Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, академик Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев көзі тірісінде-ақ ерен еңбегінің арқасында халық сүйіспеншілігіне бөленген жан еді. Күллі қауымның «Димекең», «Димаш аға» деп еркелетіп атауынан-ақ оған деген зор ықыластың бар екенін, көпшіліктің Димаш атамызға арқа сүйегенін аңғаруға болады.
Басшылық қызмет атқарып жүрген кезде Дінмұхамед Ахметұлы ғылым, денсаулық, спорт, мәдениет салаларын назардан тыс қалдырмай, оларды дамыту мақсатында зор еңбек сіңірді.
Д.Қонаевтың Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келгені жайлы Әділ Сасбұқаев былай дейді: «1959 жылдың күз айы. Мен ол кезде Түркістан аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасымын. «Димаш Ахметұлы Шымкент қаласына келіп, онда жаңадан салынып жатқан алып цемент зауытының құрылысымен танысып, Кентау қаласына келетін болды»- деген хабарды сол кездегі Ащысай полиметалл комбинатының директоры Печенюктен естідім. Күздің суық күні еді. Кешке қарай суық желдің ызғары күшейе түскен. Соған қарамастан Димекең қасындағы адамдармен бірге Қожа Ахмет Ясауидің мешітіне барып тәу етіп, бір жарым сағаттай асықпай, мұқият танысып шықты. Абырой болғанда, мешіттегі керекті кісілердің бәрі де орнынан табылды. Ол кезде Түркістан қаласы ауданға қарайтын еді. Оның басшылары да сол жерде екен.
Жасыратыны жоқ, мешіттің жағдайы өте нашар болатын. Әсіресе соғыс жылдарында кейінгі дінге қарсы үгіт насихаттың кесірінен бұл ғимараттың сұқбыты адам көргісіз тозып кеткен еді. Мұны байқаған Димекең қатты қынжылды. Алматыға оралған соң тиісті комиссия құрып, Министрлер Кеңесінде арнайы мәселе етіп қарайтынын, қажетінше қаржы бөліп, арнайы шеберхана құрып, жөндеу мәселесін қолға алатынын айтты. Ол солай болды да. Сол кездегі игілікті бастама көп кешікпей қолға алынып, осы күнге дейін жақсы жалғасын тауып келеді».
Естеліктен көріп отырғанымыздай, кесенеде жөндеу жұмыстарын жүргізу, оны келешек ұрпаққа жеткізуінің қажеттілігі ең алғаш Димекеңнің ойына келіп, сол кісінің бастамасының негізінде, кесенені қалпына келтіру жұмыстарына ең алғашқы алғышарттар жасалып, ол іс күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді.
Д.А.Қонаевтың Түркістанға келгені туралы Түркістан қаласының құрметті азаматы, Ұлы Отан соғысының ардагері Төлеген Жақыпбаевтың естелігінде мынадай қызықты деректер бар. “Түркістанға келгенде Димаш аға көбіне Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне кіріп шығатын. Біздер мұсылманбыз ғой, ағамыздың бұл қадамын ішімізден сүйсініп, жақсы көретінбіз. Сезетініміз, ол кісі Түркістанның бұрын да рухани астана болғандығын, келешекте де солай болатынын қолдайтын. Қожа Ахмет Ясауидің кесенесінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына үлкен мән беретін. Белгілі ақын, жазушы, мәдениет саласының қайраткері Орынбай Дастанов ағамыз түсініктемелер беріп жүріп, Димекеңнен көмек сұрап, тілектерін білдіретін-ді. Бір ретте Димаш аға: «Орынбай інім, сенің мына бабамыздың кесенесін сақтау үшін жөндеу шеберханасын ашып, оны басқарып жатқаныңды білем, зерттеу еңбектеріңнен де хабарым бар. Саған көп рахмет. Әзірет Сұлтан бабамыздың әруағы қолдасын, — деп Орекеңнің арқасын қағып, көңілдендіріп тастағаны есімізде.
Кесененің ішіндегі үлкен залында істеліп жатқан жұмыстармен танысып болған соң Димаш аға көрханаға кіріп, бір-екі минуттай болып, құлыптасын сыйпап, өзінше ішінен күбірлеп, бетін сипайтын-ды. Одан шығысымен «Құдық» бөлмесінің жағдайымен танысайық деп кіріп, байлаулы тұрған шелекті құдыққа салмас бұрын қалтасынан тиын шығарып: «Жігіттер, тыңдап көріңдерші» дейтін де құдыққа салып жіберетін. Құдықтың суына шолп етіп түскен дыбысын құлағымызды тігіп бәріміз де еститінбіз.
Содан кейін қауғаны өзі құдыққа салып тартып алып, суды өзі бір ұрттап, қасындағыларға да ішкізетін. «Жігіттер, мына су өзгеше, таза, мөлдір, қасиетті зәм-зәм су, мұны ішсеңдер армандарың орындалады» дейтін. Бір жолы ізеттік сақтап па, әлде басқа бір жедел тапсырма беріп пе, кейінірек тұрған Жалмағамбетовке қарап: «Әй , Тәңірберген, сен де зәм-зәм судан іш, тезірек генерал болар ма екенсің» — деп күлдірген-ді.
Д.А.Қонаев әулиелер сұлтаны Қожа Ахмет Ясауидің кесенесіне жөндеу жұмыстарын бастап, бүлінген жәдігерлерді қалпына келтірудің жоспарын қадағалады… Кесенені «тарихи ескерткіш» деп тізімге кіргізіп, Үкімет қаулысымен оның қорғалуын назарда ұстады. Түркі ойшылы, сопы, Мұхаммед Пайғамбар ілімін уағыздаушы Әзірет Сұлтан есімін ұлықтап, ұрпақ ұмытпауы үшін, осылай жол тапқан оның әрекеті көрегендік іс еді.
Жоғарыдағы естеліктерден сол жылдарға Дінмұхамед Ахметұлының партияның дінге деген қатаң саясатын байқатпай, шебер, ақыл-оймен айналып өтіп, адамгершіліктің, қазақылықтың мұсылмандықтың, ар-ұяттың талаптарына сай өмір сүргендігін байқаймыз.
Дина Әділбаева – мұрағатшы