Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені республикада ерекше орын алады. Еліміздегі жалпы өнім көлемінің 13% өңірге тиесілі немесе жыл сайын 1 трлн. теңгеден астам өнім өндіріледі. Биыл су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланып, нақты 59 мың гектар алқапқа егілді. Оның ішінде 53,7 мың гектарға тамшылатып суару, 6,2 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиялары қолданылып, жоспар 2 есе артық орындалды. Жалпы бүгінгі күнге облыста 114 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілді. Үнемделген су көлемі – 195 млн.м³. Жыл сайын 50 мың гектарға технологияны қосымша ендіру арқылы 2030 жылға қарай 364 мың гектар алқаптан 622,8 млн.текше метр су үнемдеу көзделіп отыр. Cу үнемдеу технологиялары өндірісін дамыту, қолжетімділігін арттыру мақсатында қуаттылығы 163 мың гектар алқапты қамтитын 4 кәсіпорын іске қосылды. Сонымен қатар 2026 жылы жылдық қуаттылығы 30 мың гектар алқапты құрайтын 2 кәсіпорын іске қосылады. Мақта мен күріш өсіруде жаңа су үнемдеу технологиялары қолданылып, нәтижесінде артық өнім алынды.
– Су тапшылығы қазірдің өзінде халықтың өмір сүру сапасына және экономиканың тұрақты дамуына тікелей кері әсерін тигізуде, бұл су ресурстарын тиімді басқару және пайдалану тиімділігін арттыру мәселелерін ерекше өзекті етеді. Қауіп-қатерлерді азайту және агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында су үнемдейтін технологияларды, суару әдістерін және ирригациялық жүйелердің жағдайын мониторинг жүргізу тәсілдерін кеңінен енгізуді күшейту қажет. Сонымен қатар су ресурстарын заңсыз пайдалану, соның ішінде «қара нарық» жағдайларын болдырмау үшін құқық қорғау органдарының белсенді қатысуымен қарсы шаралар қабылдануы тиіс. Егіс құрылымдарын әртараптандыруға, сондай-ақ құрғақшылыққа төзімді және аз су қажет ететін дақылдарды енгізуге ерекше назар аудару қажет. Мұндай тәсіл су ресурстары шектеулі жағдайда ауыл шаруашылығы өндірісінің өнімділігін арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауылдық аймақтардың тұрақты дамуын қолдауға мүмкіндік береді. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген уақытта айтқан болатын. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірде су үнемдеу технологияларын енгізуге және өндіріс орындарын ашуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытына басымдық беріліп отырғанын мәлімдеп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен су үнемдеу технологияларын енгізу, су нысандарын реттеу жұмыстары үздіксіз жүріп жатқанын жеткізген еді.
Расында Түркістан облысы бұл бағытта нақты жобаларды жүзеге асырып келеді. Су үнемдеу технологиясын енгізу – облыстың ауыл шаруашылығындағы стратегиялық бағыты. Өңір климатының құрғақтығы, егіншілік пен мал шаруашылығына тәуелділік суға деген сұранысты жылдан-жылға арттырып отыр. Осыған байланысты соңғы жылдары облыста су үнемдеу технологияларын енгізу мемлекеттік деңгейдегі басым бағыттардың біріне айналды. Бүгінде Түркістан облысында су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында тамшылатып суару, жаңбырлатып суару және цифрлық су басқару жүйелері кезең-кезеңімен енгізілуде. Бұл жұмыстар ең алдымен ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі таңда облыстың бірқатар аудандарында егін алқаптарына тамшылатып суару жүйесі кеңінен қолданылып келеді. Бұл технология суды тікелей өсімдіктің тамырына жеткізу арқылы су шығынын 40–50 пайызға дейін азайтады, топырақтың тұздануын тежейді, өнімнің сапасы мен көлемін арттырады, – дейді ауыл шаруашылығының мамандары.
Сонымен қатар, жаңбырлатып суару әдісі мал азықтық дақылдар мен жайылымдық алқаптарда тиімді қолданылуда. Бұл әдіс жердің ылғалдылығын біркелкі сақтауға мүмкіндік береді. Жалпы бұл жобаның ауыл шаруашылығына тигізіп отырған пайдасы орасан мол. Сала мамандарының айтуынша, су үнемдеу технологияларын енгізудің нәтижесінде өңірде су тапшылығының алдын алу мүмкіндігі артқан және егістік алқаптарда өнімділік өсе бастаған. Сондай-ақ, шаруалардың шығыны азайып, табысы көбейген. Одан бөлек, суды әділ әрі жоспарлы бөлу жүйесі қалыптасып келеді екен. Ал, шаруа қожалық иелерінің айтуынша, тамшылатып суару енгізілген алқаптарда өнім бұрынғыдан ерте пісіп, сапасы жақсарған. Бұл нарыққа өнімді дер кезінде шығаруға мүмкіндік беріп отыр.
Соңғы кезеңде облыста су ресурстарын цифрлық бақылау және есепке алу жүйелері де енгізіле бастады. Бұл жүйелер арқылы су арналарының жағдайы бақыланады және судың нақты көлемі есепке алынады, сондай-ақ заңсыз су алу деректерінің алдын алу мүмкіндігі артады. Цифрландыру су ресурстарын қорғау және пайдаланудағы тәртіпті күшейтіп, әділдікті қамтамасыз етуге жол ашуда.
Ауыл тұрғындары мен шаруалар үшін су үнемдеу технологиялары – бұл тек техникалық жаңалық емес, ауыл болашағын сақтаудың кепілі. Су үнемделсе келер ұрпаққа су қоры сақталады және ауыл шаруашылығы тұрақты дамиды, экологиялық тепе-теңдік бұзылмайды. Бүгінде көптеген шаруалар жаңа технологияларға бейімделіп, өз тәжірибелерімен бөлісе бастады. Бұл – су мәдениетінің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.Жалпы бұл заманауи технологияларды енгізу – уақыт талабы. Бұл бағыттағы жұмыстар ауыл шаруашылығының тиімділігін арттырып қана қоймай, су тапшылығының алдын алып, өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.