Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан облысы Сарыағаш ауданына қарасты Жартытөбе ауылдық округіндегі Достық елді мекені орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Аталған нысанның іске қосылуына арналған салтанатты шараға Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, аудандық мәслихат депутаттары, сондай-ақ ел ағалары мен ауыл тұрғындары да қатысты. Салтанатты жиында ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, аудан басшысына алғыстарын білдірді. Бұл қуанышты жаңалық ауылдың әлеуетін көтеріп, тұрмысын жақсартатынын атап өтті.

« – Ауыл тұрғындары атынан ең алдымен мемлекетке, облыс және аудан басшылығына, осы іске атсалысқан барлық мамандар мен құрылысшыларға шынайы алғысымызды білдіреміз. Жылдар бойы күткен таза ауыз судың әр үйге жетуі – халықтың өмір сапасын айтарлықтай жақсартады. Су дегеніміз тіршіліктің негізі, өмірдің өзегі ғой. Осы қарапайым, бірақ аса маңызды игіліктің қадірін ауыл халқы жақсы біледі. Себебі таза ауыз су әр үйге жетпеген кезеңдер ауыл тұрғындарының жадында әлі де сақтаулы. Сондықтан бүгінде ауылдарға сапалы ауыз су жүйесі тартылып, халықтың тұрмысы жақсаруы – барша тұрғындар үшін үлкен қуаныш әрі зор жетістік болып отыр. Сонымен қатар, таза ауыз су ауылдың көркеюіне және болашағына сенім ұялатады. Су жүйесі бар ауылдар тартымды бола бастайды. Осы орайда, ауыл халқы атынан ауыз сумен қамту жобасын жүзеге асырған барша азаматтарға тағы да алғыс айтамыз. Бұл игілікті іс алдағы уақытта да жалғасын тауып, еліміздегі әрбір ауыл таза ауыз сумен толық қамтамасыз етіледі деп сенеміз.  Таза су – денсаулықтың кепілі, берекелі өмірдің бастауы. Осындай маңызды мәселені шешіп берген өңір басшыларына ауыл тұрғындары әрдайым ризашылығын білдіреді.» – деді ауыл қариялары.

Жартытөбе ауылдық округіне қарасты Достық елді мекенін ауыз сумен қамту мақсатында республикалық бюджеттен қаржы қаралып, құрылыс жұмыстарын «Универсал Строй Сервис» ЖШС жүзеге асырды. Жоба аясында сыйымдылығы 500 текше метр болатын 2 су резервуары, бірінші және екінші көтерілімдегі насостық станциялар, сондай-ақ қуаттылығы 63 кВА трансформатор қондырғысы орнатылды. Нәтижесінде 890 абонент таза ауыз сумен қамтылып, атқарылған жұмыстардың игілігін көруде. Айта кетейік, биыл Сарыағаш ауданында жалпы 8 елді мекен орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Ауыз сумен қамту деңгейі 12,76 пайызға артып, 92,1 пайызды құрады.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*