«Халықтың кірісін арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» ел азаматтарын әлеуметтік қамтамасыз етуге, еңбексүйгіштікке баулуға, «еңбек адамын» қалыптастыруға мол мүмкіндіктер беріп отыр. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауларының бірінде еліміздегі еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесін әзірлеуді, сондай-ақ еңбек ресурстарының тапшылығы бар өңірлерде Үкіметке көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Атап айтқанда, еңбек нарығын цифрландыру, жұмыспен қамту орталығының жұмысын реформалау, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту және тұрғындарды жұмыспен қамтуды арттыру үшін басқа да ауқымды іс шаралар қарастырылған. Бұл бағытта әр өңірлердегі «Мансап» орталықтары маңызды роль атқарады. Яғни,  «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» аясында ауқымды шараларды атқаратын орталық халыққа әлеуметтік қолдау көрсетіп, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырып,  жұмыссыздыққа тіркелген азаматтарды еңбекпен қамтиды.

Осыған орай, Түлкібас ауданында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Еңбек нарығында елеулі жаңалықтар бар ма? Аудандағы тұрғындарды жұмыспен қамту көрсеткіші және жалпы тыныс-тіршілігін білу мақсатында, сондай-ақ  басқа да өзекті сауалдармен Түлкібас аудандық Мансап оралығының басшысы Байбатчаев Ерсұлтан Жаңабайұлымен хабарласып, арнайы сұхбат жүргіздік. Маңызды ақпарат, мол деректер айтылған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

 

— Ерсұлтан Жаңабайұлы, ең бірінші кезекте «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» аясында жыл басынан бері атқарылған жұмыспен қамту шаралары жөнінде мәліметпен бөліссеңіз. Ауданда бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
— 2023 жылы «Ұлттық жоба» негізінде жұмыспен қамту шараларына қолдау көрсету жоспары бойынша биыл 4020 азаматқа әлеуметтік қолдау көрсету жоспарланған болатын. Оның ішінде тұрақты жұмысқа 2107 азамат, субсидиялынатын жұмысқа 1825 азаматты жолдау көзделген және бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.
Бірінші жоба — Кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне қарай дағдыларды дамыту:
Бұл бағыттағы шараларға тоқталатын болсақ, жұмыс берушілердің өтініміне сәйкес оқу орнында жұмыссыздарды оқытуға жолданған 60 азаматқа 12,411 млн теңге жергілікті бюджеттен бөлініп, 60 азамат оқуға жолдау жоспарланып, жүзеге асуда.
Сондай-ақ, екінші жоба — Жұмыс орындарын субсидиялауды ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау:
Аталған жоба бойынша әлеуметтік жұмыс орындарына 200 азаматқа республикалық бюджеттен 69,300 млн теңгеге қаржы бөлінген. 2023 жылдың 01 қазанында аудан көлеміндегі 34 жұмыс беруші мекемелермен келісім-шарт түзіліп, аталған мекемелерге 203 азамат жұмысқа жолданып отыр.
Оқу ордасын жаңадан бітірген түлектерді жұмысқа орналастыру және оларды еңбекке тарту арқылы, өз мамандығының жемісін көруге мүмкіндік беретін бағдарлама, ол — Жастар практикасы екенін бәріңіз білесіздер. Міне, бұл бағытта Жастар практикасына 625 азаматқа республикалық бюджеттен 776,250 млн теңгеге қаржы бөлінген. 2023 жылдың 01 қазанында аудан көлеміндегі 150 жұмыс беруші мекемелермен келісім-шарт түзіліп, 241 азамат жолданды.
Ал, ​ «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 60 азаматқа республикалық бюджеттен 74,520 млн теңге қаржы бөлінген. 2023 жылдың 01 қазанда аудан көлеміндегі 21 жұмыс беруші мекемелермен келісім-шарт түзіліп 46 азамат жолданып отыр.
Келесі кезекте,  «Күміс жас» жобасы бойынша айтатын болсақ биылға 90 азамат жоспарланған, Ұлттық қордан 57753 млн теңге қаржы қарастырылған, 2023 жылдың 01 қазанда аудан көлеміндегі 46 жұмыс беруші мекемелермен келісім-шарт түзіліп, бүгінгі таңда 75 азамат еңбек орындарына жолданды. Зейнет жасына дейінгі азаматтар аталған мекмелерде абыроймен қызмет жасап жүр. Бұл аудан халықының «қос қолға күрек ұстап» , үйінде құр жатпайтынын аңғартады, бұлда бола қуанышты жаңалықтардың бірі.
Енді үшінші жобаға тоқталайын.  Ол- жұмыс орындарын субсидиялауды ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау бағыты.
Түлкібас ауданында мемлекеттік грант беру бойынша 90 азаматқа Ұлттық қордан 124200 млн теңгеге қаржы бөлінген, ағымдағы жылдың қазан айында аталған 90 азаматқа қайтарымсыз грант берілді. Бүгінде мемлекеттік грант иелері өздерінің жаңа бизнес идеяларын жүзеге асырып, табыстарын еселеп отыр.
Сондай-ақ, ақылы қоғамдық жұмысқа республикалық бюджеттен 700 азаматқа 579600 млн теңге бөлінген, ағымдағы жылдың  қазан айында аудан көлеміндегі 78 жұмыс беруші мекемелермен келісім-шарт түзіліп 881 азамат жұмысқа жолданды.
Жалпы, тұрақты жұмыспен 2107 азаматты орналастыру жоспарланған болатын, казіргі таңда 1466 азамат жұмысқа жолданды.
​​​​Ұлттық жобалар негізінде ашылатын жаңа жұмыс орнының жоспары 237 құраса, Мансап орталығы арқылы 26 мекемеге жолдау жоспарланған. Казіргі таңда 16 мекемеге 144 адам жолданып отыр. Тағы бір айта кететін бағыттың бірі ​​Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» бойынша, аудан көлемінде 1322 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Қазіргі таңда 1023 жаңа жұмыспен қамтылды. Жалпы, Түлкібас ауданында  «Ұлттық жоба» аясындағы атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды деп айта аламын.
— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жұмыспен қамту орталықтарының атауы өзгеріп, жаңашылдықтар орын алды.  Осы тұрғысында не айтасыз? Орталықтың негізгі міндеттері мен қызметтері қандай? 

