Түркістан облысы Төлеби ауданы орталық «Нұр» мешітінде құрбан айт мерекесіне орай, аудан тұрғындарының қатысуымен ұлттық спорт түрлерінен сайыс өтті. Дін мен дәстүр сабақтастығын нығайту мақсатында ұлттық спорттық ойындары – «Қазақша күрес», «Қошқар көтеру», «Асық ату», «Гір тасын көтеру», «Садақ ату», «Арқан тарту» сынды жарыстарда оқ бойы озып шыққандарға бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдар табысталды. Мерекелік шараға келген көпшілікті қазақтың ұлттық спорты қазақша күрес қызықтыра түсті. Боз кілемде өзара мықтыларын анықтаған балуандарға тамашалауға келген тұрғындар қолдау білдірді. Ауданның бас имамы Үсен Сәуірбаев ұлттық ойындардың тәрбиелік мәні жөнінде насихат айтып, мешіт қызметкерлерімен бірге шараға белсене қатысты.

 

 

« – Жалпы, қазақша күрес – қазақ халқының ерте кезден қалыптасқан спорт ойындарының бірі. Басқа халықтардың ұлттық күрес түрлерімен салыстырғанда қазақша күрестің өзіндік ерекшеліктері көп. Кеңес дәуіріне дейін қазақша күрес негізінен әдет-ғұрыпқа байланысты және еңбек процестерінде жеткен жетістіктерін дәріптейтін жиын-тойларда өткізілді. Бұрын қазақша күрес «Күш атасын танымайды» деген түсінікпен салмағына, дәрежесіне, жасына қарамай өткізіле берген. Тіпті, ағасы мен інісі күресіп қалатын кезі де болған. Сондай-ақ, күрестің белгілі бір жүйеге түскен белдесу ережесі де болмаған. Күреске түскендер үлкен-кішілігіне қарамай, қайсысы күшті болса, сол жеңіске жеткен. Жиын-тойларда ғана күш сынасып қоймай, кім жеңеді деп егеске түскен екі балуан кездескен жерде ат үстінен түсе қалып, белдесе кететін болған. Ел ішінде атақтары жайылған Қажымұқан, Балуан Шолақ, Битабар тағы басқа осындай алып балуандар болды. Төреші күресуге шыққан балуандарды қолдарын айқастыра ұстап белдестіреді. Бұл белдесуді қазақтар «қоян-қолтық ұстасу» деп атайды. Белдесу барысында, ереже бойынша, қолды белбеуден босатуға болмайды. Белдесу барысында жеңіске жеткен балуан орнында қалады. Егер ол өзімен белдесуге шыққан жаңа балуанмен күресуден бас тартып, басқамен күресемін десе, онда оған рұқсат етіледі. Бірақ соңында жеңімпаз аталатын балуан біреу ғана. Оның барлық кездесуде де жауырыны жерге тимеуі керек. Жалпы белдесу барысында қарсыластардың біреуі жығылып, жауырыны жерге тисе және қарсыласы оның басынан аттап кетсе, ол жеңілген болып есептеледі. Егер де, қарсыластың біреуі әдіс қолданғанда, екіншісі оған қарсы әрекет жасап, екеуі бірдей құлап түссе, онда бұл белдесу «итжығыс» деп аталады. Мұндайда, төреші оларды қайта күрестіреді. Бұрын белдесу барысында тең түсу немесе ұпай санымен ұту деген болмаған. Белдесудің уақыты шектелмегендіктен, міндетті түрде қарсыластың біреуі жеңіске жеткен. Жоғарыда баяндалғанның бәрі сонау ықылым заманнан бері келе жатқан дәстүрлі спорт ойындарының ерекшеліктері саналады.» – деді Төлеби ауданының бас имамы Үсен Сәуірбаев

Сондай-ақ, бұл күні балалар асық ойындарынан мықтыларын анықтады. Бұл ойынға Кеңес заманында шектеулер болып, ұмытылып, бүгінгі таңда қайтадан түлеп, мемлекет қолдауына ие болып отырғаны – үлкен жетістік. Атап айтқанда, елімізде асық атудан жарыстар ел біріншіліктері өтуде. Ұлт жанашырлары бұл ойынның кең көлемде дамуына зейін танытуда. Ұлттық ойынды насихаттау барысында көптеген сайыстар өткізілуде.

