Қаржылық мониторинг агенттігінің Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында кеңес мүшелеріне мемлекеттік сатып алулар мен елдегі есірткі айналымы саласындағы ықтимал тәуекелдерді нақты уақыт режимінде анықтауға мүмкіндік беретін Агенттіктің IT-өнімдері таныстырылды.

«Агенттік жұмысының өзекті мәселелерін талқылауға қоғамның қатысуы — сенімді қалыптастырудың, ашықтықты арттырудың және құқықтық тәртіпті нығайтудың маңызды шарты», – деді Қоғамдық кеңестің төрағасы Бекназаров Н.К.

Өз кезегінде Агенттік Төрағасы Қоғамдық кеңестің қаржылық мониторинг органдары қызметін жетілдірудегі рөлінің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, жиында жастарды құмар ойынның тәуелділігінен арылту, қоғамды ондай кері әрекеттерден аулақ болуға үндейтін баяндамалар жасалды.

Статистикаға сүйенсек, лудоманияға шалдыққан науқастардың 60%-ы құқық бұзады. 13-тен 40%-ға дейіні өз-өзіне қол жұмсайды, 32-70%-ында суицид жайлы ой келеді. Жалпы, лудоманияның қоғамға төндіретін қаупі орасан. Құмар ойындар мен бәс тігуге тәуелді адамдардың ішінде бар ақшаларын ұтылған соң таныс-тамырынан қарыз алып, несиеге батып, үйіндегі дүниелерін сатып, ақыры, қылмысқа баратындары аз емес. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының деректеріне сәйкес, құмар ойынның жетегінде кеткендердің басым бөлігі қылмыстық құқық бұзушылық жасалған. Ал шарасыз күйге түскендері өз-өзіне қол жұмсауға дейін барып жатады.

Мамандар адамның мінез-құлқындағы құмар ойындарға тәуелділікті көрсететін бірқатар белгілерді атап өткен екен. Олар: үнемі ойынға елігу, ойында өткізетін уақыттың ұзаруы. Қызығушылықтардың өзгеруі, бұрын ынталандырған дүниелердің ысырылуы, әрдайым ойын туралы ойлау, ойын комбинацияларымен байланысты оқиғаларды елестету және осы ойлардың басым болуы. “Бақылауды жоғалту”, ауқымды ұтыстан кейін немесе үнемі ұтылудан кейін де ойынды тоқтата алмау. Ойынға кезекті рет қатысқаннан кейін қысқа уақыт аралығында дамитын психологиялық дискомфорт. Ол бас ауруы, ұйқының бұзылуы, ашушаңдық, алаңдаушылық, көңіл-күйдің түсуі, зейіннің бұзылуы секілді бірқатар белгілер бойынша есірткі, алкогольге тәуелді тұлғалардың абстиненциясына ұқсайды. Ойынға жиі қатысу, жоғары тәуекелдерге талпыну, қарсыласу қабілетінің тез төмендеуі. Енді ойнамауға бел буғанымен, сәл арандатушылық болған жағдайда, яғни, бұрынғы таныстарын кездестіру, ойын тақырыбында әңгімелесу, ойын мекемесі жанында болуы, ол адамды қайта ойынға тәуелділікке жетелеуі мүмкін.

АҚШ-та құмар ойынға тәуелді адамдарға алғашқы болып кәсіби көмек көрсеткендердің бірі – медицина ғылымдарының докторы Роберт Л. Кастер. 1972 жылы психиатр АҚШ-тың Вирджиния штаты Брексвилл қаласындағы ауруханада ойыншыларды емдеуге арналған алғашқы стационарлық орталық құрған. Дәрігер құмар ойындарға патологиялық тәуелділікті – емделетін ауру деп болжаған алғашқы адам. Оның арқасында 1980 жылы америкалық психиатрлар қауымдастығы патологиялық құмар ойындарды психикалық бұзылыс ретінде жіктеді. Роберт Кастер құмар ойындарға тәуелділіктің дамуын үш кезеңнен тұрады деп анықтады: Олар үтыс кезеңі және ұтылыс кезеңі, сондай-ақ түңілу кезеңі де бар.

Ұтыс кезеңі – бұл адамның құмар ойындарда бірнеше рет ұтысқа кенеліп, “негізсіз оптимизммен” әсерленетін уақыты. Бұл кезде ол құмар ойындарды ұната бастайды және үнемі жолы болатынына сенеді. Өзін сенімді әрі жайлы сезінеді.

Ұтылыс кезеңінде құмар ойынға тәуелділер достары мен отбасыларынан алыстай бастайды. Жалғыз өзі ойнай бастайды және ақшаны заңды немесе заңсыз жолмен табуды, қарызға алуды қарастырады. Ойынның жетегінде кетеді. Ұтылғаннан кейін ақшаны қайтарып аламын деген үмітпен ойынға тез оралғысы келеді.

Түңілу кезеңінде адам өзінің бар уақытын құмар ойындарға арнай бастайды. Уақытын босқа құртып жатқанын түсінгенімен, бұл процесті тоқтата алмайды. Бұл кезде адам өзін кінәлі сезініп, кейде өз проблемаларына басқаларды кінәлайды.Ойынға ақша табу үшін заңсыз әрекеттерге барады. Тәуелділіктен зардап шегетін адамдар дәрменсіздікпен күресу үшін есірткі мен алкогольден жұбаныш іздейді. Психологиялық және әлеуметтік проблемаларға душар болады. Бұның соңы қылмыс жасауға немесе өз-өзіне қол жұмсауға апаруы мүмкін,-дейді сапашылар.

Сондай-ақ, кеңес отырысында құмар ойынның кесірі адамды қылмысқа және нашақорлыққа жетелеуі мүмкін екендігі айтылды. Бұл бағытта мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар оның алдын алу бойынша насихат жұмыстарын үнемі жүргізіп отыруы керектігі атап өтілді. Жалпы бұл індетпен күресу өте маңызды мәселе. Себебі талай отбасылардың тыныштығы мен берекесін құртқан құмар ойынға немқұрайлы қарауға болмайды. Отырыс қорытындысы бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға, цифрлық талдау құралдарын дамытуға, сондай-ақ азаматтық қоғаммен сындарлы диалогты кеңейтуге бағытталған ұсынымдар әзірленді.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*