2025 жылдың мамыр айының 08-13 күндері Ақтөбе қаласында кикбокстан 2011-2012, 2013 жылдары туылған жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионаты өткен болатын. Дүбірлі додаға еліміздің барлық өңірлеріндегі спорт мекемелерінен 300-ден астам, әр облыстың чемпиондары мен жүлдегерлері болған жас кикбоксерлары қатысты.
Еліміздің аламан бәйгесіне білікті басшы, самбодан спорт шебері Ордабаев Ғани Оңғарұлы басқарып отырған Төлеби аудандық №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Абрамян Индира Түркістан облысы құрамасы сапында 60 кг салмақта өнер көрсетіп, жүлделі ІІІ орынға қол жеткізді. Естеріңізге сала кетейік, Индира 2025ж наурыз айының 12-15 күндері Түлкібас ауданы, Азаттық елді мекені «Азаттық» спорт кешенінде кикбокстан Түркістан облысының жасөспірімдер арасында чемпионатында, 60 кг салмақта жеңімпаз атанған болатын.
« – Өңірімізде кикбоксинг спортына қызығушылар саны артып келеді. Әсіресе балалардың қызығушылығы жоғары. Спортшыларымыздың жеткен жетістіктері де баршылық. Жалпы Кикбоксинг спорты баланың ойлау қабілетін шыңдауға көмектеседі. Жылдам қимыл-әрекет нәтижесінде дене бұлшықеттері қозғалып, түрлі аурулардың алдын алуға көмектеседі. Кішкентай жеткіншектердің өздері спорттың денсаулыққа пайдасын сезінуде. Жекпе-жекке деген құмарлық қазақтың қанында бар қасиет. Сондықтан өзін ғана емес, өзгені де қорғай алатын, шымыр, шыныққан, жас жеткіншектеріміздің қатары артса, ел намысын асқақтатар азаматтарымыз көбейері сөзсіз. Төлебилік спортшы қызымыз, шәкіртіміз Индира Абрамян өте еңбекқор, шымыр, шапсаң спортшы. Үмітімізді ақтап биік белестерді бағындырып келеді. Болашағынан күтеріміз көп, әлі әлемді бағындырып, еліміздің көк байрағын биікке көтереді деп сенемін. Кикбоксинг спорты дамып келеді. Осы жылы әлемдік спорт федерациялары тарапынан кикбоксингті олимпиадалық ойын санатына қосу туралы ұсыныс жолданды. Егер шешімін тапса, 2028 жылы кикбоксинг олимпиадалық спорт түрлерінің қатарына енгізіледі. Мен жастарды шапшаң қимылдауды қажет ететін спорт түрімен айналысып, оны кәсіби деңгейге көтеруге шақырамын. » – деді Төлеби аудандық №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Рахымжан Тасболатов.
Облыста кикбоксинг спорты қарқынды дамып келеді. Кикбоксинг — қол мен көздің үйлесімділігі мен тепе-теңдігін жақсартатын, дененің күшін арттыратын спорт түрі. Каратэ, бокс сияқты жекпе-жек өнерінен ерекшелігі — жылдамдық пен дәлдікті қажет етеді. Кикбоксингтің бірнеше түрі бар, олардың әрқайсысының ережелері де әртүрлі. Мысалы, америкалық кикбоксингта қол мен аяқ арқылы қарсыласқа шабуыл жасалады. Осындай әдістерді жақсы меңгерген Индира Абрамянның мақсаты да чемпион болу.
« – Мен бұл спорт түрімен біраз жылдардан бері айналысып келемін. Облыстық, республикалық турнирлерде жеңімпаз атандым. Ендігі мақсатым — әлем чемпионатына жолдама алу. Кикбоксингке ең алғаш келгенімде тек жай жаттығуға келген едім. Кейін өзіме бұл спорт түрі ұнап, спорт кешеніне тұрақты келіп, шынығуды әдетке айналдырдым. Жаттықтырушыларымыздың қажырлы еңбегінің нәтижесінде жеңіс тұғырынан көрініп келемін. Отбасымда менің кикбоксингпен шұғылдануыма қарсылық білдірмейді.Мұндай қолдаудың өзі менің жеңіске деген құлшынысымды арттырады, Әрине, спорт жеңістер мен жеңілістерден тұрады. Менің сайыстарға қатысуымның басты мақсаты — денсаулығымды нығайту. «Шынықсаң, шымыр боласың» деп бекер айтылмаған. Облыстық турнирде бірінші орын алдым. ҚР чемпионатына 300-ден аса спортшы қатысып, солардың арасынан жеңімпаз атандым. Жеңіс тұғырынан көрінуіме себепкер болып жүрген бапкер Рахымжан Тасболатовқа, Төлеби аудандық №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ордабаев Ғани Оңғарұлына алғысымды білдіремін. Әрдайым жеңіске жеткен жастарды жігерлендіріп, қаржылай сыйлықтармен ынталандырып тұрады.» – дейді Индира Абрамян
Кикбокстан ҚР чемпионатында жеңімпаз атанған Абрамян Индира және жаттықтырушысы Тасболатов Рахымжанды жақсы жетістіктері үшін спорт мектебінің ұжымы құттықтап, алғыстарын жеткізді. Алдағы уақытта Азия, Әлем чемпионаттарына жан-жақты дайындық жасап, еліміздің көк байрағын көкте желбірете берсін деп сенім білдірді.