Құрметті Түркістан облысының
тұрғындары мен қонақтары!

Баршаңызды жадыраған жаздың хабаршысындай болған мамыр айының айтулы мерекелерімен құттықтаймын!
Алғашқы күндегі «Қазақстан халқының бірлігі күні» — әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, жалпы ұлттық келісімнің мерекесі. «Бірлік болмай тірлік болмас» деген бабаларымыз. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған байтақ даламыздағы әрбір азамат үшін бұл мейрамның орны ерек.
Бұл ретте мерекенің мақсаты – еліміздегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды насихаттау екенін де айта кетуіміз қажет. Иә, биылғы еліміздің соның ішінде су басқан аймақтардың күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқаны белгілі. Осындай сындарлы сәтте біздің отандастарымыз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып ынтымақ пен бірліктің шынайы үлгісін көрсетуде. Осы орайда, алдағы күндерден тек жақсылық тілей отырып, баршаңызды айтулы мерекемен құттықтаймын. Отбасыларыңызға амандық пен шаттық, бақыт-береке және елімізді өркендету жолындағы еңбектеріңізге мол табыс тілеймін!
Сонымен бірге, осындай ынтымақ пен бірлігіміздің шынайы үлгісіндей Ұлы Жеңіс күні де әрбір қазақстандық үшін орны бөлек мереке. Олай дейтінім, сұрапыл соғыс адамзаттың жүрегіне өшпес жара салды. Ауылда қалған ақ жаулықты аналар, егде тартқан қариялар мен бала-шаға зуылдаған оқ пен лапылдаған от-жалынның арасында жүрген бауырына, әкесіне, ағасына сеп болсын деп, бар күш қайратын жұмсады. Тылдағы әрбір күн соғысқа тең еді. Адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыстың аяқталғанына 79 жыл толыпты. Зарықтырып жеткен Жеңіс күнінің қадірі бәріміз үшін тым қымбат. Ардагер көрген зұлматты біз көрген жоқпыз, сол үшін оны құрметтеу асыл парызымыз! Сондықтан да жыл сайын мамыр айының 9 жұлдызында сол сұрапыл соғыстағы Жеңіс күні айрықша атап өтіледі. Және ол жалпыға бірдей халықтық мереке болғанымен, бұл күні әсіресе, кешегі соғыста Жеңіс үшін қолдарына қару алып, майданның алдыңғы шебінде қанқұйлы жаумен шайқасқа түскен соғыс ардагерлеріне көрсетілер құрмет айрықша.
Бүгінгі ұрпақ аға буын — ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді. Осынау ерлікке толы күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек.
Ендеше, баршаңыздың дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық, бақ пен береке тілеймін!

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты
Алмас САЛИМОВ!

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*