Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес Кентау қаласына қарасты Ащысай ауылындағы түсті металл комбинаты руднигінің металлургиялық цехына тиесілі қалдықтар қоймасы мен ауыл шетіндегі өндірістік шахта қалдықтарын тиімді пайдалану және қайта өңдеу бағытындағы жұмыстар жүргізілуде. Аталған қалдықтарды шаруашылық айналымға тарту арқылы экологиялық жүктемені төмендету, өндірістік әлеуетті арттыру және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беру көзделіп отыр.
Осыған орай облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов шетелдік инвесторлармен кездесу өткізді. Аталған жобаға қызығушылық танытқан Hubei Nonmetallic Geological Company компаниясы нысанның инвестициялық тартымдылығын жан-жақты зерделеу, шлак жинақтарының ресурстық және технологиялық әлеуетін бағалау, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен әлеуетті инвесторлар арасындағы өзара іс-қимылдың ықтимал форматтарын айқындау мақсатында арнайы кездесу ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Кездесу барысында өнеркәсіптік қалдықтарды тиімді игеру жолдары, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері, сондай-ақ жобаны іске асырудың кезеңдері мен негізгі шарттары жан-жақты талқыланды.

Hubei Nonmetallic Geological Company тексеру және зерттеу жұмыстарын жүргізу, оның ішінде геологиялық барлау және зертханалық зерттеулер саласында мол тәжірибеге ие. Компания бұған дейін Қазақстан Республикасының бірқатар өңірлерінде, атап айтқанда Ақтөбе, Алматы және Шиелі аймақтарында осындай жобаларды табысты жүзеге асырған. Аталған бастама өңірдегі өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу арқылы экологиялық жүктемені азайтуға, инвестициялық ахуалды жақсартуға және өңір экономикасының тұрақты дамуына серпін беруге бағытталған.
Ащысайдың өндірістік әлеуеті өте жоғары және өңір дамуының берік негізі бола алады. Түркістан облысының өнеркәсіптік дамуында өзіндік орны бар, өндірістік әлеуеті жоғары аумақтардың бірі. Географиялық орналасуы, жер қойнауындағы пайдалы қазбалар қоры және еңбек ресурстарының жеткілікті болуы Ащысайды өндіріс пен кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы аймақ ретінде қалыптастырды. Бұл аймақтың өндірістік әлеуетінің негізін тау-кен және өңдеу өнеркәсібі құрайды. Елді мекен маңында құрылыс материалдарына қажетті шикізат көздерінің болуы өндірістің осы бағытын дамытуға мүмкіндік береді. Әсіресе әк, инертті материалдар және басқа да құрылысқа қажетті өнім түрлерін өндіру жергілікті экономикаға серпін беретіні сөзсіз. Мұндай жобалар облыстың ішкі нарығын қамтамасыз етіп қана қоймай, алдағы уақытта көршілес өңірлерге өнім жеткізу әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік беруі мүмкін.
Ал, өндірістің дамуы жұмыс орындарының көбеюіне тікелей әсер етеді.Болашақта Ащысайда кәсіпорындар іске қосылатын болса жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып, ауыл халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндіктер арта түседі. Сонымен қатар өндіріс орындары салынса, ауылдағы шағын және орта бизнестің дамуына жол ашады. Өндіріс орындарының айналасында қызмет көрсету, тасымалдау, техникалық қызмет көрсету және қосалқы өндірістер қалыптасатыны да анық. Бұл өз кезегінде шет елдік инвесторлар мен жергілікті кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады. Алдағы кезеңде инфрақұрылымды жаңғырту арқылы өндірістердің тиімділігін арттыру да көзделуде. Себебі инфрақұрылымдық мүмкіндіктер де Ащысайдың өндірістік әлеуетін күшейте түседі. Электр энергиясы, көлік қатынасы және инженерлік желілердің қолжетімділігі өндіріс көлемін ұлғайтуға және жаңа инвестициялық жобаларды тартуға негіз болады.

Экологиялық қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмайды. Алдағы уақытта жүзеге асырылатын өндіріс орындарында экологиялық талаптарды сақтау, қалдықтарды азайту және өндірістік процестерді жаңғырту бағытында жұмыстар жүргізілетін болады. Бұл табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланып, өңірдің экологиялық тепе-теңдігін сақтауға мүмкіндік береді. Ащысайдың өндірістік әлеуеті – өңір экономикасының маңызды тіректерінің бірі. Өндіріс көлемінің артуы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы және кәсіпкерліктің дамуы елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартып, Түркістан облысының жалпы даму көрсеткіштеріне де оң ықпал етеді. Сондықтан, алдағы уақытта инвестиция тарту мен өндірісті жаңғырту арқылы Ащысайдың мүмкіндіктері одан әрі кеңейтуге нақты жоспарлар жасалуда.
Бүгінде Ащысай ауылында 1 мектепке дейінгі білім беру ұйымы, 2 жалпы білім беретін мектеп, 1 мәдениет үйі, 1 кітапхана, 2 спорт алаңшасы және 1 пошта байланыс бөлімшесі жұмыс істейді. Кезінде өндірісімен танылған елді мекенде қазіргі таңда шамамен 2 мың тұрғын бар. Ауылдағы жолдардың жалпы ұзындығы 15,12 шақырымды құрайды.