Түркістан қаласында Қаржылық мониторинг агенттігінің Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Шымкент қаласы, Жамбыл, Қызылорда облыстары және Түркістан облысы бойынша департамент басшылары көлеңкелі экономикамен күрес бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндап, өзекті мәселелерді талқылады. Азаматтарды интернет алаяқтық схемалардан қорғау, соның ішінде жастарды құмар ойындар, лудомания мен вейптен аулақ ұстау, алдын алу шараларына ерекше назар аударылды. Сондай-ақ елдің оңтүстік өңірлері арқылы стратегиялық ресурстардың заңсыз шығарылу мәселелері қаралды.

Букмекерлік кеңселерде спорттық ойындарға бәс тігіп, автоматтарға ақша салатындар жыл санап көбейіп барады. Кей деректер бойынша елімізде 36 мыңнан астам отандасымыз құмар ойынға тәуелді деп көрсетілген. Дерттің құрсауына әсіресе, жастар түсіп жатыр. Сондықтан кеңес осы са­ладағы жұмысты барынша үй­лес­тіріп келеді.

Жалпы, лудомания – құмар ойындарға потологиялық әуестігі бар адамдардың дерті. Бүгінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ауруды ресми түрде мойындаған. Аталған дертке ұшыраған адамның бойында әлеуметтік, кәсіби, материалдық және отбасылық құндылықтар құлдырап, адамгершілік қасиеттері жойыла бастайды. Бұл проблеманың біздің елде де өткір тұрғаны белгілі. Соңғы үш жылда қазақстандықтар құмар ойындарға 1 трлн. теңгеден астам қаражат салған.

Кеңес мүшелерінің пайымдауын­ша, қоғам мен мемлекеттік органдар лудоманияға қарсы күресті және оның алдын алу шараларын жүйе­лі түрде әрі бірлесе жүргізуі керек. Негізі елімізде әр салада бұл бағыт­тағы жұмыстар күшейтілген. Десек те, түйткілдің тарқауы қиын болып тұр. Қазір лудомания, ішімдік пен нашаға тәуелділік мәселесі өзекті болып отыр. Осындай әлеуметтік ма­ңы­зы бар дертпен күресте жүйелілік керек. Әсіресе, лудомания бойынша. Бұл бағытта емдеудің зама­науи клиникалық хаттамалары болуы қажет. Себебі лудомандар саны артып барады. Ішімдік пен есірткіге тәуелділер де көбейіп отыр. Осы орайда, денсаулық сақтау саласы тарапынан оларға сапалы, қолжетімді қызметті және құпиялықты қамтамасыз ету керек. Қажет болса, жеке секторды тартып, оларға мемлекеттік тапсырыс беруге болады. Қаржылық мониторинг агенттігінің ақпараты бойынша осыдан екі жыл бұрын 5,5 мың онлайн-казино сайттары мен аккаунттары, 2 мыңнан аса сайт бұғатталыпты. Сонымен қатар,  «Әділ­дік жолы» РҚБ бастамасымен 300-ден аса лото клубтардың жұмысын заңсыз ұйымдастырған қылмыстық топтар ұсталған. Яғни, еліміздегі рефор­малардың ұрпақ болашағы үшін жасалып жатқанын және жастар қазірдің өзінде елдегі өзгерістердің бел ортасында жүргенін атап өтуге болады.

Соңғы уақыттарда ойын автоматтарының кең таралуына, көптеген онлайн-казинолардың, букмекерлік кеңселердің пайда болуына байланысты проблеманың ауқымы кеңейе түсті. Жалпы, ойын автоматтары әлемде бұрыннан кең таралып, адамдардың арасында үлкен қызығушылық тудырған еді. Мәселен, 1970 жылдарда Англияда ойын автоматтары залдары кинотеатрларға келушілер санының күрт азаюына әсер еткен. Тіпті, кинотеатрларды жабу қажеттілігі туындаған. Ал 1990 жылдардың бірінші жартысында Канадада құмар ойындарға тәуелділер саны 75 %-дан асып кеткен. Осыған байланысты сол кездің зерттеушілері құмар ойындарды халықтың бір бөлігі үшін қауіп төндіретін өткір әлеуметтік мәселе деп санаған.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында халық арасындағы құмар ойынға тәуелділік мәселелері жан-жақты талқыланған болатын.

“Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды. Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс”, – деп атап өтті Президент.

Президент осы жаман әдетке, әсіресе, жастар әуес екеніне назар аударып, мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырған еді. Мемлекет басшысы елімізде лудоманияның белең алуына қарсы бағытталған әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруда қоғамның, дін қызметкерлерінің және бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөлі ерекше екенін атап өтті.

Осы орайда, еліміздің барлық мешіттерінде жұма намазы алдында имамдар құмар ойындардың адамның жеке басына, отбасына, қоғамға тигізетін зияны, оның шариғаттағы үкімі жайында уағыз айтып, адамдарды бұл жаман әдеттен арылуға шақыруда. Расында, бұл проблемаға тап болған көптеген адамдар үшін діннің көмегі орасан зор екені анық. Мәселен, жаман әдетіңіз жайлы жақындарыңызға айтуға ұялсаңыз, дін өкілдеріне жүгінсеңіз болады. Олармен сөйлескен соң, сеніміңіз күшейіп, құмар ойынға тәуелділікті жеңуге деген жігеріңіз артуы мүмкін.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*