«AMANAT» партиясы ауыл тұрғындарының қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында Halyk Bank-пен бірлесіп «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан болатын. Бұл туралы Мемлекет басшысы 1 қыркүйек күні халыққа арнаған кезекті Жолдауында ерекше тоқталып өтті. Президент азаматтардың қаржы сауатын арттыру өте маңызды екенін айтты. «Бұл ретте «Amanat» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өту қажет. Соның арқасында еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Олардың көпшілігі – 10 және одан да көп несие алған адамдар. Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке «Amanat» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет»,-деген болатын Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.

Бүгін партияның өңірлік филиалы мәжіліс залында осынау жобаның Түркістан өңірінде атқарылуы бойынша брифинг болып өтті. Брифингте «Amanat» партиясының Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Мұратұлы Тұрсынбаев, қаржы сарапшысы Жандос Бекенұлы Әзімбаев БАҚ өкілдеріне «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасының маңызын, ауыл-аймақтарда өткен сабақтар барысы туралы баяндады.

 

«Бүгінде 6,3 миллионға жуық қазақстандықтың банктік несиелері өтелмеген. Сонымен қатар 1,2 миллион қазақстандық микроқаржы ұйымдарынан несие алған. Бұл азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына әсер етеді. Халықтың қаржылық сауаттылығының төмендігі салдарынан қазіргі таңда қолжетімді болып тұрған несиелер, қаржы ұйымдарының жоғары пайыздық мөлшерлемелері, ең бастысы,– жыл сайын халықтың қарызының өсуін арттырып келеді. Осы тұрғыдан келгенде «Қарызсыз қоғам» жобасының тиімдігі жоғары. 2-мамырда басталған жоба аясындағы жұмыстар 1-желтоқсанға дейін жалғасып, Түркістан облысында 12 650 адамды оқыту жоспарланса, жыл қорытындысы бойынша 14600 азаматқа оқығаны жөнінде сертификаттар табыс етілді»,— деп мәлімдеді Полат Мұратұлы.

Ал, қаржы сарапшысы Жандос Әзімбай облыстың 17 аймағында өткен сабақтар барысындағы түрлі тағдырлы тұрғындардың көңіл-күйін, әсерін жеткізіп, олардың әлеуметтік мәселелеріне қанық болғанын атап өтті. Сабаққа қатысқандардың 80 пайызы әйел азаматтар болғанын, қатысушылардың 80 пайызының басында несие проблемасы болғанын жеткізді. Сонымен бірге, бір азаматтың жалғыз өзінде 16 несиесі бар екен. Қарызсыз қоғам сабақтарында тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттырып қана қоймай, оларға заң кеңестерін беру ұйымдастырылып, көпшілігінің мәселесінің шешілуіне ұйытқы болған.

«Қатысушылардың кері байланысы бойынша тренинг барысында олар отбасылық бюджетті жоспарлауды, нақты бизнеске ақша салу, екінші деңгейлі банкке депозитке қаржы жинақтау туралы практикалық құралдар алды. Аудан тұрғындарының банктер мен микрокредиттік ұйымдар алдында қарызы болғандықтан оларға заңгерлік кеңестер де ауадай керек екен. Банкроттық, банк шоттарына және мүлкіне тыйым салуды жою, нотариаттық іс-әрекеттер, тіркеу әрекеттері, Қазақстан Республикасынан шығуға уақытша шектеу қою мәселелері бойынша 200-ден астам адам адвокатқа жүгінді. Адвокаттар және несиені қайта қаржыландыру мен қайта құрылымдау, несиелік берешекті өтеу, сондай-ақ жұмысынан айырылу, денсаулығы және несие бойынша сыйақыны есептеуді тоқтата тұру жәйттері жайлы мағұматтар берді. Нәтижесінде басында осындай шешімін таппай жүрген мәселелері барларға нақты көмек көрсеттік.»,—дейді Жандос Бекенұлы.

«Қарызсыз қоғам» жобасына атсалысқан 7 оқытушыға облыстық партия филиалының төрағасы Алтынсары Дұйсенбекұлының атынан алғыс хаттар табыс етілген. Келесі жылдан бастап «Қарызсыз қоғам» жобасы барлық өңірді қамтып, 750 мың адам қаржылық сауаттылықты үйренеді деп жоспарлануда. Азаматтарға қаржылық және құқықтық мәселелер бойынша кеңес беру және сүйемелдеу үшін бүкіл ел көлемінде жобалық кеңселер ашылмақ.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*