Тазалық мәдениетін қалыптастыру – экологияны жақсартудың негізі. Қоршаған ортаның тазалығы мен экологиялық ахуалдың жақсаруы ең алдымен қоғамдағы тазалық мәдениетінің деңгейіне тікелей байланысты. Табиғатты қорғау тек заңдар мен мемлекеттік бағдарламалар арқылы ғана емес, әр азаматтың күнделікті іс-әрекеті мен жауапкершілігінен басталады. Осы тұрғыда тазалық мәдениетін қалыптастыру – экологияны жақсартудың ең тиімді жолдарының бірі.
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың тапсырмасы негізінде өткен жылы аудан аумағында санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жаңғырту және елді мекендердің көркін арттыру бағытында ауқымды абаттандыру жұмыстары атқарылған.
Жыл қорытындысы бойынша аудан аумағындағы республикалық және облыстық маңызы бар жолдар, сондай-ақ 512 ішкі көшелер тазаланып, ретке келтірілді. Тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында 37 аялдама сырланып, жаңартылған. Сонымен қатар, 162 шақырым аяқ жол, 27 саябақ пен сквер, 45 спорт және шағын ойын алаңшалары тазаланып, абаттандырылды.

Инженерлік инфрақұрылым бағытында 58 шақырым арық-атыз және 133 шақырым ирригациялық жүйелердің арналары қоқыстан тазартылды. Бұл жұмыстар су өткізу қабілетін арттырып, тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға ықпал етті. Көгалдандыру жұмыстары да жоспарлы түрде жүзеге асырылған. 2025 жылдың көктемгі және күзгі маусымдарында аудан бойынша 50 600 түп ағаш көшеттері отырғызылып, олардың 85 пайызы көктеп шыққан. Бұл аудан үшін өте жақсы көрсеткіш болып тұр.

Тазалық және абаттандыру іс-шараларына 13 000-нан астам адам және 118 арнайы техника тартылып, нәтижесінде 350 тонна қоқыс шығарылған. Жалпы, тазалық мәдениеті дегеніміз – қоқысты бей-берекет тастамау, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, су мен энергияны үнемдеу, қоғамдық орындарды таза ұстау және табиғатқа жанашырлықпен қарау. Мұндай дағдылар ерте жастан қалыптасса, қоғамда экологиялық сана орнығып, қоршаған ортаға келетін зиян айтарлықтай азаяды.

Бүгінде елді мекендерде жүргізіліп жатқан абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстары тұрғындардың тазалыққа деген көзқарасын өзгертуге ықпал етуде. Сенбіліктер, «Таза Қазақстан», «Бір тал кессең, он тал ек» сынды экологиялық акциялар халықтың белсенділігін арттырып, ортақ іске жұмылуына жол ашуда. Алайда бір реттік шаралармен шектелмей, тазалықты өмір салтына айналдыру маңызды. Экологияның жақсаруы ең алдымен қоқыс мәселесін дұрыс шешуден басталады. Қалдықтарды сұрыптап жинау, қайта өңдеуге жіберу табиғи ресурстарды үнемдеуге және полигондардағы жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, көшелер мен аулалардың таза болуы ауа сапасына, тұрғындардың денсаулығына және жалпы өмір сүру сапасына оң әсер етеді.

Келес ауданында абаттандыру қағидаларын бұзудың алдын алу мақсатында бақылау күшейтіліп, 2025 жылы әкімдіктер мен аудандық полиция бөлімі бірлесіп 702 әкімшілік хаттама толтырып, 14,2 млн теңге айыппұл салған. Сонымен қатар, ауыл және ауылдық округ әкімдіктері тарапынан ӘҚБК-нің 505-бабы бойынша 187 хаттама рәсімделіп, 668 440 теңге айыппұл өндірілді.
Коммуналдық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 2025 жылы облыстық бюджет есебінен қаржы бөлініп, оның аясында қар күрегіш және жол тазалау қондырғыларымен жабдықталған 9 дана LOVOL тракторы, 9 дана трактор тіркемесі және 3 дана погрузчик сатып алынды. Аталған жұмыстар аудан аумағында тазалықты сақтау, инфрақұрылымды күтіп ұстау және тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі болып табылады.

Тазалық мәдениеті – бұл тек сыртқы тәртіп емес, ішкі мәдениеттің, азаматтық жауапкершіліктің көрсеткіші. Әрбір тұрғын өз ауласын, көшесін, қаласын таза ұстауға үлес қосса, экологиялық жағдай жақсарып, болашақ ұрпаққа таза әрі жайлы орта қалдырады.