Отырар ауданында діни тұтақтылықты сақтау және терроризм мен экстремизмнің алдын алу мақсатында маңызды кездесулер мен жиындар ұйымдастырылып тұрады. Бұл бағыттағы ақпараттық түсіндіру жұмыстары аудандағы А.Дәрібаев және Көкмардан жалпы білім беретін мектептерінде жалғасын тапты. Іс-шараға Түркістан облысы Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Қайсар Мырзабай және Отырар ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің дін істері жөніндегі сектор меңгерушісі Ғалымжан Сарсеков қатысты. Кездесуде «Заң мен Тәртіп» қағидатын ілгерілетуге бағытталған дін саласына қатысты ақпарат беріліп, заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіпті сақтау – ел тұрақтылығы мен азаматтардың қауіпсіздігінің басты кепілі екендігі айтылды.

Қазақстан Республикасы – зайырлы мемлекет. Бұл дегеніміз – мемлекет пен діннің бөлінгендігі, әр азаматтың ар-ождан және діни сенім бостандығына кепілдік берілуі. Сонымен қатар зайырлылық дінді жоққа шығару емес, керісінше, діни сенімді заң аясында жүзеге асыруды білдіреді. Осы тұрғыда «Заң мен Тәртіп» қағидаты дін саласында ерекше рөл атқарады. «Заң мен Тәртіп» қағидаты ең алдымен заң талаптарын бұлжытпай орындау және қоғамдағы ортақ тәртіпті сақтау ұстанымына негізделген. Дін саласында бұл қағидат діни қызметтің тек қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізілуін талап етеді. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, барлық діни бірлестіктер міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс. Тіркелмеген діни қызметке, заңсыз уағыз айтуға немесе белгісіз діни ағымдарды насихаттауға жол берілмейді.

« – Жалпы еліміздегі негізгі заң талаптары ешбір дінді шектеу мақсатында емес, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, діни алауыздықтың алдын алу және қоғамда тұрақтылықты сақтау үшін енгізілген. Өйткені заңсыз діни қызмет көбіне экстремистік және радикалды идеялардың таралуына жол ашады. «Заң мен Тәртіп» қағидатының тағы бір маңызды бағыты – діни экстремизм мен радикализмнің алдын алу. Экстремизм – діннің шынайы мазмұнын бұрмалап, оны зорлық-зомбылыққа, төзімсіздікке және заңсыз әрекеттерге пайдаланатын қауіпті құбылыс. Мұндай идеологиялар қоғамда алауыздық тудырып, мемлекет қауіпсіздігіне тікелей қауіп келтіреді. Экстремистік ағымдар көбіне жастарды нысанаға алады. Интернет пен әлеуметтік желілер арқылы таралатын жалған діни ақпараттар, эмоцияға әсер ететін бейнероликтер мен жалған уағыздар жастарды адастыруы мүмкін. Сондықтан «Заң мен Тәртіп» қағидаты діни мазмұндағы ақпараттың заңдылығына, сенімділігіне және қоғамға зиян келтірмеуіне баса мән береді. Сонымен қатар бұл қағидат қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау мәселесін де қамтиды. Діни сенім – жеке адамның таңдауы. Алайда ол қоғамдық орындарда заң талаптарына қайшы келмеуі және өзге азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектемеуі тиіс. Қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіретін кез келген әрекет заң аясында жауапкершілікке тартылады.» – дейді Түркістан облысы Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Қайсар Мырзабай.

 

Негізі, «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында мемлекет ұлттық және дәстүрлі рухани құндылықтарды қорғауға ерекше көңіл бөледі. Қазақ халқының рухани дүниетанымында дін мен дәстүр бір-бірімен тығыз сабақтасқан. Дәстүрлі ислам қазақ қоғамында ешқашан қатігездікке, бөлінушілікке немесе заңға қарсы әрекеттерге шақырмаған. Керісінше, ол сабырлылыққа, төзімділікке, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге үндеген. Ал радикалды діни ағымдар ұлттық салт-дәстүрді жоққа шығарып, ата-баба жолын теріске шығаруға тырысады. Бұл – ұлттың рухани тұтастығына қауіп төндіретін әрекет. Сондықтан «Заң мен Тәртіп» қағидаты ұлттық мәдениет пен дәстүрді сақтауға қарсы бағытталған діни идеяларға тосқауыл қоюды көздейді.

« – Маңызды бағыттардың бірі – діни сауаттылықты арттыру. Заң мен тәртіп тек тыйым салумен шектелмейді. Ол халықтың құқықтық және діни білімін арттыруды, сыни ойлау қабілетін дамытуды қамтиды. Діни сауатты адам кез келген ақпаратты саралап, күмәнді идеологияларға ермейді, заң талаптарын құрметтейді. Бұл тұрғыда отбасының, білім беру ұйымдарының және қоғамның рөлі ерекше. Жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру, дәстүрлі құндылықтарды түсіндіру – экстремизмнің алдын алудың ең тиімді жолы.  «Заң мен Тәртіп» қағидаты дін саласында тәртіп, жауапкершілік және өзара құрмет ұғымдарымен тығыз байланысты. Әрбір азамат өз діни сенімін заң талаптарына сәйкес жүзеге асыруы тиіс. Заңды сақтау – тек міндет қана емес, қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің басты шарты.» – деген Отырар ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің дін істері жөніндегі сектор меңгерушісі Ғалымжан Сарсеков, заң мен тәртіп үстемдік еткен қоғамда ғана бірлік, келісім және қауіпсіз болашақ қалыптасатынын атап өтті.

Жалпы елімізде дәстүрлі дін мен ұлттық құндылықтар өзара үйлесім тапқан. «Заң мен Тәртіп» қағидаты ұлттық салт-дәстүрді, мәдениетті жоққа шығаратын, қоғамды бөлшектеуге бағытталған діни ағымдарға қарсы тұруды көздейді. Бұл халықтың рухани тұтастығын сақтауға бағытталған. «Заң мен Тәртіп» қағидаты діни экстремизмге, радикалды идеологияға және зорлық-зомбылықты насихаттауға қатаң тыйым салады. Дінді желеу етіп, қоғамда араздық тудыратын, мемлекеттің тұтастығына қауіп төндіретін әрекеттер заңмен қудаланады. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды тетігі. Сондай-ақ, қатысушыларға діни мазмұндағы ақпаратты іздеу барысында тек қана ресми сайттар мен арнайы рұқсат етілген кітаптарды оқуға ғана болатыны ескертілді. Кездесу соңында сұрақтар қойылып, дінтанушы маман тарапынан толыққанды жауап берілді.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*