Қазақстанда отбасы институтын нығайту, ана мен баланы қорғау және көпбалалы отбасыларды қолдау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдаулары мен сөйлеген сөздерінде отбасы құндылықтарын сақтау, демографиялық өсімді қолдау және аналардың қоғамдағы мәртебесін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Президенттің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік саясаттың басты мақсаты – әрбір отбасының әл-ауқатын жақсарту, ана мен баланың құқықтарын қорғау және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау.

Осы мемлекеттік саясаттың нақты көрінісі ретінде Сайрам ауданында көпбалалы аналарды мемлекеттік наградалармен марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің №1247 Жарлығына сәйкес ұйымдастырылып, өмірге саналы ұрпақ тәрбиелеп өсірген аналардың еңбегіне көрсетілген зор құрметтің белгісі болды.

Іс-шара барысында аудан әкімі Мадияр Мұхтарұлы ауданның 25 анасына мемлекеттік наградаларды салтанатты жағдайда табыс етті. Оның ішінде бес ана «Алтын алқа» иегері атанса, жиырма ана «Күміс алқамен» марапатталды. Бұл марапаттар – тек көп бала дүниеге әкелгені үшін ғана емес, оларды елін, жерін сүйетін, білімді әрі тәрбиелі азамат етіп өсіруге қосқан өлшеусіз еңбектің лайықты бағасы.

Салтанатты рәсімде аудан әкімі марапат иелерін шын жүректен құттықтап, аналардың қоғамдағы орны мен отбасы тәрбиесіндегі рөлі ерекше екенін атап өтті. Сондай-ақ мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларды қолдау алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді. Осы орайда аудан әкімі Мадияр Оразалиев Президенттің әлеуметтік саясаттағы басымдықтарына тоқталып, былай деді:

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев отбасы институтын нығайту, ана мен баланы қорғау, көпбалалы отбасыларды жан-жақты қолдау мәселесін мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты ретінде айқындап келеді. Ана – отбасының ғана емес, тұтас қоғамның тірегі. Болашақ ұрпақтың тәрбиесі сіздердің мейірімдеріңіз бен еңбектеріңізден бастау алады. Бүгінгі мемлекеттік марапат – сіздердің ел алдындағы ерен еңбектеріңізге берілген жоғары баға. Баршаңызға зор денсаулық, отбастарыңызға амандық, ұл-қыздарыңыздың қызығын көруді тілеймін», – деді аудан әкімі.

Президент өз Жолдауларында әлеуметтік мемлекеттің басты міндеті – азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту екенін үнемі айтып келеді. Соның ішінде аналарды әлеуметтік қорғау, көпбалалы отбасыларды қолдау және бала тәрбиесіне қолайлы жағдай жасау мәселелері мемлекеттік бағдарламалар арқылы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бүгінде көпбалалы аналарға мемлекеттік жәрдемақылар, әлеуметтік жеңілдіктер, тұрғын үймен қамтамасыз ету және басқа да қолдау тетіктері қарастырылған. Бұл бастамалар қоғамдағы отбасы құндылықтарын дәріптеп қана қоймай, демографиялық өсімді арттыруға, ұлттың болашағын қалыптастыруға да оң әсерін тигізуде. Өйткені елдің ертеңі – бүгінгі тәрбиелі ұрпақтың қолында. Ал сол ұрпақты тәрбиелейтін ең басты тұлға – ана.

Сайрам ауданында өткен марапаттау рәсімі де аналарға деген құрметтің, олардың еңбегін бағалаудың және Президент бастамаларының өңірлерде табысты жүзеге асып жатқанының жарқын көрінісі болды. «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлері – тек өз отбасыларының ғана емес, қоғамның мақтанышы. Олардың өнегелі өмір жолы мен ұрпақ тәрбиесіндегі қажырлы еңбегі кейінгі буынға үлгі болып қала береді.

Мемлекет ананы ардақтаған сайын отбасы нығаяды, отбасы нығайған сайын қоғамның бірлігі мен елдің болашағы берік болмақ. Сондықтан көпбалалы аналарды қолдау мен құрметтеу – Президент айқындаған Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды әлеуметтік басымдықтардың бірі болып қала береді.

Бөлісу
fb-share-icon

от TAQ.KZ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*