен, оның қауымы сенбеді. Жаратушы оларға үлкен топан суды жіберіп, тек Нұх (ғ.с.) және оның кемесіне мінген иманды жандар мен жан-жануарлар ғана аман қалады. Бұл — адамзат тарихындағы үлкен сынақ әрі жаңа кезеңнің бастауы болған.

Бұл жай ғана миф емес, ұлттың жадына сіңіп кеткен үміт пен аманаттың символы. Мыңдаған жыл өтсе де, Қазығұрт аты аталғанда адамзаттың қайта тірілуі, жаңа өмір бастау туралы ой келеді. “MIRAS” кеңесінің мүшелерімен аңыздарды айтып, табиғатты тамашалап тау шыңына шыққанша сырластық. Таудың шыңына шыққан кезімізде күн ұясына батып, ымырт қараңғы түскен еді. Уақытқа қарасам сағат 20:30 болыпты. Қазығұртқа бір барған адам – тарихпен тілдесіп, табиғатпен үндесіп қайтады. Бұл – жүрекке тыныштық, жанға күш беретін, рухыңды биіктететін қасиетті мекен. Тау етегіндегі самал жел, аспанмен тілдескен шыңдары, табиғаттың тылсым үндестігі — бәрі де ішкі жан дүниеңді тазартып, рухани серпіліс береді. Мұнда әр тас, әр сүрлеу — мыңдаған жылдық сырдың куәсі. Бұл тау – өткен мен бүгінді жалғап тұрған рухани көпір.

Қазір бәріміз жаңғыру, жаңару, түлеу жайлы көп айтып жүрміз. Қазығұрт – сол идеяның түпкі тамыры. Теңіз деңгейінен 2300 метр биікте орналасқан Қазығұрт тауының Кеме қалған шыңына шығып құран оқып, тілек тіледік.

ҚАЛЫЙМА ЖАНТӨРЕЕВА – «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*