Төлеби ауданы – шығыс пен батысты жалғастырған әйгілі Жібек жолының күре тамыр даңғылы өткен жер. Өлкеміздің тұмса табиғаты қаншама ақын өлеңіне, суретшілердің қылқаламына арқау болды. Таулы аймақ тамылжыған табиғатымен ғана тартымды емес, ата тарихымыздың куәсі, елдігіміздің тұмары, өркениетіміздің жәдігер мұраларына өте бай өлке. Сондай-ақ, елді мекенде табылған мәдени ошақтар ашық аспан астындағы мұражайға айналды. Тарихы шежіреге бай аудан таулы аймақта орналасқандықтан, туризм саласын экономиканың негізгі драйверіне айналдыру бағытында бірқатар жобалар қолға алынуда. Ауданда демалушыларға қызмет көрсететін орындар саны 200 нысанға жуықтайды.

Ауданда жыл бойы туристік қызмет көрсететін халықаралық деңгейдегі тау шаңғы курорты «Қасқасу туристік-рекреациялық кешені» құрылысы жүргізілген. Курорт аумағында бірнеше қонақ үйлер, мейрамханалар, арқан жолы, бассейн және тағы басқа нысандар жоспарланып, жобалар жүзеге асырылуда. Бұл туризм саласындағы ауқымды жоба жылына 120 000 жуық демалушы қабылдай алады. Жоба айналасында туристерге қызмет көрсететін бірнеше нысандар ашылып, жалпы 2000-нан астам адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланған. Жоба бойынша шаңғы трассасы биіктігі 1880-3155 метр (Шымбұлақ 2260-3163метр), трассасының жалпы ұзындығы – 33,4 шақырым болады.

 

Бұған дейін Төлеби ауданында құны 1,2 млрд теңгеге 4 туристік нысан ашылды. Аталған салаға көптеп инвестиция тарту үшін және дамыту мақсатында Біркөлік, Ақмешіт, Қасқасу елді мекендеріндегі туристік рекреациялық аймақтарының егжей-тегжейлі даму жоспары әзірленген. 2024–2030 жылдары туризмді дамыту мақсатында жалпы құны 78,1 млрд. теңге болатын ірі жобаларды іске асыру жоспарлануда. Ауданның туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Ауасы таза, табиғаты керемет, тауы, бұлағы бар ауданның болашағы жарқын болары сөзсіз. 2030 жылдарға дейін туризмді дамыту мақсатында жалпы құны 78,1 млрд. теңге болатын 23 жобаны іске асыру жоспарлануда.

Жалпы Түркістан облысында туризмді дамытуда жаңа идеялар мен тәсілдер қолданылып жатыр. Өңірде туризм саласын дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған іс-шара жоспары әзірленді. Аталған бағыттағы жұмыстар мен жоспарлар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің басты назарында. Өңір басшысы әр аймақтың туристік мүмкіндігін толық пайдалану маңызды екенін айтып келеді. Аймақ басшысы туризм саласы бойынша бекітілген идикаторлар толық орындалуы тиіс екенін және облыстағы туристік нысандарды ретке келтіруді, туризм саласын дамыту мақсатында нақты қадамдық іс-шаралар жоспарын әзірлеп, оны жүзеге асыруды тапсыруда. Ал, Түркістан облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуовтің айтуынша, 2029 жылға дейін аймақтағы туристер санын 1 млн. адамға жеткізу межеленген. Бұл мақсатты жүзеге асыру барысында облысқа келуші туристердің әртүрлі категориялары бойынша нақты көрсеткіштер белгіленген. Атап айтқанда, орналастыру орындарында қалған туристер саны 550 мың адамға жетуі тиіс. Осы арқылы өңірдің қонақүйлері мен туристік инфрақұрылымының деңгейі мен тартымдылығын арттыру көзделуде. Сонымен қатар табиғи аумақтарға келетін туристер санын 200 мыңға, ал емдік-сауықтыру орындарына келетін туристер санын 250 мыңға жеткізу жоспарланған.