-Жалпы алғанда, орталықтың негізгі мақсаты «Ұлттық жоба» арқылы халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту болып табылады. Бұл орталық жұмыссыз азаматтарды есепке тіркейді, жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау үшін қажетті құжаттарды қабылдайды. Жұмыссыздарды тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға жәрдем береді, кейбіріне уақытша жұмыс орындарын ұсынады. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа кәсіптік оқытуды ұйымдастырады. Сонымен қатар, әлеуметтік кәсіптік бағдар беру жұмыстарын да қоса атқарады. Азаматтардың барлық санаттарына арналған бос орындар жәрмеңкесін және халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап облыс орталықтары мен ірі қалаларда еңбек мобильділігін қамтамасыз ететін 20 орталық құрылды. Ал, бұған дейін жұмыс істеп тұрған халықты жұмыспен қамту орталықтары енді «Мансап» орталықтары болып қайта құрылды. Демек, бізде де «Халықты жұмыспен қамту орталығы» мекемесі таратылып, орнына «Түлкібас аудандық Мансап орталығы» құрылды. Қазіргі таңда мекеме «Ұлттық жоба» аясында ұйымдастырылатын жұмыстарды жүзеге асырып келеді. Жалпы, жаңадан құрылған еңбек мобильділігі орталықтарының негізгі қызметі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінде төмендегідей болып бекітілді.

Жұмыс күшіне сұраныс пен ұсынысты талдау, болжау негізінде өңірдің еңбек ресурстарының теңгерімдерін қамтамасыз ету; өңірлік жұмыспен қамту карталарын әзірлеу және оларды жергілікті жерлерде іске асыруды үйлестіру; жұмыспен қамтудың барлық мемлекеттік бағдарламалар мен жеке бастамалар шеңберінде ашылатын жұмыс орындарының құрылуына мониторинг жасау; жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында азаматтардың ерікті көші-қонына жәрдемдесу және азаматтарды көшіру бағдарламаларын өңірлік деңгейде үйлестіру; жұмыс іздеуші ретінде жүгінген және жұмыссыз азаматтарды тіркеу; халықты, жергілікті атқарушы органдарды және уәкілеттік мемлекеттік органдарды өңірлік еңбек нарығының жай-күйі туралы хабардар ету.
-Қазіргі таңда, еліміздің азаматтары үшін, оның ішінде жұмыссыз адамдарға көбірек пайдасы бар деп есептелінетін электронды еңбек биржасының арнайы ақпараттық порталы, яғни сайты бар. Жалпы, сол сайттың халыққа көмегі қандай?
— Порталдың басты жұмысы- жұмыс іздеу және персоналды іріктеуге жәрдемдесу үшін мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаң болып табылады. Енді, жұмыс беруші өзінің бос жұмыс орны туралы ақпаратты электронды еңбек биржасында жеке кабинеті арқылы беріп, бұл бар бос жұмыс орындар бойынша мәліметтерді ұсыну туралы міндетті заңнама қағидаттарының іске асырылуын жеңілдетеді. Жалпы, Enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы Ұлттық жобалардың бірыңғай платформасында жұмыс орнын табуға көмектеседі. Сондай-ақ, жұмыс іздеушілер жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуға өтінім бере алады.
— Мемлекет басшысы халықтың арасында «масылдық» түсінігін жоюды, қолынан іс келетін азаматтардың еңбек етіп, мемлекеттің тиімді жобалары арқылы кәсібін бастауды атап өткен болатын. Жалпы жұмыссыз азаматтардың қалауы көбіне қандай болып жатады? Орталыққа келгендердің сұранысы қандай?
-Жасырын емес, біздің орталыққа немесе жұмыс берушіге жүгінген азаматтардың басым бөлігі мамандығы бойынша еңбек жалақысы жоғары, тұрақты жұмыспен қамтылуды қалайды. Ал, ауылдық жерде қыруар қаржы алып, жалақының жоғары болуы екіталай. Ондай мамандықтар бірен-саран. Сол себепті «маған жалақысы жоғары жұмыс қажет» деу орынсыз. Барға қанағат етіп, жұмысыңды жасап, қосымша кәсіп ашып, оны да талапқа сай жүргізіп отырсаң, соның өзі бақыт деп білемін. Түлкібас ауданы қай тараптан болмасын дамып, жыл сайын өркендеп жатыр . Табиғатының өзі бір бөлек. Осы кереметті көру үшін ауданға туристерде көптеп келіп жатады. Сондықтан,  мемлекет қолдау білдіріп жатқан кезеңде,  жастардың өсуіне көмек көрсетіп тұрғанда, қолдан келгеннің бәрін жасауға міндеттіміз. Ал, Мансап орталығының ұжымы,  бұл бағытта өте белсенді жұмыс жасап жатыр деп айта аламын.
— Ерсұлтан Жаңабайұлы, ауданның жұмыспен қамту көрсеткіштері мен атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап бергеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Түлкібастың әрбір тұрғыны алдағы уақытта да ауданның дамуына өз үлестерін қосады деген сенеміз.

 

 

 

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*