Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылдың 30 – қарашадағы 962 қаулысына сәйкес, Ұлттық жобасы аясында облыс аумағындағы 49 медициналық санитарлық алғашқы көмек нысандарының құрылысы 2024 жылға жоспарланған болатын. Атап айтқанда 20 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік пункт, 6 медициналық бекеттер тізімге енгізілген. Оның ішінде, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында Түлкібас ауданы, Түлкібас аудандық орталық ауруханасына қарасты 4 нысан бой көтермек. Бұл өз кезегінде ауылдағы тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, олардың дер кезінде медициналық қызмет алуларына септігін тигізеді.
Айта кетейік, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасының негізгі мақсаты – барлық ауылдық елді мекендерді бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарымен қамтамасыз ете отырып, дені сау ұлт қалыптастыру. Сондай-ақ шалғайда жатқан ауыл халқына шұғыл медициналық көмек көрсету тиімділігін арттыру.
Осы мақсатта ауыл-аймақтарда фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер, дәрігерлік амбулаториялар сынды БМСК объектілерін салу жоспарланған. Мұнымен қатар еліміздің көптеген аумағында заманауи көп бейінді ауданаралық орталық ауруханалар желісін, атап айтар болсақ инсульт, кардиология орталықтарын салумен бірге реанимация, оңалту бөлімшелерін КТ, МРТ, УДЗ, ӨЖЖ сынды қажетті аппараттармен жабдықтау күннің басты міндетіне қойылған. Жоба шеңберінде ауылдарда 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек объектілерін салу, реконструкциялау, қосымша жарақтандыру көзделген. Соның ішінде 700 мыңнан астам ауыл тұрғындарын медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік сыйлайтын 228 жаңа, ал жұмыс істеп тұрғандарының орнына 427 объект салу жұмыстары және ауылдағы денсаулық сақтау нысандарын медициналық кадрлармен қамтамасыз ету жағы қолға алынды.
Ағымдағы жылдың ақпан айында Үкімет үйінде өткен кезекті отырыста аталған ұлттық жобаны іске асыру барысы талқыланған болатын. Жиын барысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндама жасап, салынып жатқан бірқатар нысандар төңірегінде сөз қозғаған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылдан бастап пилоттық ұлттық жобаны іске асыру аясында 3 міндет іске асырылу үстінде.Ал ауыл халқына шұғыл медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігін арттыру мақсатында қолға алынған бұл міндеттер бойынша 1 100 медицина қызметкерін даярлау жоспарланып отырған көрінеді.
Медициналық-санитариялық алғашқы көмекке арналған барлық нысанда компьютерлік техникасы бар телемедицина кабинеттерін ұсыну жағы қарастырылғанымен, құрылыс аясында телемедициналық консультациялар өткізу үшін медициналық жабдықтармен жарақтандыруға қаражат бөлу жағы көзделмеген. Осыған байланысты ауылдағы тұрғындарды сапалы медициналық көмекке тең қолжетімді ету мақсатында жергілікті атқарушы әкімдіктерге нысандарды интернет желісіне қосу және тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша өтініш жасалған.
Медициналық және медициналық емес бұйымдарды таңдау кезінде отандық тауар өндірушілердің өнімдеріне басымдық берілмек. Ұлттық жобаның бірінші міндетін орындау аясында барлығы 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанын салу жоспарланса, өткен жылы 92 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанының құрылысы аяқталды. Жоба аясында қарқынды жүріп жатқан жұмысқа сүйенген министр 2024 жылы 556 нысан пайдалануға берілетінін ескеркені есімізде. Биылғы нысандардың құрылысын аяқтаудың жоспарланған мерзіміне тоқталып өтер болсақ, 7 нысан – биылғы маусым, 10 нысан – қазан, 226 нысан – қараша, ал желтоқсанда 120 нысан беріледі деп межеленген.
Ұлттық жобаның екінші міндеті аясында 32 аудандық аурухананы жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде 12 жоба бойынша жобалау-сметалық құжаттама бар болса, оның ішінде 9 жоба республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Ұлттық жоба аясында 32 көпбейінді аудандық орталық аурухананы материалдық-техникалық жарақтандыруға 33,6 млрд теңге қаражат бөлінеді. Әлназарованың айтқанына құлақ түрсек, 2023 жылы жалпы сомасы 10,5 млрд теңгеге 1 800 медициналық техника сатып алынған. 2024-2025 жылдары 23 млрд теңге сомасына 9 ангиограф, 6 КТ және 17 МРТ сатып алу көзделіп отыр.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің есебінше 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысаны үшін 254 медицина қызметкері қажет болады. Ал 32 көпбейінді аудандық орталық аурухана үшін 898 маман жұмысқа тартылуға тиіс. 2023 жылы медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанына 39 жас маман, көпбейінді аудандық орталық ауруханаға 89 жас маман жұмысқа орналасса керек. Биыл осы бағыт бойынша ауылдық өңірлерге 215 грант иегерін жұмысқа жіберу жіберу жағы жоспарланып отыр.
Жалпы 2024-2025 жылдары ұлттық жобаның екі бағыты бойынша өңірлер 486 дәрігермен және 323 орта медицина қызметкерімен қамтамасыз етілмек. Бұл әлеуметтік пакеттер өңір қаражатының есебінен жүзеге асатын болады. Министр аталмыш мәселе төңірегінде әкімдердің қолдауы ауадай қажет екенін қадап айтқан. Қазіргі таңда Ұлттық жобаны іске асыру бойынша кешенді жұмыс жалғасуда.
Түркістан өңірінде де медицина және білім нысандарының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Айта кетейік, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында өңірде 49 медициналық санитарлық алғашқы көмек нысанының құрылысы басталды. Атап айтқанда, 20 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік пункт және 6 медициналық пункт салынады деп көзделген. 2023 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада медициналық кадрларды даярлауға 60 грант бөлініп, 40 үміткер өтінім білдірген. Қазіргі таңда, 37 үміткер медицина саласы бойынша білімін жетілдіруде. Ал биылға жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада медициналық кадрларды даярлауға 139 грант бөлініп отыр. Осы қадам арқылы акушерлер, гинекологтар, аллергологтар, иммунологтар, анестезиологтар мен реаниматологтар, нейрохирургтар, балалар хирургтары, гастроэнтерологтар және өзге де мамандар даярланады.