Өңірдің туристік инфрақұрылымын жақсарту бойынша туризм саласына инвестициялар тартылып, жаңа туристік бағыттар мен қызметтерді іске асыру, Түркістан облысының табиғи, мәдени және тарихи байлықтарын тиімді пайдалану арқылы аймақтың туристік тартымдылығын арттыру жоспарланып отыр. Екіншіден, өңірдің туристік кластерін дамыту көзделуде. Жоспар үш негізгі кластерді қамтиды: этнокластер, экокластер және курорттық кластер. Үшіншіден, облыстың туризм саласында жаңа қызметтердің түрлерін кеңейту міндеті қойылған. Оның ішінде агротуризм, спелеотуризм, белсенді экстримальді туризм, сафари туризмі және жаңа мұражайлардың қызметтерін жүзеге асыру жоспарланып отыр. Халықаралық туристік дестинацияларда туристерге ұсынылатын бірыңғай қызмет түрде қарқынды дамыған. Соның ішінде City Pass туристік картасы үлкен сұранысқа ие. Бұл ретте өңірдегі мұражайлар, қонақүйлер, ресторандар, такси қызметтері және туристерге көрсетілетін басқа да қызметтерді біріктіре отырып, жеңілдетілген бағада туристік бағдарламаларды сату арқылы экономикалық табысқа қол жеткізуге болады. Сондықтан Turkistan City Pass электрондық туристік карта жүйесі іске қосылады. Өткен жылы Италияның «Alpin Tour», «Tomiris Travel» компаниялары мен серіктестеріне Түркістан облысының туристік бағдарламалары таныстырылып, Италия нарығында сатылымға шығарылған болатын. 2025 жылы Италия нарығынан 24 топ (әр топта орташа есеппен 20-25 турист) Түркістан облысына 2 күндік бағдарламамен келеді деп күтіліп отыр. Аймақта туризмді дамыту жұмыстары жалғасын табатын болады. Олардың қатарында Төлеби ауданының мүмкіндіктерін пайдаланып, табиғатты әсем аймақтағы демалыс орындарының санын арттыру, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру басты назарда.

Расын да, Төлеби ауданы туризм саласы бойынша бірінші орында тұруы керек. Оған барлық жағдай бар деуге болады. Сұлу табиғаты мен таза ауасы бар, көрікті орындары жеткілікті. Осы бағыттағы жұмыстарды мамандар барынша зерделеп, нақты іс-шараларды атқарып жатыр. Аудан үшінші мегаполис Шымкент қаласына да жақын орналасқан. Өндірісті, сауданы дамытуға да қолайлы. Сондықтан, кәсіпкерлікті дамытып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру маңызды болып есептеледі. Бұл бағытта, жалпы Төлеби ауданының өңірлік өнім көлемі де жыл санап арта түсуде. Тиісті жұмыстар арқылы 2030 жылға қарай жалпы өңірлік өнім 369 млрд. теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр. Яғни, өнеркәсіп өнім көлемін 49 млрд. теңгеден 115 млрд. теңгеге дейін, құрылыстың көлемін 10 млрд. теңгеден 15 млрд. теңгеге, сауда көлемін 28 млрд. теңгеден 84 млрд. теңгеге, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 62 млрд. теңгеден 154 млрд. теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. 2030 жылға дейін өнеркәсіп 2,3 есеге, ауыл шаруашылығы 2,5 есеге, құрылыс 1,5 есеге, сауда 2,9 есеге, туризм саласындағы көрсеткіштер 3,7 есеге артпақ.

2025-2030 жылдар аралығында құны 144 млрд. теңге болатын 73 жобаны іске асырып, 1193 адамды жұмыспен қамтамасыз ету межесі қойылған. Инвестициялық жобалар негізінен өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм, сауда салаларында жүзеге асырылады. Өнеркәсіп саласында құны 38,2 млрд. теңге болатын 12 жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 392 адам жұмыспен қамтылмақ. Ауыл шаруашылығы саласында құны 22,3 млрд. теңге болатын 20 жобаны іске асырып, 268 адамды жұмыспен қамту межеленген. 2030 жылға қарай ауыл шаруашылығының өнім көлемі 154 млрд. теңгеге немесе 2,5 есеге артады. Сүт фермалары, мал бордақылау алаңдары ашылып, балық шаруашылығы, жылыжай, бау-бақша, тамшылатып, жаңбырлатып суару, өнім сақтау қоймасы, ет өңдейтін цехтар, құс шаруашылығы және жеміс-жидек өсіру цехы жобаларын жүзеге асыру көзделген. 2024 – 2030 жылдары туризмді дамыту мақсатында жалпы құны 78,1 млрд. теңге болатын 23 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Жаңа туристік және демалыс орындары ашылады. Жобалар іске асқан жағдайда туристік аймақтың әлеуеті артып, туристер саны 3,7 есеге артады деп болжануда.

