Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында қаңтардың қақ ортасында ерте пісетін көкөніс дақылдарын егу жұмыстары басталды. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту және өңір тұрғындарын сапалы отандық өніммен қамтамасыз ету мақсатында биыл аудан бойынша жалпы көлемі 60,3 мың гектар егістік алқапты игеру көзделген болса, оның ішінде 1405 гектар жерге ерте және орта мерзімде пісетін көкөніс дақылдарын егу жоспарланып отыр.
Аталған жұмыстар аясында Мақтаарал ауылдық округінде ерте өнім алуға бағытталған нақты қадамдар жасалуда. Ауыл шаруашылығы саласында тәжірибесі мол шаруалардың бірі – Күшербаев Шағыр Ертуғанұлы 8 гектар алқапқа ас үй қызылшасын заманауи тамшылатып суару технологиясы арқылы егуде.

Бұл әдіс су ресурстарын үнемдеуге, тыңайтқыштарды өсімдік түбіне дәл жеткізуге және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, тамшылатып суару технологиясын қолдану арқылы өнім көлемін дәстүрлі әдістермен салыстырғанда екі есеге дейін арттыруға болады. Тамшылатып суару – өнімділікті арттырудың тиімді жолы.
Қазіргі таңда су ресурстарын үнемді пайдалану ауыл шаруашылығындағы ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Климаттың өзгеруі, жауын-шашын көлемінің азаюы және суға деген сұраныстың артуы егін шаруашылығында жаңа технологияларды енгізуді талап етеді. Осы орайда тамшылатып суару технологиясы тиімділігімен ерекшеленіп, аграрлық салада кеңінен қолданыла бастады. Бұл әдістің басты артықшылығы – су тікелей өсімдіктің түбіріне жеткізіліп, ысырапсыз пайдаланылуы. Нәтижесінде топырақтың ылғалы бірқалыпты сақталып, дақылдың өсуіне қолайлы жағдай қалыптасады.

Сонымен қатар, тамшылатып суару суды 40–50 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе су тапшылығы сезілетін аймақтар үшін аса маңызды. Дәстүрлі арықпен немесе жайып суару кезінде судың бір бөлігі буланып кетсе, енді бір бөлігі топыраққа сіңіп, егістікке толық жетпей қалады. Ал тамшылатып суару жүйесінде әр тамшы есеппен жұмсалады. Тағы бір маңызды артықшылығы – еңбек шығынының азаюы. Бұл технологияны енгізу арқылы шаруалар қол еңбегін қысқартып, уақытты үнемдейді. Сонымен бірге минералды тыңайтқыштарды сумен бірге беруге мүмкіндік туып, тыңайтқыштың тиімділігі артады. Бұл өз кезегінде өнім сапасының жақсаруына оң әсер етеді.
Бүгінде тамшылатып суару көкөніс, бақша, жеміс-жидек және мақта, жүгері секілді бірқатар дақылдарда жоғары нәтиже көрсетіп отыр. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай әдісті қолданған шаруашылықтарда өнім көлемі артып қана қоймай, шығын да едәуір қысқарған. Жалпы тамшылатып суару технологиясы – су үнемдеудің, өнімділікті арттырудың және ауыл шаруашылығын тұрақты дамытудың тиімді тетігі. Сондықтан бұл әдісті кеңінен енгізу – аграрлық саланың болашағы үшін маңызды қадам болып табылады.

Мақтаарал ауданындағы шаруашылықта да барлық агротехникалық талаптар сақталып, егіс жұмыстары белгіленген мерзімде жүргізілген. Қолайлы ауа райы жағдайында ас үй қызылшасының алғашқы өнімі сәуір айында пісіп жетіледі деп күтілуде. Ерте өнім алу нарықтағы бағаның тұрақталуына және тұрғындарды жаңа піскен көкөніспен қамтамасыз етуге оң әсерін тигізбек. Сонымен қатар ауданда жуық арада қырыққабат дақылын егу жұмыстары да басталады. Бұл көкөніс түрі де ерте пісетін дақылдардың қатарына жатады және ішкі нарықта сұранысқа ие өнім саналады.
Биыл, Түркістан облысында ауыл шаруашылығы дақылдары 919 мың гектар жерге егіледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 мың гектарға артық. Оның 536 мың гектары – жаздық, 208 мың гектары – күздік дақылдар, ал 175 мың гектары – көпжылдық жоңышқа.