ҚР Оқу-ағарту министрлігі елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жалпыұлттық сипат алған «Таза Қазақстан» идеясын білім беру жүйесіне енгізу бағытында кешенді жұмыстарды бастады. Бұл туралы бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру мәселелері жөніндегі кеңесте Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова баяндады.

Министр бұл бағытта «Таза Қазақстан» бастамасы тұлға тәрбиесімен ұштастырылып, білім мазмұны жаңа құндылықтармен толықтырылатынын жеткізді. Жаңартылған оқу бағдарламаларына экологиялық мәдениет пен тұрақты даму мазмұны енгізілді. Жаратылыстану, физика, химия, биология, география, тіл мен әдебиет, адам және қоғам, технология және өнер пәндерінде экологиялық мәселелер, табиғатты қорғау, энергияны үнемдеу, қалдықтарды қайта өңдеу арқылы зерттеу дағдылары кеңейтілді. Бұл өзгерістер оқушылардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыратын мінез-құлықты қалыптастыруға және дамытуға ықпал етеді.

«Біз бүгінде білім саласында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Оның негізінде – Заң мен Тәртіп, Еңбек адамы және «Таза Қазақстан» идеясы жүзеге асырылады. Үш идея қоғамды топтастыруға жұмыс жасайды. Ең алдымен, жаңа мазмұн сабақ барысында, сабақтан тыс уақытта мектеп және мектептен тыс шаралар арқылы бұрынғыдан кең форматта жүзеге асырылады», – деді еліміздің Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова

Министрлікпен «Таза Қазақстан» бастамасы аясында алты әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда. Жастар арасында «Таза Қазақстан» тақырыбында эссе байқауы ұйымдастырылды. Тұжырымдама аясындағы кешенді жұмыстарға оқушылармен бірге ата-аналар да белсенді түрде тартылуда.

Бүгінде «Жасыл балабақша» жобасымен 186 мектепке дейінгі білім беру ұйымы, мектептерде 125 мыңнан астам оқушыны қамтыған 4 мыңнан астам «Жасыл клуб» белсенді қызмет атқаруда. Сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау, азаматтық жауапкершілікті арттыруға арналған 40 мыңнан астам баланы қамтитын жас натуралистер мен жас туристер станциялары бар.

Расында тазалық – тәрбиенің бастауы екені бәрімізге белгілі. Мемлекет басшысының бастамасы мен аталған бағдарламадағы басым бағыттарға  Түркістан облысының және қаласының білім ордалары әрдайым қолдау танытып келеді. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында белсенді түрде тазалық жұмыстары мен сенбіліктерді ұйымдастыруда.

Атап айтар болсақ, С.Сейфуллин атындағы №4 мектеп-лицейі еліміздің мерейлі мерекесі Тәуелсіздік күні қарсаңында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын өткізді. Іс-шараға білім мекемесінің ер азаматтары белсене қатысты. Аталған акцияның басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, тазалық мәдениетін насихаттау және қоғамда экологиялық жауапкершілікті арттыру.

« – Осындай экологиялық бағыттағы игі істер туған жерге деген құрметті күшейтіп, қоғамдық белсенділік пен азаматтық жауапкершілікті нақты әрекеттер арқылы көрсетуге мүмкіндік береді. Тазалық – елдік сана мен ортақ жауапкершіліктің айқын көрінісі. Таза Қазақстан – жарқын болашақтың кепілі!» – дейді мектеп ұжымы.

Сонымен қатар, Түркістан қаласының білім бөлімінің 08.12.2025 жылғы №41-03/4500 хатына сәйкес «№31 бастауыш мектеп-балабақша»  кешені коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 2025 жылдың 20 желтоқсанда «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» акция аясында сенбілік тазалық жұмыстары жүргізілді. Сенбілік жұмыстарына мектеп-балабақша қызметкерлері белсенділік танытып, өз үлестерін қосып, жауапкершілік таныта білді. Сенбілік арқылы экологиялық мәдениетті қалыптастыру,ортақ іске жұмыла отырып,балалар үшін қолайлы әрі салауатты орта жасау басты назарда болды. Таза орта-сапалы тәрбие мен берекелі ұжымның негізі.

Жалпы, елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы тек экологиялық акция ретінде ғана емес, ұрпақ тәрбиесінің маңызды бағытына айналып келеді. Соған орай білім беру саласында да үлкен өзгерістер жасалып, оқу-тәрбие бағдарламалары «Таза Қазақстан» құндылықтарымен жүйелі түрде толықтырылуда. Бұл жұмыстың басты мақсаты балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, табиғатқа жанашырлық сезімін тәрбиелеу, туған жерге жауапкершілікпен қарауды үйрету және тазалық, тәртіп, ұқыптылық құндылықтарын санаға сіңіру.

Бұл бағдарлама аясында қоршаған ортаны қорғау, экология, су мен жер ресурстарын сақтау, тазалық мәдениеті жөніндегі мазмұн кеңейтіліп енгізілуде. Мектептерде «Таза сынып – таза мектеп», «Жас эколог», «Менің таза аулам – менің жауапкершілігім» сияқты жобалар да іске асырылады деп жоспарланған. Экологиялық сананы қалыптастыру бағытында оқушыларға табиғатты қорғаудың маңызы түсіндіріледі. Сонымен қатар, қоқысты сұрыптау мәдениеті үйретіледі жіне су мен энергияны үнемдеу, туған жерге деген жанашырлық сезімін қалыптастыру бойынша насихат жүргізіледі. Бұл – тек мектеп қабырғасындағы жұмыс емес, өмірлік дағды қалыптастыруға бағытталған тұрақты тәрбие.

Мемлекет басшысының бастамасымен іске асып жатқан «Таза Қазақстан» жобасы тек акция емес, ұлттық құндылыққа айналуы тиіс идея. Оқу бағдарламасына енгізілген өзгерістер арқылы жалаң ұрандар емес, нақты тәрбиелік нәтижеге қол жеткізуге болады. Экологиялық мәдениеті жоғары, жауапкершілігі зор, елінің болашағын ойлайтын саналы ұрпақ тәрбиелеу –ортақ міндет болып табылады. Таза ойлы ұрпақ – Таза Қазақстанның негізі!

 

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*