Қазақстан – жүзден астам этнос пен түрлі мәдениеттің ортақ шаңырағына айналған мемлекет. Еліміздің тұрақты дамуының, бейбітшілігі мен қоғамдық келісімінің басты кепілі – өзара құрмет, татулық және ортақ құндылықтарға адалдық. Осы тұрғыдан алғанда мемлекеттік тілдің орны ерекше. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі ғана емес, ол қоғамды біріктіретін, ел азаматтарын ортақ мақсатқа жұмылдыратын маңызды рухани күш.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым мемлекетіміздің басты құндылықтарының бірі – қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік екенін атап келеді. Мемлекет басшысы мемлекеттік тілдің біріктіруші рөлін күшейту арқылы азаматтық бірегейлікті нығайтудың маңыздылығына ерекше назар аударып, қазақ тілі Қазақстандағы барлық этнос өкілдерін біріктіретін ортақ тілге айналуы тиіс екенін бірнеше рет айтты. Бұл – еліміздегі тіл саясатының ғана емес, қоғамдық тұрақтылықтың да негізгі бағыты.

Осы мақсатқа үндейтін тағылымды шаралардың бірі – Созақ ауданында Қазақстан халқы тілдері күніне орай ұйымдастырылған «Тіл – әр ұлттың баға жетпес қазынасы» атты аудандық тіл фестивалі болды. «Мыңжылқы» мәдениет сарайында өткен мерекелік іс-шара мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерумен қатар, қоғамдық және ұлтаралық келісімді нығайтуға, қазақстандық бірлік моделінің өміршеңдігін көрсетуге бағытталды.
Фестивальге аудан тұрғындары, этнос өкілдері, зиялы қауым, қоғамдық ұйым мүшелері, тіл жанашырлары, білім саласының қызметкерлері мен жастардың қатысуы – тілдің барша қазақстандықтарды біріктіретін ортақ құндылық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Әртүрлі ұлт өкілдерінің бір алаңда бас қосып, мемлекеттік тілдің дамуына қолдау білдіруі – Қазақстанда қалыптасқан қоғамдық келісімнің нақты көрінісі.

Мереке аясында ұйымдастырылған кітап көрмесі, Тілдерді оқыту және дамыту орталығының таныстырылымы, этнос өкілдерінің ұлттық мәдениетін насихаттайтын экспозициялар мен ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды. Бұл көрмелер Қазақстандағы мәдени әралуандылықтың ұлттық бірлікке кедергі емес, керісінше оны байытатын маңызды құндылық екенін айқын көрсетті. Фольклорлық-этнографиялық ансамбльдің орындауындағы ұлттық әуендер мен қазақтың дәстүрлі өнері көрерменге ерекше әсер сыйлады. Ұлттық мәдениетті дәріптеу арқылы фестиваль қатысушыларының бойында туған жерге, мемлекеттік тілге және ұлттық құндылықтарға деген құрмет арта түсті.

Фестивальдің шымылдығы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына арналған театрландырылған көрініспен ашылды. Қазақ тіл білімінің негізін қалаған, ана тілінің жанашыры болған Ахмет Байтұрсынұлының еңбегі – бүгінгі тіл саясатының тарихи негіздерінің бірі. Оның халқына қалдырған мұрасы қазіргі Қазақстандағы мемлекеттік тілдің дамуына бағытталған жұмыстардың маңызын айқындай түседі. Сондай-ақ мемлекеттік тілдің қоғамдағы орны мен тіл саясатының мәнін бейнелейтін сахналық композиция көрерменге ұсынылды. Қойылым арқылы қазақ тілінің тек қазақ халқының ғана емес, Қазақстанды ортақ Отаным деп санайтын барлық азаматтарды біріктіретін құндылық екені көркем түрде жеткізілді.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы мерекеге қатысушыларды Қазақстан халқы тілдері күнімен құттықтап, мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарды марапаттады. Бұл – мемлекеттік тілдің өркендеуіне еңбек сіңіріп жүрген азаматтардың еңбегіне берілген лайықты баға ғана емес, өзгелерге үлгі болатын игі дәстүр.

Мерекелік бағдарламада қазақ тілін жетік меңгерген өзге этнос өкілдерінің жүрекжарды пікірлері айтылды. Олар мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының азаматтық жауапкершілігі әрі ортақ құндылығы екенін ерекше атап өтті. Қазақ тілін құрметтеу арқылы елдің мәдениеті мен тарихына құрмет көрсетілетінін, ал мемлекеттік тілді меңгеру қоғамдағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтатынын жеткізді.

Этномәдени бірлестіктердің өнер көрсетуі де фестивальдің мазмұнын байыта түсті. Түрлі ұлт өкілдерінің қазақ тілінде өнер көрсетіп, ұлттық дәстүрлерді насихаттауы Қазақстандағы қоғамдық және ұлтаралық келісімнің нақты нәтижесін көрсетті. Бұл – әлем мойындаған қазақстандық қоғамдық келісім моделінің өміршеңдігін дәлелдейтін жарқын мысалдардың бірі.

Бүгінде Қазақстанда қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Бұл бағытта Қазақстан халқы Ассамблеясы, мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам институттары және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп жүйелі жұмыстар жүргізуде. Мемлекеттік тіл осы жұмыстардың өзегіне айналып, азаматтарды ортақ мақсатқа біріктіретін негізгі фактор ретінде танылып келеді. Созақ ауданында өткен тіл фестивалі де осы игі саясаттың жергілікті деңгейдегі жарқын көрінісі болды. Шара мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп қана қоймай, этносаралық достықты нығайтуға, қоғамдық келісімді бекемдеуге және жастардың бойына патриоттық рух қалыптастыруға үлкен үлес қосты.

Тіл – халықтың рухани коды, елдің мәдени жады және ұлттық бірегейлігінің негізі. Мемлекеттік тілді құрметтеу – Қазақстанның тәуелсіздігін, қоғамдық келісімін және жалпыұлттық бірлігін нығайтуға қосылған нақты үлес. Сондықтан мемлекеттік тілді дамыту – тек тіл мамандарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. «Тіл – әр ұлттың баға жетпес қазынасы» атты фестивальдің тағылымы – әртүрлі этностардың мәдени ерекшеліктерін сақтай отырып, барша азаматтарды ортақ мемлекеттік тілдің айналасына топтастырудың маңызын көрсетуінде. Осындай игі бастамалар қоғамдық және ұлтаралық келісімнің қазақстандық моделін одан әрі нығайтып, Мәңгілік Ел мұраттарына жетелейтін жалпыұлттық бірліктің берік негізін қалыптастыра беретіні сөзсіз.