Бүгінгі жаһандану дәуірінде ел экономикасын дамыту үшін шетелден инвестиция тарту аса маңызды. Ал сол инвестицияны тиімді пайдалану, нақты жобаға айналдыру үшін шетелдік инвесторлар мен жергілікті кәсіпкерлердің тікелей кездесіп, бетпе-бет келіссөздер жүргізуі үлкен рөл атқарады. Мұндай байланыс тек бизнес үшін ғана емес, бүкіл өңір мен елдің дамуына әсер етеді. Тікелей келіссөздер арқылы екі тарапта да сенім қалыптасады. Жеке кездесіп сөйлескен кезде екі жақ бір-бірінің мүмкіндігін, ниетін, жоспарын нақты көреді. Тікелей сөйлесу арқылы сенім артады, ұзақ мерзімді әріптестікке жол ашылады. Сонымен қатар, жобаны түсіну жеңілдейді. Жергілікті кәсіпкер өңірдің жағдайын, жергілікті нарықты, халықтың сұранысын жақсы біледі. Ал шетелдік инвестор қаржы, технология және тәжірибе әкеледі. Сол арқылы екі жақ бір-бірін толықтырып, ортақ тиімді шешім қабылдайды.

Осындай маңызды кездесулердің бірі Сауран ауданында ұйымдастырылды. Бұл күні қытайлық инвесторлар өздерінің өндірістік және технологиялық ұсыныстарын кеңінен таныстырып, саурандық кәсіпкерлермен тікелей B2B форматындағы келіссөздер жүргізді. Жиынға Қытайдың өнеркәсіптік жабдықтар, тамақ өнімдерін өңдеу, қаптау, сүт және ұн өнімдері, мұздатылған тағамдар өндірісі саласындағы компания өкілдері қатысты. Олар Қазақстан нарығына жол ашуға, бірлескен өндіріс құруға және «Zhongzhi Mayson» өнеркәсіптік қоры арқылы қаржы қолдау тетіктерін пайдалануға дайын екенін жеткізді.

Келіссөздер барысында әр компания өз жабдықтарының артықшылықтарын, өндіріс желілерін енгізу мүмкіндіктерін, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бойынша кооперация бағыттарын ұсынды. Жергілікті кәсіпкерлер Сауран ауданындағы дайын инфрақұрылым, өндіріс алаңдары, агроөнімдер қоры және логистикалық мүмкіндіктер туралы ақпарат берді.

Кездесуде арнайы бейнебаяндар көрсетіліп, өңірдің нақты инвестициялық жобалары таныстырылды. Қытайлық кәсіпкерлер Сауранда азық-түлік өнеркәсібі, агропереработка, құрылыс материалдары және экология салаларындағы жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға қызығушылық білдірді. Келіссөздер нәтижесінде тараптар бірқатар жобалар бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуді бастауға уағдаласты. Инвесторлар алдағы уақытта Сауран ауданына қосымша сапарлар ұйымдастырып, нақты жоба алаңдарын көруге дайын екенін мәлімдеді.

« – Айта кетейік, шетелдік инвесторлар мен жергілікті кәсіпкерлердің тікелей кездесуі арқасында уақыт үнемделеді. Қосымша делдалсыз, артық құжат пен ресмилікті созбай, мәселелерді тікелей талқылау арқылы келісімге жылдамырақ келуге болады. Экономикаға да пайда әкеледі. Яғни, жаңа жұмыс орындары ашылады,заманауи технологиялар енгізіледі және өндіріс, ауыл шаруашылығы, туризм, қызмет көрсету салалары дамиды. Оған қоса салық түсімі артып, өңір бюджеті толығады, тиісінше экспорттың мүмкіндігі кеңейеді. Бұл тек бизнес иелеріне ғана емес, қарапайым халыққа да пайда. Жергілікті кәсіпкерлер үшін мүмкіндік. Тікелей келіссөз жергілікті кәсіпкерлерге өз мүмкіндігін көрсетуге, жаңа серіктестер табуға, бизнесін кеңейтуге жол ашады. Әсіресе халықаралық стандарттарды үйреніп, тәжірибе алмасу – үлкен мектеп. Мұндай форматтағы басқосулар инвесторлар үшін де тиімді болады. Шетелдік инвестор жергілікті жағдайды нақты түсініп, тәуекел деңгейін бағалайды, сенімді серіктес табады. Бұл олардың да қауіпсіз әрі тиімді инвестиция салуына мүмкіндік береді. Шетелдік инвесторлар мен жергілікті кәсіпкерлердің тікелей келіссөз жүргізуі – экономиканы дамытудың маңызды тетігі. Ол сенімді күшейтіп, нақты жобалардың жүзеге асуына, жаңа мүмкіндіктердің ашылуына жол береді. Мұндай қарым-қатынас өңірдің дамуына, халықтың әл-ауқатының жақсаруына және елдің халықаралық беделінің артуына оң әсер етеді.» – деді Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров.

Осылайша, Сауран ауданында Қытай Халық Республикасының өнеркәсіптік жабдықтар мен тамақ өнімдерін өңдеу саласында жұмыс істейтін жетекші 9 компаниясының басшылары ресми қабылдауда болды. Делегация құрамында металл құю жабдықтары, бөтелке қалыптау машиналары, қуыру желілері, макарон өндірісі, сүт өңдеу, мұздатылған тағамдар, орау машиналары салаларында қызмет ететін компаниялардың жетекшілері де болды. Сонымен бірге «Zhongzhi Mayson Technology Co., Ltd.» компаниясы Орталық Азиядағы өнеркәсіптік әріптестік мүмкіндіктері жөніндегі толық таныстырылымын ұсынды. Жалпы Сауран ауданының кәсіпкерлері шетелдік инвесторлармен бірге ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс материалдары, тоқыма өндірісі және жер қойнауын пайдалану бағыттарында бірлескен жобалар құруға дайын екендерін жеткізді. Табиғи шикізаттың молдығы, инфрақұрылымның қолжетімділігі, өндірістік алаңдардың болуы және инвесторларға әкімшілік қолдау өңірдің басты артықшылықтарының бірі болып табылады.

Кездесу барысында жергілікті кәсіпкерлерге Шаньдун «Zhongzhi Mayson» технологиялар компаниясы құрған халықаралық платформаның жұмыстары да кеңінен таныстырылды. Платформа құрамында 1600-ден астам қытайлық өнеркәсіптік кәсіпорын бар екені, сондай-ақ Қытайдың мемлекеттік және ірі жеке компанияларымен бірлесіп 4 млрд АҚШ долларын құрайтын өнеркәсіптік қор құрылғаны айтылды. Бұл қор Орталық Азиядағы жобаларды қаржыландыру, бөліп төлеу және несиелеу арқылы қолдауға бағытталған.

Инвесторлар өнеркәсіптік жабдықтарды 15 жылға дейін бөліп төлеу, Қазақстан аумағында зауыт салу, технология трансферін іске асыру, ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнеркәсібі бойынша толық өндірістік тізбекті енгізу сияқты ұсыныстарын ортаға салды. Қызанақ, ет, жарма, нан, фри, шырын, балық, құс өнімдері, консерві желілері және санитарлық-экологиялық жабдықтар бойынша жобалар таныстырылды. Кездесу қорытындысында тараптар өзара ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін білдірді.