Сауран ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаевтың төрағалығымен «Ауыл Аманаты» пилоттық жобасының ауданда жүзеге асуы бойынша жиналыс өткізілді. Жиынға ауыл шаруашылығы басқармасының агроөнеркәсіп кешен субьектілерін несиелендіруді ұйымдастыру бөлімінің басшысы Бауыржан Қалданов, «Түркістан ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрлыбек Исаев, «ОҢТҮСТІК» АИО ЖШС-нің басқарма төрағасы Айса Шырақбаев, «Ырыс» МҚҰ» ЖШС-нің басқарма төрағасы Мұхит Мыңбаев, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бекзат Абубакиров және «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушы ауылдық округ әкімдері, кооператив төрағалары, ауыл шаруашылығы бөлімінің және ауылдық округінің мамандары қатысты.
“Ауыл Аманаты” пилоттық жобасы бойынша ауыл халқының кірістерін арттыру және ауқымды түрде қолдану үшін ауылдарға микрокредиттер беру бағдарламасы аясында жоғарыдағы аталған азаматтар өз салалары бойынша мағлұмат беріп, жобаның талаптары мен шарттары туралы кеңінен түсіндіріп өтті. Биыл ауданнан осы жобаға қатысушы ретінде Үшқайық, Иассы, Жаңа Иқан, Шаға ауылдық округтері таңдалып отыр.
Айта кетейік, енді «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға ниет білдірген азаматтар үшін электронды ақпараттық жүйе әзірленуде. Портал жеңілдетілген несие алып, кәсіп ашуды көздеген адамға тиісті өтінімді үйден шықпай-ақ, қашықтан беруге мүмкіндік туғызбақ. Жүйе жобасы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте таныстырылған болатын.
Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған бағдарламаға қатысушыларға жеңілдетілген несие беру үрдісін өңірлердегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар үйлестіруде. Олардың кеңселері облыс орталықтарында орналасқан. Бұл ретте кейбір тұрғындар үшін шалғай жатқан ауылдардан келіп, өтінім беру біршама ыңғайсыздықтар тудыруда. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауовтың сөзінше, әзірленіп жатқан портал өтінімді қабылдап қана қоймай оның қарастыру кезеңдерін қашықтан бақылап отыруға мүмкіндік бермек.
«Өтінім беруші жүйеге электронды қолтаңбасы арқылы тіркеліп, бағдарламаға қатысуға қажетті мәліметтер мен құжаттарды жүктейді. Қолданушының рұқсатымен оның жеке деректері тексеріліп, базаларда бар кей мәліметтер автоматты түрде енгізіледі. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларда өтінім бірнеше сатыда қарастырылады. «Ауыл аманаты» арқылы несие алуға ниетті азамат жеке кабинеті арқылы құжаттар нақты қай маманның қарауында тұрғанын көре алады», — деді Бағлан Бекбауов.
Электронды жүйені ең бірінші Жамбыл облысында пилоттық режимде енгізу көзделіп отыр. Одан кейін, «Ауыл аманаты» жүзеге асырылып жатқан облыстарда жалғасын тауып, ауыл тұрғындары үшін қолайлы жағдайлар жасалады.
«Бағдарламаға қатысушылар үшін барынша ыңғайлы жағдай жасау маңызды. Ақпараттық жүйенің өзге де қажетті мәліметтер базаларымен интеграциялануын жіті қадағалау керек. Біздің түпкілікті мақсатымыз ауыл тұрғындарының табысын арттыру екенін естен шығармау қажет. Сондықтан берілетін несиелер ауылдардағы ағайынның тұрақты табысқа қол жеткізуіне ықпал етуі тиіс. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы кәсіп ашқан немесе жұмысқа орналасқандар туралы деректер тиісті базалар арқылы тексеріліп отырады. Сондықтан аймақтар бағдарламаның нәтижелі жүзеге асуын қатаң бақылауы шарт», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.