Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Сарыағаш ауданында әр аптаның сенбі күні кең ауқымды тазалық жұмыстары ұйымдастырылып, тұрақты түрде жалғасып келеді. Кезекті сенбілік барысында республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар тас жолдардың бойында, сондай-ақ елді мекендердің ішкі көшелерінде кең көлемді тазалық жұмыстары жүргізілді. Таңертеңнен басталған шараға Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевпен бірге 13 ауылдық округ пен қала әкімдіктері, мемлекеттік мекемелер мен бөлімдер, жастар белсенді түрде қатысты.

«– Мемлекет басшысының бастамасын қолдау және аудан тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында тазалық жұмыстары қарқынды ұйымдастырылуда. Қоршаған ортаны қорғау – әр азаматтың борышы. Тазалықты сақтау – күнделікті өмір салтымызға айналуы тиіс. Туған жеріміздің тазалығы – өз қолымызда. Осы ретте баршаңызды «Таза Қазақстан» бағдарламасына белсенді атсалысуға шақырамын,» – деп аудан әкімі Арман Абдуллаев сенбіліктің маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар, аудан басшысы қала аумағын аралау барысында Сарыағаш қаласының әкіміне кәсіпкерлер арасында тазалық талаптарын сақтау бойынша ескерту жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ салаға жауапты басшыларға сенбілікті ұйымдастыруды жүйелі түрде күшейту міндеттелді. Сенбілік барысында бей-берекет тасталған күл-қоқыстар жиналып, жабайы шөптер шабылды, қураған ағаш бұтақтары кесілді, арық-атыздар қоқыстан тазартылды. Атқарылған барлық жұмыстар аудан аумағының экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталды.

«Таза Қазақстан» бағдарламасының негізгі мақсаты – тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатқа жанашырлықпен қарауды насихаттау, сондай-ақ «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаты негізінде отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілікті арттыру.

Сондай-ақ, Кентау қаласында да  «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында жалпыхалықтық сенбілік өтті. Игі шараға қала әкімі Жандос Тасов арнайы қатысып, сенбіліктің экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы маңыздылығын атап өтті. Аталмыш тазалық шарасына 3 мыңға жуық қала тұрғыны, 17 арнайы техника тартылды. Сенбілік барысында тұрғындар қаладағы көшелер мен арықтарды, қоғамдық аумақтарды тазалап, 40 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.

Сонымен қатар, сенбілікте Кентау қаласындағы кіреберіс аймаққа 2 мыңға жуық тал көшеттері отырғызылды. Жалпы қалалық сенбілік пен ағаш отырғызу шарасы Кентау қаласының экологиялық ахуалын жақсартуға, тұрғындар арасында табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

«Таза Қазақстан» Республикалық шарасы аясында Созақ ауданы бойынша да барлық ауылдар мен елді мекендерде жалпыаудандық сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды.

Сенбілікке барлық мекеме қызметкерлері, белсенді жастар мен тұрғындар атсалысты. Тазалық жұмыстары кезінде аялдамаларды, бұлақ пен арық бойларына тазалық жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ әр мекеме қызметкерлері өздеріне бөлінген сектор аумағы мен саябақтарды абаттандыруға атсалысты. Аяқ жолдарды ретке келтірді. Қураған шөптерді отап, тұрмыстық қалдықтардан тазартты.

Қазығұрт ауданында да ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Ауданға қарасты барлық ауыл округтерінде өткен сенбілік жұмыстарына мемлекеттік қызметкерлер, зиялы қауым өкілдері, ауыл тұрғындары мен жастар белсенді қатысты. Тазалық барысында көше бойы мен қоғамдық аумақтар, арық-атыздар қоқыстан тазартылды. Сонымен қатар күзгі ағаш отырғызу акциясы өткізіліп, ауданның жасыл желегін көбейтуге бағытталған игі қадамдар жүзеге асты. Аудан әкімі Азизхан Исмаилов тазалық жұмыстары жүргізілген аймақтарды аралап, ұйымдастыру деңгейіне назар аударды. Сондай-ақ жауапты сала басшыларына аудан аумағындағы тазалықты тұрақты бақылауда ұстап, тиісті жұмыстарды сапалы әрі уақытылы орындауды тапсырды.

Сансыз бабтар мекені Сайрамда өткен сенбілікке 4 мыңға жуық адам атсалысты. Тазалық жұмыстары барысында ауданға қарасты 11 ауылдық округте бей-берекет тасталған күл-қоқыстар жиналып, шөптер шабылды. Сондай-ақ, қураған ағаш бұтақтары кесіліп, арық-атыздар қалдықтардан тазартылды. Сонымен қатар, ауданның табиғи келбетін жақсарту әрі жасыл желекті көбейту мақсатында Ақбұлақ-Қарамұрт бағытындағы тас жол бойына 400 түп қара ағаш көшеті отырғызылды.

Сенбілікке жалпы саны 3 872 адам қатысып, 15 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 13 тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдық шығарылды. Шара – қоршаған ортаны тазартып, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған. Ауқымды сенбілік – ауданның экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, қоғамның бірігуіне, ортақ іске атсалысуға серпін берді.

Бөлісу
fb-share-icon

от TAQ.KZ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*