Түлкібас ауданында  «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында жұмыс іздеуші азаматтарға  тиісті қолдау көрсетіліп жатыр. Бұл бағытта бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі тұрақты түрде өткізіліп, азаматтарға «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңына сәйкес заңдылықтары, «Электрондық еңбек биржасы» ақпараттық порталы (enbek.kz) арқылы бос жұмыс орындарын іздеу мүмкіндіктері туралы түсіндірме жұмыстары да жүргізілуде. Сонымен қатар «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында ұйымдастырылатын жұмыс орындарына қатысу тәртібі тұрғындарға түсіндіріліп, мамандар бағдарламаға қатысу бойынша насихат жұмыстарын атқарып келеді.

 

 

Бұған дейін дәл осы бағытта өткізілген жәрмеңкеге 16 жұмыс беруші мекемелерден 29 бос жұмыс орындарының мәліметі ұсынылған. Оның ішінде білім саласынан 10, денсаулық сақтау саласынан 10 бос жұмыс орны және басқада салалардан 9 бос орындарға сұраныстар болды. Жәрмеңкеден кейін 5 жұмыс іздеуші азаматқа  жұмысқа орналасу үшін жолдама берілген. Сонымен қатар,  «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында субсидияланатын уақытша жұмыс орындарына, айта кеткенде қоғамдық жұмыстарға 210 уақытша жұмыс орны, жастар практикасы бағдарламасы бойынша 31 уақытша жұмыс орындары ұсынылды.

 

 

Түлкібас ауданының тұрғындары қосымша ақпараттар мен мәліметтерді Түлкібас аудандық Мансап орталығынан біле алады. Айта кетейік, биыл шілде айынан бастап бұған дейін жұмыс істеп келген «Халықты жұмыспен қамту орталықтары» енді, Мансап орталықтары болып қайта құрылды. Жаңадан құрылған еңбек мобильділігі орталықтарының негізгі қызметін еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бекітті.  Яғни, аталған мекеме жұмыс күшіне сұраныс пен ұсынысты талдау, болжау негізінде өңірдің еңбек ресурстарының теңгерімдерін қамтамасыз ету, өңірлік жұмыспен қамту карталарын әзірлеу және оларды жергілікті жерлерде іске асыруды үйлестіруді жүзеге асырады. Сондай-ақ, жұмыспен қамтудың барлық мемлекеттік бағдарламалар мен жеке бастамалар шеңберінде ашылатын жұмыс орындарының құрылуына мониторинг жасайды. Жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында азаматтардың ерікті көші-қонына жәрдемдесіп, азаматтарды көшіру бағдарламаларын өңірлік деңгейде үйлестіруді және жұмыс іздеуші ретінде жүгінген азаматтарды тіркеумен айналысады.

 

Жалпы алғанда, орталықтың негізгі мақсаты «Ұлттық жоба» арқылы халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту болып табылады. Бұл орталық жұмыссыз азаматтарды есепке тіркейді, жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау үшін қажетті құжаттарды қабылдайды. Жұмыссыздарды тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға жәрдем береді, кейбіріне уақытша жұмыс орындарын ұсынады. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа кәсіптік оқытуды ұйымдастырады. Сонымен қатар, әлеуметтік кәсіптік бағдар беру жұмыстарын да қоса атқарады. Азаматтардың барлық санаттарына арналған бос орындар жәрмеңкесін және халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.  Сондықтан кез-келген жұмыс іздеуші азаматтар немесе өз кәсібін дамытуды қалайтын жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға ниетті тұрғындар Түлкібас аудандық Мансап орталығының қызметіне жүгіне алады.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*