Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған облыстық «Жеңіске тағзым» патриоттық ән байқауында Созақ ауданының намысын абыроймен қорғаған «Сырлы Созақ» квартеті жоғары кәсіби деңгейін танытып, жүлделі I орынды иеленді. Бұл байқау – Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен батыр бабаларымыздың рухына тағзым етіп, патриоттық ән арқылы жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік рухты сіңіруді мақсат еткен маңызды мәдени шаралардың бірі. Осындай мазмұнды әрі жауапты байқауда «Сырлы Созақ» квартетінің топ жарып шығуы – үлкен жетістік.

Квартет мүшелері байқау барысында мазмұны терең, рухы асқақ патриоттық әнді жоғары орындаушылық шеберлікпен жеткізіп, көрермендер мен қазылар алқасының зор ықыласына бөленді. Орындау мәнерінің нақтылығы, сахналық мәдениеті мен көркемдік үйлесімі ұжымның кәсіби деңгейін айқын көрсетті. «Сырлы Созақ» квартеті – ұлттық өнерді дәріптеп, қазақтың дәстүрлі ән-күйі мен заманауи шығармаларды үйлестіре орындайтын шығармашылық ұжым.

Квартет репертуарында халық әндері, лирикалық туындылар, патриоттық және эстрадалық бағыттағы шығармалар бар. Бұл жеңіс – өнерпаздардың ұзақ жылғы ізденісі мен тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Сонымен қатар, ол Созақ ауданының мәдени әлеуетінің жоғары екенін дәлелдеп, аудан өнерпаздарының облыстық деңгейде лайықты орын алатынын тағы бір мәрте көрсетті. Квартет мәдени-көпшілік іс-шараларда, мерекелік концерттерде және рухани-мәдени бағдарламаларда өнер көрсетіп, тыңдарман ықыласына бөленіп келеді.

« – Құрметті ардагерлер! «Сырлы Созақ» квартетінің жүлделі I орынға ие болуы – тек ұжымның ғана емес, бүкіл Созақ ауданының мәдени өміріндегі айтулы оқиға. Бұл жетістік жас өнерпаздарға үлкен серпін беріп, патриоттық ән өнерінің дамуына оң ықпал ететіні сөзсіз. «Жеңіске тағзым» патриоттық ән байқауында ауданымыздың намысын қорғаған «Сырлы Созақ» квартеті жүлделі I орынды иеленді деген қуанышты хабарды зор ризашылықпен қабылдадық. Өнерлеріңізбен көпке үлгі болып, әсем әндеріңізбен жүректерге жылу сыйлап жүрген қадірлі ардагерлерімізге шын жүректен алғыс білдіремін. Ұрпақ тәрбиесімен қатар, өнерді өркендетіп, әрдайым белсенділік танытып келетін Сіздердің жеңістеріңіз – бүкіл Созақ жұртының ортақ қуанышы, бәріміздің жеңісіміз. Өнер арқылы ел тарихын ұлықтап, Ұлы Жеңістің маңызын дәріптеген «Сырлы Созақ» квартетінің алдағы шығармашылық жолына толағай табыс тілейміз. Осындай биік белестерді бағындыра берулеріне шын жүректен тілектеспіз.» – деп, өз алғысын білдірді Созақ ауданы әкімі Мұхит Тұрысбеков