Бақыбек мөлтек ауданында тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда мұнда екі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Аталған нысандардың пайдалануға берілуі тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін маңызды жаңалық болмақ. Бүгін аудан әкімі Асқар Естібаев Бақыбек мөлтек ауданында салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс барысымен танысып, нысандарды аралап көрді. Сапар барысында құрылыс жұмыстарының қазіргі жай-күйі, орындалған жұмыс көлемі және алдағы жоспарлар туралы жауапты мамандардың баяндамаларын тыңдады.

 

 

Қазіргі уақытта екі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары әртүрлі кезеңде жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, бірінші ғимараттың құрылыс жұмыстары толық аяқталып, дайындық деңгейі 100 пайызды құраса, екінші нысандағы жұмыстар 80 пайызға орындалған. Бұл – тұрғын үй құрылысының белгіленген жоспарға сәйкес ілгерілеп келе жатқанын көрсетеді.

 

 

Аудан әкімі құрылыс нысандарын аралау барысында ең алдымен жұмыс сапасына, құрылыс материалдарының талапқа сәйкестігіне және белгіленген мерзімдердің сақталуына ерекше назар аударды. Сонымен қатар жауапты тұлғаларға құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Нысандарды салу кезінде қолданыстағы құрылыс нормалары мен қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуы қажеттігі атап өтілді.

 

Айта кетейік, жаңа тұрғын үйлер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға белгіленген тәртіппен Отбасы банк арқылы үлестірілетін болады. Бұл бастама баспанаға мұқтаж тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған.

 

 

Жалпы, Бақыбек мөлтек ауданында жүзеге асып жатқан құрылыс жұмыстары елді мекеннің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға өз үлесін қоспақ. Жаңа баспаналардың сапалы әрі белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі – басты міндеттердің бірі. Сондықтан құрылыс барысы аудан басшылығының тұрақты бақылауында болады.

Бөлісу
fb-share-icon

от TAQ.KZ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*