Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ҚХР-дың Хэйлунцзян провинциясының вице-губернаторы Цисян Чжанды қабылдады. Кездесуде екі аймақ арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жолдары талқыланды. Өңір басшысы Түркістан облысының әлеуетін таныстырды.

– Қытай Халық Республикасы – Қазақстан Республикасының сауда-экономикалық саласындағы маңызды әріптестерінің бірі. Бұл ретте Мемлекет басшыларының өзара тұрақты байланыстары екі елдің берік достығы мен тығыз қарым-қатынасының жарқын үлгісі. Бүгінде Қазақстан экономикасына тартылған инвестиция бойынша Қытай Халық Республикасы ТОП-5 инвестор елдерінің қатарына кіреді. Түркістан облысының табиғи климаттық жағдайы қолайлы, ауыл шаруашылығымен жыл бойы айналысуға мүмкіндік береді. Жібек жолының бойында орналасқан аймақ. Өңірдің кадрлық әлеуеті жоғары және қажетті жұмыс күшін ұсына алады. Қазіргі уақытта біздің облыста қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Өңіріміздің негізгі инвестициялық алаңдары – 15 индустриалды аймақ және жалпы аумағы 4000 гектар алаңды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағы. Инвесторларға дайын өндіріс алаңдары ұсынылады. Сонымен қатар жаңа өндірістік жобаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін «Шағын өнеркәсіптік парктер» салынуда. Ауыл шаруашылығы – Түркістан облысы экономикасының негізгі драйвері. Осы салада және туризмге басымдық берілген. Мақта, ет экспорты жолға қойылған. Түркістан облысы мен Хэйлунцзян провинциясы арасында сауда-экономикалық байланыстарды дамыту мен өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуды ұсынамыз – деді Нұралхан Көшеров.

Бір топ инвестор мен делегацияны бастап келген Цисян Чжан қонақжай пейілмен қарсы алған өңір басшысына алғысын білдірді. Аймақты дамытуға инвестиция тартуға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, өндіріс орындарын ашуға қолдау көрсететінін жеткізді. Кездесу барысында Түркістан облысы мен Хэйлунцзян провинциясы арасында бауырластық қарым-қатынастарды орнату туралы меморандумға қол қойылды. Хэйлунцзян – Қытайдың солтүстік-шығысындағы аймағы, 30 миллионнан астам халқы бар. Ауыл шаруашылығы, өндірісі дамыған аймақ. Енді осы аймақ пен Түркістан облысы арасында іскерлік байланыс нығаяды. Кездесуден кейін шетелдік инвесторлар облыстағы өндірістік алаңдарды аралап, әлеуетімен танысты. Айта кетейік, соңғы 15 жылда Қытайдан тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 24 млрд. АҚШ долларына жетті. Ал Түркістан облысының көрші елмен өзара тауар айналымы 2023 жылдың қорытындысы бойынша 149 млн. АҚШ долларын құрады.

Қытай Халық Республикасы Хэйлунцзян провинциясының вице-губернаторы Чжан Цисян Түркістан облысындағы кәсіпорындарды аралап көрді. Шетелдік делегация өңірдің өндірістік әлеуеті және инвестициялық жобаларымен танысты. Кәсіпорындарды аралауға облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков қатысты. «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Данияр Бектұрғанов көкөніс сақтау қоймасы, шағын өндірістік парктің мүмкіндіктері мен бүгінгі жетістіктерін сөз етті. Қонақтар жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын «BNK Group» өндіріс цехын, мектеп және медицина мекемелеріне арналған жиһаз өндіретін «Aqniet Holding» компаниясы, тоңазытқыш жабдықтарын өндіретін «Jasyl Suyq Qazaqstan» зауытында болды. Жуырда іске қосылатын бейнебақылау камераларын жасайтын «Бір белдеу бір жол» кәсіпорнының өкілдерімен пікірлесті. Кездесу соңында әріптестікті нығайту бойынша ұсыныс-пікірлер ортаға салынды.

Айта кетейік екі тараптың кездесуінде тек экономиканы дамытуға ғана емес, мәдениет, туризм, білім саласын дамыту тетіктері де қарастырылмақ. Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара қарым-қатынас – достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестік қағидаттары негізінде дамып келеді. Ұлы Жібек жолы құрылған сәттен бастап дамып, өркендеп келе жатқан екі ел арасындағы сауда-экономикалық, әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық қатынастардың орны ерекше. Бүгінгі таңда елдеріміздің шекарасы арқылы 5 тұрақты пункт, 5 трансшекаралық мұнай және газ құбыры, 2 теміржол желісі және халықаралық ынтымақтастық орталығы жұмыс істейді.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістан өңірінде логистикалық орталық жасауға толық мүмкіндік бар. Инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскесі және дайын өндіріс алаңдары ұсынылады. Арнайы экономикалық аймақ өз қатысушыларына салықтардан, кедендік баждардан жеңілдіктер ұсынады. Сонымен қатар жаңа өндірістік жобаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін «шағын өнеркәсіптік парктер» салынуда. Аталаған өндірістік ғимараттар бизнес субъектілеріне жеңілдетілген шарттармен жалдау және сатып алу құқығымен беріледі.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*