 

 

«Асық ойыны – қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі. Асық ойнап өскен бала мерген, өзгелерден ептілеу, зеректеу, табандырақ, шыдамды болып келеді. Халқымыз «Қой асығы демей-ақ, қолыңа түссе сақа тұт», «Асығың алшысынан түссін» деп мақалдап сөйлеуінде асық ойынының қазақ мәдениетіндегі өзіндік орнын байқатады. Асықтың: алшы, тәйке, бүк, шік, омпа, шоңқа деген түрлері болады. Оның ішінде алшыны өте жоғары бағалаған. Өмірде жолы болған дәулетті адамдарды «Асығы алшысынан түсіп тұр» деп айтады. Жақсы көрген жас буынға «алтын асықтай немесе киіктің асығындай шымыр бол» деп сипаттау тегіннен тегін туындамаған. Өйткені осы ойын арқылы бабаларымыз жас ұрпақты жастайынан жүйке жүйесін шыңдауға, оларды дәлдікке, ұстамдылыққа, байсалдыққа, төзімділікке, шыдамдылыққа тәрбиелеген.» – деді мерекелік жиындағы ел ағалары.

Осы тұста асықтың түрлерін атап өтсек, асық – төрт түлік мал мен қоңыр аңның санының орта тұсында орналасқан асық жіліктен алынады. Оның түрлері көп. Атап айтқанда, сақа – асықтың үлкен әрі шымыр түрі. Бұл асық жеткен еркек қойдан немесе қошқар-текеден алынады. Кеней – көпшілік ойнауға арналған қарапайым асықтар. Шүкейт – жас малдың асығы. Қойлық – қойдың асығы. Ешкімек – ешкінің асығы. Құлжа – құлжаның асығы. Көктабан – қорғасын құйылған салмақты сақа асық. Топай – сиырдың асығы. Жабай – ірі асықты айтады. Қолқар – арқардың асығы.

 

Төлеби ауданында өткен ұлттық ойындар сайысында жастар қошқар көтеруден және садақ атудан да бақтарын сынады. Білектегі және аяқтағы күшті талап ететін қошқар көтеру ойыны қазақтың төзімділігін, қайсарлығын дәріптесе, садақ ату өнері көне дәуірлерден бері көшпенділерден жалғасып, қазақтың дәстүр-салтынан өзіндік орнын алған құндылығымыздың бірі. Қазақтың арғы-бергі тарихында жай мен жебені жанына серік етіп, құралайды көзге атқан мергендер көп болған. Оны батырлық эпостардан, хисса-дастандардан жақсы білеміз. Қазіргі уақытта тұрмысымызда көп қолданылмауы себепті тек саятшылықта және спорттың осы түрінен жарыстарда ғана көреміз. Жалпы, садақ пен қазақ егіз ұғым. Бұл қару ата-бабаларымыз ерте кезде аң аулауда, кейін соғыс ісінде қару ретінде қолданды. Қазанат мінген жау-жүрек батыр оғландарымыздың қорамсаққа қол салып кезеген жебелері нысанадан мүлт кетпегені тарихтан белгілі. Осы орайда ең көне өнер түрі саналатын садақ атуға қазақтың да қатысы барын ешкім жоққа шығара алмайды.Ежелгі ата-баба қоныстарындағы таңбалы тастардағы суреттер бұған бұлтартпас айғақ. Тіпті, өзге ұлт пен ұлыс өкілдері ағаштан жасалған қарапайым садақты ұстаса, қазақтар оның жетілдірілген күрделі құрама түрін ойлап тапқаны тарихи деректерде бар.

 

Міне, осындай ұлтымыздың ұлттық дәстүрлері мен мәдениеті, ойындары насихатталған мерекеде Төлеби ауданы, орталық «Нұр» мешітінің ұйымдастыруымен Төлеби ауданының әкімі Әлімқұлов Еркеғали Амантайұлының бастамасы негізінде, Ленгір қалалық автобус паркі басшылығы Ғалымжан Жұматұлының тікелей демеушілік жасауымен қасиетті Құрбан айт мерекесі қарсаңында аудан жұртына мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында, халықты тегін тасымалдау шарасы да ұйымдастырылды. Сонымен қатар, балаларға арналған арнайы ойын алаңы құрылып, мерекелік көңіл күй сыйланды.

 

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*