Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан облысы Сарыағаш ауданына қарасты Әлімтау, Жылға және Дарбаза ауылдық округтерінің бірқатар елді мекенінде орталықтандырылған ауыз су жүйесі іске қосылды. Салтанатты шараға аудан әкімі Арман Абдуллаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Рысбек Асылбекұлы, депутаттар мен жергілікті тұрғындар қатысты. Аудан әкімі Арман Абдуллаев ауыл тұрғындарынның қуанышын бөлісіп, құттықтады.

« – Тәуелсіздік күні қарсаңында ауданымыздағы шалғай елді мекендердің таза ауыз суға қол жеткізуі – мемлекетіміздің халық игілігі жолындағы табанды еңбегінің нақты нәтижесі. Президентіміздің тапсырмасы аясында мемлекетке қайтарылған активтерді әлеуметтік маңызы жоғары жобаларға бағыттау – елдің әл-ауқатын көтеруге бағытталған маңызды қадам. Бүгін іске қосылған жаңа ауыз су жүйесі мыңдаған тұрғынның тұрмыс сапасын жақсартуға септігін тигізеді. Бұл – ауданымыздың даму жолындағы үлкен жетістік. Сапалы ауыз сумен қамтудың ауыл тұрғындары үшін пайдасы өте мол деп айтуға болады. Ауыз су – адам өміріндегі ең қажетті байлықтың бірі. Су бар жерде тіршілік бар, денсаулық бар, береке бар. Сондықтан ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – елдің ең маңызды әлеуметтік мәселелерінің бірі болып саналады. Бұрын ауылдарда су тапшылығы көп болды. Көпшілік құдықтан су тартты, арықтың немесе ашық су көздерінің суын пайдаланды. Мұндай су әрдайым таза бола бермейді, оның денсаулыққа зияны да аз емес. Ал қазіргі таңда ауылдарға орталықтандырылған таза ауыз су жүйесі тартылып, тұрғындардың тұрмысы айтарлықтай жеңілдеді. Ең алдымен, сапалы ауыз су – халық денсаулығының кепілі. Таза су ішкен адам сирек ауырады. Асқазан-ішек аурулары, түрлі жұқпалы дерттер азаяды. Балалардың денсаулығы нығайып, қарттардың жағдайы жақсарады. Бұл – әр отбасы үшін үлкен пайда. Сапалы ауыз су ауыл тұрмысына үлкен жеңілдік әкеледі. Бұрын су тасып, құдыққа бару үшін уақыт пен күш кететін. Қазір үйге су келген соң, әйелдер мен балалардың еңбегі жеңілдеді. Үнемделген уақытты үй шаруасына, малға, бау-бақшаға немесе балалардың оқуына жұмсауға мүмкіндік туды.Ауыз судың болуы ауыл шаруашылығына да оң әсер етеді. Су тұрақты болған жерде бау-бақша егу, көкөніс өсіру жеңілдейді. Мал суару мәселесі де оңай шешіледі. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының табысын арттырып, отбасылық шаруашылықты дамытуға жол ашады. Жалпы апалы ауыз су ауылдың көркеюіне ықпал етеді. Су жүйесі бар елді мекендерде санитарлық жағдай жақсарып, көшелер мен аулалар таза болады. Мектептер, балабақшалар, медицина пункттері таза сумен қамтамасыз етіліп, халыққа көрсетілетін қызмет сапасы артады. Сонымен қатар, ауыз су мәселесі шешілген ауылдарда жастардың тұрақтап қалуына мүмкіндік көбейеді. Жас отбасылар үшін суы, жарығы, жолы бар ауыл – өмір сүруге қолайлы орта. Бұл ауылдың болашағын сақтауға, елді мекеннің дамуына үлкен үлес қосады. Жалпы айтқанда сапалы ауыз сумен қамту – ауыл халқы үшін үлкен игілік. Ол денсаулықты нығайтады, тұрмысты жеңілдетеді, шаруашылықты дамытуға жол ашады және ауылдың болашағын қамтамасыз етеді. Әрбір үйге таза ауыз су жетуі – халықтың әл-ауқатын арттыратын ең маңызды қадамдардың бірі. Таза су – денсаулықтың бастауы, берекелі өмірдің негізі. Сондықтан ауыз суды қадірлеп, үнемдеп пайдалану – баршамыздың ортақ міндетіміз.» – деді Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев.
Мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес мемлекетке қайтарылған активтер есебінен Әлімтау ауылдық округінің Тасқұдық, Жылға ауылдық округінің Шеңгелді, сондай-ақ Дарбаза ауылдық округінің Сарысу елді мекендері орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді. Құрылыс жұмыстарын «FS Development Group» ЖШС атқарды.

