Түлкібас ауданында медициналық сақтандыру бойынша өзгерістер мен қажетті ақпараттар түсіндірілуде. Осындай шаралардың бірі аудан әкімдігінде ұймдастырылып,  міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша мәселелер талқыға түскен.  Аудан әкімінің орынбасары А. Нұрлыбайдың төрағалығымен өткізілген жиынға мемлекеттік қызметшілер, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, аурухана және басқа да мекемелер мен ауыл әкімдіктерінің өкілдері қатысты. Жиынға арнайы келген «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Қыдырбаев Нұрлан Икрамұлы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша өзгерістер мен қажетті ақпараттарға шолу жасап шықты. Жиынға қатысушылар шара барысында аталған тақырып бойынша сұрақтар қойып, арнайы мамандар тарапынан бірқатар талқылаулар мен түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
 
Аталған жиыннан соң, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде халыққа медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жоғарылату мәселелері бойынша аудандық штабтың құрамының отырысы болып өтті.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) – бұл денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік мүдделерді қорғаудың мемлекеттік жүйесі. МӘМС Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына жынысына, жасына, әлеуметтік мәртебесіне, тұрғылықты жеріне, табысына қарамастан, тең дәрежедегі медициналық және дәрілік көмекті қамтамасыз етеді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – бұл тұрғындарды ауру, жарақат, жүктілік, бала туу, мүгедектік, кәрілік жағдайындағы әлеуметтік қорғау үлгісі. Көптеген дамыған елдер тұрмысы төмен, көмекке мұқтаж адамдарға ресурстарды қайта бөлуге мүмкіндік беретін МӘМС жүйесін таңдаған. Сонымен қатар, 2024 жылы МӘМС үшін кім қанша төлеуі керек деген сауалдарға да жауаптар берілді. Мемлекеттің бір азаматқа төленетін жарнасы айына 5852,63 теңгені құрайды. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төленетін жарналар мен аударымдар мөлшері өзгерген. Яғни, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасы ең төмен жалақы (ЕТЖ) мөлшерімен есептеледі. Биыл ең төмен жалақы 85 мың теңгені құрап отыр.

Жарна төлеушілердің бірнеше санаты бар. Біріншісі – мемлекет тарапынан сақтандырылатын 15 жеңілдік санаты. Олар: балалар; зейнеткерлер; ҰОС ардагерлері; барлық топтағы мүгедектер; «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған көпбалалы аналар; жұмыс істемейтін жүкті әйелдер; декретте отырған аналар; мүгедек бала күтіміне байланысты жұмыс істемейтін азаматтар; студенттер және тағы басқалары кіреді.

Бүгінгі таңда елімізде жеңілдік берілген халықтың жалпы саны 11 миллионға жетіп жығылады. 2024 жылы мемлекеттің бір азаматқа төленетін жарнасы айына 5852,63 теңгені құрап отыр екен. Атап айтқанда, биыл жұмыс берушілер қарамағындағы қызметкерлер үшін бұрынғыша, жалақының 3% мөлшерінде аударым жасайды. Төлемнің шекті мөлшері 10 ЕТЖ немесе 25 500 теңгеден аспайды. Жұмыс беруші аударымды өз қалтасынан төлейді. Ал жұмыскерлер жалақысынан 2% ұстап, қорға аударады. Жарнаның шекті мөлшері 10 ЕТЖ немесе 17 мың теңгеден аспауға тиіс.

Одан кейінгі санат – жеке кәсіпкерлер. Нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар да осы санатқа кіреді. Олар бұрынғыша 1,4 ЕТЖ-ның, яғни 119 мың теңгенің 5 пайызын төлейді. Биыл ең төмен жалақының өсуіне байланысты бұл сома 5950 теңгеге жетіп отыр екен. Ал, азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша еңбек ететіндер сақтандыруға бұрынғыша табысының 2%-ын аударады.

«Сондай-ақ, Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар бар. Бұл азаматтар сақтандыру жүйесіне қосылу үшін екі түрлі әдісті пайдаланса болады. Біріншісі – дербес төлеуші ретінде бір ЕТЖ-ның 5% немесе 4250 теңге төлеу. Екіншісі – жеке кәсіпкер ретінде тіркелу және жарналарды ЖК ретінде төлеу «, – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Қыдырбаев Нұрлан Икрамұлы

Сонымен қатар, кейбір азаматтар екі жерде жұмыс істейді. Бұл жағдайда төлемдерді есептеу үшін шекті табысты ескеру керек – ол 10 ЕТЖ (2024 жылы 850 000 теңге). МӘМС-ке аударымдар әр жұмыс орнынан аударылады, бірақ 25 000 теңгеден аспауы керек. (850 000 теңгенің 3%). Ал жарналарды есептеу кезінде барлық жұмыс орынанан түсетін ортақ табысы ескеріледі, яғни әр айға жарна 17 000 теңгеден аспауы тиіс (850 000 теңгенің 2%). Қызметкер төлемдерді дұрыс есептеу үшін бірінші жұмыс орнынан екіншісіне анықтама тапсыру керек.

Мысалы, қызметкер 1 ұйымынан 550 000 теңге жалақы алса, 2 — ұйымынан 400 мың теңге түседі. Оның ортақ табысы 950 000 теңге, яғни, шекті салық салынатын кірістен жоғары. Бұл жағдайда бірінші жұмыс беруші 11 мың теңге көлемінде жарна ұстап, 16 500 теңге көлемінде аударым жасайды. Екінші жұмыс орнында оған 6 000 теңге (жарнаның ең жоғары мөлшері 17 мыңнан төленген11 000 теңге жарнаны шегергенде) жарна төлейді.Аударымдардың мөлшері 18 000 теңгені құрайды, -дейді мамандар

Сондай-ақ, ресми қызметінен бөлек, жеке бизнесі бар жеке кәсіпкерлер де бар. Бұл жағдайда қызметкердің жалақысынан қажетті жарналар мен аударымдар төленеді әрі Салық кодексі талап еткендей жеке бизнесі үшін төлеуі қажет.

Айта кетейік, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәртебесін келесі жолдармен тексеруге болады:

Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы; fms.kz ресми сайты; Telegram-дағы @SaqtandyrýBot; 1414 байланыс орталығы; Damumed мобильді қосымшасы; Halyk мобильді қосымшасы; BCC.KZ мобильді қосымшасы; Kaspi.kz мобильді қосымшасы; egov.kz электрондық үкімет сайты – «Медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысу туралы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде аударымдардың және  жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат беру» мемлекеттік қызметі арқылы. Сақтандыру жүйесі мен төлемдер жайлы толық мәліметті fms.kz ресми сайтынан да алуға болады.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*