Бүгінгі таңда су ресурстарын қорғау және тиімді пайдалану – мемлекет пен қоғам үшін аса маңызды стратегиялық міндеттердің бірі болып табылады. Климаттың өзгеруі, халық санының артуы, ауыл шаруашылығы мен өндірістің кеңеюі суға деген сұранысты күшейтіп отыр. Осындай жағдайда су ресурстарын басқаруда цифрлық жүйелерді енгізу – уақыт талабы. Су ресурстары және ирригация министрлігі, «Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ және «Қазсушар» РМК мамандарынан құралған жұмыс тобы Түркістан облысының Жетісай, Мақтаарал, Шардара, Созақ және Отырар аудандарында жаңа биллинг ақпараттық жүйесін пилоттық режимде енгізуді бастады.

Мамандар шаруалармен, канал басшыларымен және су пайдаланушылар бірлестіктерінің өкілдерімен кездесіп, жаңа жүйенің жұмыс қағидаларын таныстырып жатыр. Сонымен қатар пилоттық аудандарда туындаған техникалық және ұйымдастырушылық мәселелер шешіліп, су есебі мен қызмет көрсету процесін цифрландыруға біртіндеп көшу қамтамасыз етіліп жатыр. Жүйенің негізгі мақсаты – құжат айналымын және фермерлер мен су пайдаланушылардың суаруға су беру жөніндегі өтініштерін толығымен цифрлық форматқа көшіру. Цифрлық платформа сондай-ақ онлайн түрде төлем жүргізуге және көрсетілген қызметтер бойынша орындалған жұмыс актілерін алуға мүмкіндік береді.

Жүйе бірыңғай жер кадастрымен, салық жүйесімен және Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесімен интеграцияланады. Бұл пайдаланушылардың қатысуынсыз барлық қажетті деректерді автоматты түрде алуға жағдай жасайды. Өтініштер электрондық цифрлық қолтаңба арқылы бірнеше минутта ресімделеді, ал электронды келісімшарт су беру кезегін автоматты түрде анықтайды. Төлемдер мобильді қосымшалар немесе интернет-банкинг арқылы жүзеге асырылады. Барлық құжат пен қаржылық операция пайдаланушының жеке кабинетінде қолжетімді болады.

« – Цифрлық биллинг платформасын енгізу су шаруашылығы процестерінің ашықтығы мен тиімділігін арттырады. Жүйе су беру және тұтыну көлемдерін нақты бақылауға, сондай-ақ су ресурстарын тиімді жоспарлау мен басқаруға мүмкіндік береді. Ең алдымен, су ресурстарын қорғауда цифрландырудың маңызына тоқталғым келеді. Цифрлық технологиялар су көздерінің нақты жағдайын онлайн режимде бақылауға мүмкіндік береді. Арнайы датчиктер, автоматтандырылған есептеу құралдары мен спутниктік мониторинг жүйелері арқылы су деңгейі, сапасы және шығыны тұрақты түрде қадағаланады. Бұл су ысырабының алдын алуға және төтенше жағдайларды дер кезінде анықтауға жағдай жасайды.Су үнемдеуде цифрлық жүйелердің тиімділігі жоғары. Ауыл шаруашылығында «ақылды суару» технологияларын енгізу арқылы су нақты қажеттілікке сай беріледі. Бұл егіннің өнімділігін арттырып қана қоймай, судың шамадан тыс пайдаланылуын азайтады. Сонымен қатар, су тұтынуды цифрлық есепке алу жүйесі әрбір тұтынушының пайдаланған су көлемін дәл анықтауға мүмкіндік береді.Сондай-ақ, су ресурстарын қорғауда ашықтық пен бақылау күшейеді. Цифрлық платформалар арқылы су пайдалануға қатысты деректер бір орталықта жинақталып, талданады. Бұл басқару шешімдерін ғылыми негізде қабылдауға, жоспарлауды тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, су заңнамасының сақталуын бақылау да жеңілдейді. Одан бөлек, цифрлық жүйелер экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Су сапасын бақылау арқылы ластану көздері дер кезінде анықталып, тиісті шаралар қабылданады. Бұл өзен-көлдердің, жер асты суларының сақталуына және экожүйенің тепе-теңдігін қорғауға бағытталған маңызды қадам. Ауыл шаруашылығында су ресурстарын қорғау және тиімді пайдалануды цифрлық жүйе арқылы басқару – саланың тұрақты дамуының негізгі кепілі. Цифрландыру суды үнемдеуге, фермерлердің еңбегін жеңілдетуге және ауыл шаруашылығы өнімінің сапасы мен көлемін арттыруға жол ашады. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз.», — деді Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығының басқарма төрағасы Қайратғали Хайрулла.

Ауыл шаруашылығы – су ресурстарына тікелей тәуелді маңызды сала. Егіншілік пен мал шаруашылығының тұрақты дамуы ең алдымен су көздерінің жеткілікті әрі ұтымды пайдаланылуына байланысты. Бүгінгі таңда климаттың өзгеруі, су тапшылығы және табиғи ресурстардың азаюы жағдайында ауыл шаруашылығында су ресурстарын тиімді басқару үшін цифрлық технологияларды енгізу аса өзекті болып отыр. Экологиялық тепе-теңдікті сақтау цифрлық жүйелердің басты артықшылықтарының бірі болып табылады. Су ресурстарын шамадан тыс пайдаланудың алдын алу арқылы топырақтың тұздануы мен жердің тозуы азаяды. Бұл ауыл шаруашылығы жерлерінің ұзақ мерзімді өнімділігін сақтауға мүмкіндік береді.

« – Ауыл шаруашылығы үшін су – басты байлық. Су болса – өнім бар, су болмаса – еңбек зая кетеді. Сондықтан суды ысырап қылмай, орнымен пайдалану – әрқайсымыздың міндетіміз. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан су есептеу мен суаруды цифрлық жүйеге көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл дегеніміз – су каналдарына арнайы есептегіштер орнатылады, қанша су келді, қанша су пайдаланылды – бәрі нақты есепке алынады. Мұның басты пайдасы – су әділ бөлінеді, артық кету, талас-тартыс азаяды. Мұндай жүйе суды бұрынғыдай мөлшерсіз бере салмайды. Топырақтың ылғалын, ауа райын ескеріп, егінге қажет кезінде ғана су береді. Нәтижесінде: су 30–40 пайызға дейін үнемделеді; егін күйіп кетпейді, өнім көбейеді; электр қуаты мен жанармай шығыны азаяды. Сонымен қатар, цифрлық жүйе фермердің өзіне де жеңілдік береді. Телефон арқылы суару уақытын бақылауға, қанша су кеткенін көруге болады. Бұл – уақыт үнемдеу, артық шығыннан құтылу деген сөз. Тағы бір маңызды мәселе – жердің тозуы. Артық суару топырақты тұздандырып, жердің құнарын кетіреді. Ал цифрлық жүйе арқылы су нормамен берілетіндіктен, жер де, су да сақталады. Бұл – болашақта балаларымызға қалатын байлық.» – деп сөзін қорытындылады Қайратғали Хайрулла.

Қорыта айтқанда, цифрлық суару жүйесі – фермерге қарсы емес, керісінше фермердің пайдасы үшін жасалып жатқан жұмыс. Суды үнемдеп, өнімді көбейтіп, еңбектің нәтижесін арттыру – шаруалардың да ортақ мақсаты болып табылады. Сондықтан мамандар жаңа жүйелерге түсіністікпен қарап, бірге жұмыс істеуге шақырды.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*