Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталып, жобаларды жүзеге асыру мақсатында құрылған «Сүлеймен ата» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Аталған өндіріс орны – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өңір тұрғындарын құс етімен қамтуды көздейді. Құс фабрикасында «Бройлер» тауығының балапандары өсірілуде. Алдағы уақытта жобаны кеңейту арқылы өнімді 120 тоннаға ұлғайту жоспарлануда. Тауарға сұраныс күн сайын артып, Түркістан қаласын толықтай қамтамасыз етіп отыр. Жобаның құны – 400 млн теңге. Сонымен қатар, фабрика жанында арнайы камбикорм бар. Онда күніне 8 тонна жылқы және құс азықтарын өндереді.

Жалпы, құс, соның ішінде тауық атаулыны өсіру қазақ халқы үшін жаңайшыл дүние емес екені анық. Бұл істі өз кәсібіне айналдырып, тауық өсірумен отбасының жағдайын жасап, оған қоса өзге азаматтардың еңбек етуіне септігін тигізіп отырған кәсіпкерлер жетерлік. Мамандардың айтуынша бройлер тауығын өсірген өте пайдалы және табысы мол кәсіп түрі.

Себебі, бройлер – тез өсіп жетіледі екен және еті жұмсақ әрі дәмді болып келеді. Бұл құстың түрі азықтандыру шығындары өсірушіге неғұрлым арзанға түсетіні де дәлелденген. Әдетте бройлер тауығын 6-9 аптаның ішінде, салмағы 1,5-2 килоға жеткен кезде сойып, пайдаланады екен. Бройлер еті диеталық тағам түріне жатады. Оның етінің құрамында 22,5 пайызға дейін белок болады. Бұл белоктардың 92 пайызы адам денсаулығы үшін өте пайдалы амин қышқылдарынан тұрады, дейді мамандар.

«Сүлеймен ата» шаруа қожалығының иесі бройлер тауығын күту үшін ең алды­мен оларды орналастыратын орын-жайларды дұрыс таңдап алу қажеттігін де атап өтті.

» Ең алдымен қорада тауықтар еркін қозғала алатын кеңістік болуы керек. Өйткені, ауа райының қолайсыз жағдайында, әсіресе, қысқы маусым кездерінде тауықтар бұл қорада тәулік бойы ұсталады. Сонымен бірге тауық қора бройлерді сыртқы қолайсыз ауа райы жағдайынан қорғай алатындай жылы әрі жарық болуы тиіс. Сонымен қатар, мұнда ауаны тазартып отыруға мүмкіндік беретін желдеткіштер болып, тазартуға жеңіл болуын да ойластыру керек. Біздің фабрика бүгінде барлық стандарттарға сай жасақталған. Құстарға жем, су беру толық автоматтандырылған. Біз халыққа сапалы, жоғары сұрыпты құс өнімдерін ұсынып жатырмыз. Фабрикада құстар гармондық қоспаларсыз, өсу стимуляторлары қолданылмай, генетикалық түрлендіргіш заттарсыз өсіріледі. Яғни, бұл маңызды процестердің бірі»,— дейді кәсіп иесі

Балапандар алғашқы кезде тор ішінде өсіріледі екен. Мұндай жағ­дайда балапандар жедел салмақ қосады және қимыл-қозғалыстары шектеулі болғандықтан азықты да аз жейді. Балапандар өсіп жетілген кез­де оларды тауық қораларға жөнелтуге болады. Мұнда балапандар тез өсіп жетілу үшін тем­ператураның тұрақты болғаны жөн. Балапандарды жиі-жиі азықтандырып отырған жағдайда олар 48-70 күннің ішінде 1,5 кило салмаққа дейін жетеді. Кәсіпкер бройлер балапандарын азық­тандыру үшін құрамында қа­жетті витаминдер мен минералды қоспалары бар  арнаулы құрғақ құрамажем пайдаланылатынын және азық­тың бұл түрі тауық қорада тәулік бойы тұрақты түрде болатынын айтады.

Кәсіпкер бұл іске кіріспес бұрын өнімді қай жерге өткізуге болатындығына дейін алдын-ала зерттеулер жүргізіп көрген. Сұраныс та өте жақсы болғандықтан, өз кәсібінің несібесін көріп отыр. Мәселен, құс етін кафе-ресторандарда және жекелей тұтынатын адамдар да аз емес. Көбірек тұтынатын сапалы, дәмді өнім түрін тұрақты түрде жеткізіп бере алатын сенімді серіктестің пайда болуы ең алдымен олардың өз бизнесін тұрақтандыруына қолайлы жағдай туғызады. Әдетте, бұл кәсіппен шұғыл­данған адам тек 30 балапанды сатып алып бағумен шектелмейтіні мәлім. Өйткені, бұл кәсіптен дұрыс пайда көру үшін ең кемінде жүздеген тауық өсіру қажет. Сонда ғана табыста еселеп арта түсетін болады. «Сүлеймен ата» шаруа қожалығы алдағы уақытта фабриканы үлкейтіп, бірнеше кезең бойынша өнім санын  арттыруды көздеп отыр. Қазіргі таңда аталған нысанда 12 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар алдағы кезеңде азаматтарды көптеп еңбекке тарту бойынша да тиісті жұмыстар атқарылмақ.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*