Сарыағаш ауданында бүгінгі таңда 1 қала, 13 ауылдық округ бар. Онда жалпы 63 елді мекен орналасқан. Соңғы жылдары ауыз су инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде бұған дейін 79,3 пайызды құраған орталықтандырылған ауыз сумен қамту көрсеткіші айтарлықтай өсуде. Жібек жолы, Қарабау, Зортөбе, Сарқырама және Жаңақұрылыс елді мекендеріне ауыз су беріліп, көрсеткіш 85,7 пайызға жеткен болатын. Бүгін қосылған Сарысу, Тасқұдық, Шеңгелді елді мекендеріндегі ауыз су жүйесінің есебінен тіршілік нәрімен қамтылған ауылдар саны 59-ға, ал көрсеткіш 93,7 пайызға дейін артты.

Ауыз сумен қамту – халықтың тұрмыс сапасын арттырудағы ең маңызды әлеуметтік мәселелердің бірі. Осы бағытта Түркістан облысында соңғы жылдары жүйелі жұмыстар атқарылып, 2025 жылы нақты әрі айқын нәтижелерге қол жеткізілді. Жалпы, Түркістан облысы – халқы тығыз орналасқан, ауылдық елді мекендері көп өңір. Сондықтан ауыз сумен қамту мәселесі өңір үшін әрдайым басым бағыт болып келді. Мемлекет басшысының тапсырмалары мен Үкімет бекіткен бағдарламалар аясында облыста ауыз су инфрақұрылымын дамытуға қомақты қаржы бөлініп, кешенді жобалар іске асырылды. 2025 жылғы ресми мәліметтерге сәйкес, Түркістан облысындағы барлық қалалар 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Бұл – қала тұрғындарының барлығы таза әрі қауіпсіз ауыз суға толық қол жеткізіп отыр деген сөз. Ал ауылдық елді мекендер бойынша ауыз сумен қамту деңгейі 98,1 пайызға жетті. Облыс аумағындағы 750-ден астам ауылдың басым бөлігінде орталықтандырылған су жүйесі жұмыс істейді. Бұл – республика бойынша жоғары көрсеткіштердің бірі.

Атқарылған жұмыстарға тоқталар болсақ, ондаған елді мекенде жаңа су құбырлары тартылды. Ескірген су желілері қайта жаңғыртылып, тозығы жеткен инфрақұрылым кезең-кезеңімен ауыстырылды. Ауыз су сапасын жақсарту мақсатында тазарту қондырғылары орнатылды және су қысымын тұрақтандыру үшін сорғы станциялары салынды. Биылғы жылы 66 ауыз су нысанының құрылысы қаржыландырылып, оның бір бөлігі пайдалануға берілді, ал қалған нысандар жыл соңына дейін іске қосылады деп жоспарланған. Нәтижесінде 22 елді мекен алғаш рет орталықтандырылған ауыз суға қосылды.

Сонымен қатар, ауыз су инфрақұрылымының дамуы ауыл шаруашылығы мен шағын кәсіпкерліктің дамуына да серпін беріп отыр. Су тұрақты болған жерде бау-бақша, мал шаруашылығы, қайта өңдеу салалары да қатар дамиды. Облыс әкімдігі мен жауапты басқармалар Түркістан облысын толықтай 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету міндетін алға қойып отыр. Қазіргі таңда қамтылмай отырған аз ғана елді мекендер бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, құрылыс жұмыстары жоспарланған.Айта кетейік, биылғы жылы Түркістан облысында ауыз сумен қамту саласында тарихи маңызы бар нәтижелерге қол жеткізілді. Қалалар толық қамтылды, ауылдық елді мекендердің басым бөлігі таза ауыз суға қол жеткізді. Бұл – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты қадамдар.