Ордабасы аудандық мансап орталығында өз-өзіне қол жұмсау, лудомания фактілерін болдырмау, оның алдын алу және олардың зардаптарын азайту мақсатында орталық қызметкерлерімен арнайы жиын ұйымдастырылды. Жиын барысында Отбасын қолдау орталығының әлеуметтік қызметкері Сәбит Ақбота түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тәуекел факторлары мен алдын алу жолдары жайлы жан-жақты ақпарат берді.
« – Лудомания, игромания, құмар ойын әуестігі, құмар ойыншы – мұның барлығы әлем бойынша жайылып келе жатқан дерт атауы. Құмар ойынға тәуелділік тәніңізді ауыртып, жаныңыз жапа шекпесе де, санаңызды улап, айрандай ұйып отырған отбасыны тас-талқан етуге құдіреті жетеді. Игромания – ол құмар ойынға деген тәуелдік. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл ойындардың психикалық ауытқуға әкеп соқтыратынын мәлімдеп, адам денсаулығына аса қауіпті сырқат қатарына жатқызып, дабыл қағып жатыр. Ал, лудоманияның зияны тек бір адамға ғана емес, ол адамның жақындарына да кері зиянын тигізетін жағдайларға соқтыруы мүмкін. Десе де спорттық бәсекеге бәс тігіп, рулетка, карта ойнап, лотерея билетін сатып алатын әрбір адам лудоман болып саналмайды. Бірақ кез келген сәтте тоқтауды ұмытып, соңы дертке ұласуы ықтимал. Қазіргі кезде көпшілігі телефон арқылы да лудомания атты тұзақтан шыға алмай жүргені ақиқат. Бұл зиянды әрекеттен алыс адамдарға лудомания болмашы дүние болып көрінуі мүмкін. Бірақ ойындарға құмарлықтан көптеген отбасылар ажырап, шаңырақтар шайқалып жатыр.» – дейді Отбасын қолдау орталығының әлеуметтік қызметкері Сәбит Ақбота.
Психологтар көп жағдайда лудомания дертіне ер адамдар шалдығатынын айтады. Олардың пайымдауынша тәуелділікті екі санатқа бөлуге болады: Химиялық тәуелділік. Оған алкоголизм мен наркомания жатады.Екінші іс-қимыл тәуелділігі. Олардың қатарына игромания, лудомания, гэмблинг жатады. Мысалы алғашқы бәсті мектеп оқушылары қоя бастайды. Бұрын бұл ойын автоматтары болды. Ал қазір бәрі оңай, онлайнға көшкен. Орта сынып оқушыларын жоғары сынып оқушылары немесе таныстары үйретеді. Кейде ағасы көрсетеді. Содан үлгі алып, қызыға бастайды. Бәс тігетіндер осылайша ақша тауып жатырмыз деп ойлайды. Бұл мақсатқа қаражатты жинап жүргенінен, туған күніне сыйлыққа берген немесе түскі асқа деген ақшаны жұмсайды.Орта мектеп жасында бұл нашарлауы мүмкін, ал студенттік жаста жағдай одан сайын ушығуы ықтимал. 18-19 жастан бастап ойынға тәуелділік күшейе бастайды, дейді мамандар.
Әлеуметтік қызметкер Сәбит Ақбота құмар ойыншылар ақша үшін қылмысқа дейін баратынын айтады. Бұл жұмыс орындарында ұрлық, алаяқтық болуы мүмкін. Ал, туыстары мен таныстары оған көмек ретінде қаржылай қолдау білдіруі мүмкін. Алайда ол қаражаттарда мақсатсыз жұмсалып кетуі ғажап емес.
«Адам қалай лудоман болады. Лудомания дертіне шалдығу бірнеше факторға байланысты: биологиялық, психологиялық, әлеуметтік, рухани.Егер отбасында әкесі немесе атасы ойыншылар қатарынан болса және отбасы мүшесі баласы да тәуелді бола ма деп алаңдайды. Ондай жағдайда былай айту керек: тұқым қуалаушылық – тек фактор, бірақ себеп емес. Мысалы, тұмаумен адамдар күзде және қыста ауырады, бірақ қыс та, күз де себеп емес, олар тек фактор болып табылады. Сондықтан тұқым қуалаушылық та осы сияқты. Сіз ауыруыңыз да, ауырмауыңыз да мүмкін. Лудоман адаммен өзін қалай ұстау керегін айта кетейін. Бірінші қадам – ойыншыны осы тәуелділіктен емделуге ынталандыру үшін оңалту орталығының мамандарымен кеңесу. Адамды өз ауруынан, яғни құмар ойындарынан ажырату керек. Басқаша айтқанда: мен сені жақсы көремін, бірақ ауруыңды жақсы көрмеймін деп айту қажет. Бұл қатты махаббат деп аталады. Ақшаны қарызға алмаңыз, құнды заттарды жасырыңыз. Әйтпесе сіз ауру адамға жағдай жасайсыз. Ойыңызды сыртқа шығарыңыз. Өз күдігіңіз бен уайымыңыз туралы айтыңыз. Мамандардың пікірінше, тәуелділіктен өздігінен құтылу мүмкін емес. Құмар ойыншы өзіне, айналасындағыларға ғана емес, мүлде бейтаныс жандарға да кесірін тигізеді. Көңіл-күйінің тез құбылмалылығы мен өзін-өзі ұстай алмауынан кез келгенге қол көтеріп, дөрекі сөйлеп, жеңілісінің өшін алуы мүмкін. Кейде ішімдікпен басып жатады.» – дейді Сәбит Ақбота
Жалпы лудоманияны мемлекеттік клиникалар тегін емдейді. Қазір олар еліміздің барлық өңірлерінде бар. Бұдан былай енді мемлекеттік клиникаларда мұндай азаматтардың аты-жөні құпия сақталады. Жақында тиісті кодекс қабылданды. Cондай-ақ, Үкімет құмар ойынмен күрестің екі жылдық жоспарын бекітті Ол үшін жыл сайын кемінде 14 мың онлайн казино мен букмекерлік сайттарды бұғаттайды. Ал,елімізде лотерея ойындарын жарнамалағандар ең аз дегенде 200 мың айыппұл төлейді. Мұндай шаралар қоғамдағы әлеуметтік мәселелерге бей-жай қарамай, оларды шешудің тиімді жолдарын қарастыруда үлкен маңызға ие.