Табиғаты әсем аймақта жеке кәсіпкерлер есебінен демалыс орындарын көбейту жұмыстары да қарқын алған. Осы тұста айта кетейік, өткен жылы Төлеби ауданында жеке кәсіпкер Сакен Сәрсенов жеке қаражаты есебінен «Алтын балық» демалыс орнының құрылысын аяқтап, пайдалануға ұсынды. Киелітас ауылдық округінде орналасқан құны 350 млн теңгені құрайтын демалыс орнында 4 коттедж, 10 сәкі бар. Аумағы 1,6 гектар. Кәсіпкер бұған қоса, балық шаруашылығын дамытып, 0.5 гектар аумақта 10 тоннадан астам сазан балығын өсіруде.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында туризмнің, әсіресе, эко және этнотуризмнің дамуына экономиканың маңызды саласы ретінде ерекше көңіл бөлуді тапсырған болатын. Эко туризм саласын дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Түркістан облысында, оның ішінде таулы аймақтағы Төлеби ауданында эко туризмді дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Айта кетейік, соңғы үш жылда еліміздегі экотуристер саны 40%-ға өскен. Соңғы жылдары Қазақстанда экологиялық туризмге деген қызығушылық тұрақты түрде артып келеді. Осыдан үш жыл бұрын экотуристер саны 2 миллион адам болса, жетсе, олардың саны соңғы көрсеткіштер бойынша  2,8 миллионға көбейіп, 40%-ға артқан. Ал 2023 жылы экотуристер саны 2,4 миллион адам болған, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі. Бүгінде еліміздегі 14 ұлттық саябақ тұрақты туризм қағидаттарына сай инфрақұрылымды дамыту бағытында жұмыс істеп келеді. Туристердің жайлы демалысы үшін визит-орталықтар, кемпингтер, глэмпингтер және өзге де нысандар салынып жатыр. Кейінгі жылдары тағы 8 заманауи визит-орталық пайдалануға берілген. Олар ақпараттық жүйелермен, бағыттар көрсетілген навигациямен және негізгі инфрақұрылыммен жабдықталған. Бұл орталықтар келушілерге табиғи экожүйе, жабайы жануарлар мекені, арнайы маршруттар мен қорғалатын аумақта жүру ережелері жөнінде ақпарат ұсынады. Экотуризмді дамыту – табиғи мұраны сақтауға, елдің туристік әлеуетін арттыруға және өңірлердің тұрақты дамуына үлес қосады.

Бұл бағытта Төлеби ауданының әкімдігі экотуризмді дамытудың жолдарын пысықтап, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі өкілдерімен әріптестік қарым-қатынас бағытында жұмыс істеу жолдарын қарастыруда. Ұлттық парктың аумағы әртүрлі кіру режимдері бар үш аймаққа бөлінген: қорық режимі (кіру жабық), туристік және рекреациялық. Ұлттық парктің аумағында Сайрам шыңы, оның биіктігі теңіз деңгейінен 4236 м биіктікте, Қырық қыз жартастары, Мақпал көлі теңіз деңгейінен 2100 м биіктікте орналасқан, Сусіңген биік таулы көлі (теңіз деңгейінен 1700 м) бар және Грейг қызғалдақтары өседі. Сайрам-Өгем МҰТП аумағында өсімдіктердің 1635 түрі, оның ішінде Қызыл кітапқа енген 62 түрі кездеседі. Бүгінде парк аумағының рекреациялық аймақтарында туризм саласын дамыту жолдары басты назарда. Мекеме басшысы парктың 17519 гектар жер телімі рекреациялық және туристік қызмет аймағы болып саналатынын, аталған аумақта келушілерге арнап 11 туристік соқпақ ұйымдастырылғанын мәлімдеген болатын. Қазіргі таңда парк аумағындағы жалпы ауданы 343,2 гектарды құрайтын 29 жер телімі туристік және рекреациялық мақсатта пайдалануға берілген. Рекреациялық аймақтарда демалыс нысандарын көбейту, экотуризмді дамыту мақсатында инфрақұрылым жүргізіліп, жол салынуы қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар да жалғасын табады.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*