Түркістандық аналар қазақ халқының сөнбес мұрасы болып, ұрпақтан ұрпаққа сабақтасып, ұзақ жылдар өзіндік тарихымен мәдени қол өнері болып қалыптасқан, далалық өркениеттің белгісі болған ою-өрнек өнерін кейінгі ұрпаққа насихаттап келеді. Жалпы қазақ халқы мол байлығымен республика жерінде ескіден қалыптасқан көне мәдениеттің тікелей мұрагері және сол дәстүрді, салтты өркендетуші, ары қарай жаңғыртып, байытушы деуге болады. Ата-бабамыздың қолөнер мұраларын жақсарту – қазіргі заман жастарының ісі және осындай игі істер жарасымды жалғасын тапса, ұлттық өнер өркендей түсетіні анық. Ал, осындай өнегелі шараларды Түркістан облысының ақ жаулықты аналары қолға алып, кейінгі ұрпаққа насихаттап келеді. Солардың бірі — Төлеби аудандық аналар кеңесінің төрайымы Рахишова Айдаркүл Айтбайқызы. Асыл анамыз өңір жастарына үлгі болсын деген мақсатта салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты насихаттайтын игі шараларға бастамашы болып жүр. Бұған дейін домбыра күнінде ұлттық аспаптың қадір-қасиетін жас өрендерге дәріптесе, одан бөлек бесік жыры, тұсау кесер, қыз тәрбиесі мен ұлттық құндылықтар бойынша түрлі жиындар өткізіп, аналар ақыл-кеңестерімен бөліскен. Ал, жақын күндері кеңес төрайымы Төлеби ауданында жастарға қазақтың ою-өрнектері туралы насихаттап, Қазақ халқының дәстүрлі мәдениетіндегі ұлттық өнердің керемет сырларымен бөлісті.

 

— «Қазақ халқы «өнер алды-қызыл тіл» дейді емес пе? Бірақ тілден бұрын, сурет өнері пайда болған секілді. Себебі, сонау тас ғасырынан адам баласы таңбалы тастарға өзінің ойын дәл осы ою-өрнектермен жеткізген десек болады. Ал, тіпті ұлт болып қалыптаспай тұрғанның өзінде ою-өрнектің тілі қазіргі біздің ою-өрнектің тілімен бірдей болып тұрғандығы Ұлы далада мекен еткен ұлттың мәдениеті мен руханияты қандай деңгейде болғандығын көрсетеді. Жалпы, ою-өрнек ісі тым ерте заманнан бастап-ақ қазақ қолөнерінің барлық түріне бірдей ортақ әсемдеп әшекейлеудің негізі болып келді.Ою деген сөзбен өрнек деген сөздің мағынасы бір. Бұл сөздің ұғымында бір нәрсені ойып, кесіп алып жасау немесе екі затты оя кесіп қиюластырып жасау, бір нәрсенің бетіне ойып бедер түсіру деген мағына жатыр. Қазақ көбінесе бір өрнекке салып қиып алған үлгіні, үлгіге салып кескен сырмақтың қиығын, сондай-ақ барлық қошқар мүйіз өрнектерін де ою дейді. Ал өрнек дегеніміз әр түрлі ою, бедер, бейненің күйдіріп, жалатып, бояп, батырып, қалыптап істеген көркемдік түрлердің, әшекейлердің ортақ атауы іспеттес. Сондықтан, ою-өрнек деп қосарланып айтылады. Қазақтың өрнекті әшекеймен істелетін қолөнердің түрлері де, атаулары да өте көп. Солардың ішінде халық арасына көбірек тарағаны – ою-өрнек. Қазақ халқында түзу және ойқастыра тоқу тәсілдері көп қолданылады. Ал, түркі халықтарының қолтаңбаларында өрнексіз заттың мәні жоқ. Жалпы қазақ халқы ою-өрнекті қадір тұтқан. Бас киімдегі ою-өрнекке қарап, қай ұлттың ұрпағы екенін таныған, кімнің қазақ, кімнің ұйғыр, татар екенін білген екен. Қырғыздарда «қошқар мүйіз», «тұмар», «теке мүйіз», ұйғырларда «бадам», «шәдә», өзбектерде «пахта гүл», «бадам» деп аталады.

Мен, өзім Қазақстан халқы Ассамлеясы жанынан құрылған Аналар кеңесінің төрайымы болғандықтан, түрлі ұлт өкілдерінің салт-дәстүрлерінде жақсы білемін. Ал,қазақтардың оюын сипатына қарай теңдеме, жүздеме, сыңар ою деп үш топқа бөледі. Қазақтар өздері жасаған ою-өрнектің атауын таба білген. Осы атауларды олар өз тіршілігіне лайықты қолдана түскен. Әрбір тарихи кезең өзіндік ою-өрнектермен ерекшеленген. Ескіден келе жатырған мешіт, күмбез ою-өрнексіз жүзеге аспаған. Қазақ ою-өрнегінің табиғаты халық өнерінің тарихын, өмір тіршілігінің сұлулығын және әсемдігін айқындайды.

«Мүйіз» оюы қазақ халқының ою-өрнегінің төркіні деуге болады. Мысалы: «қошқармүйіз», «арқармүйіз», «бүғымүйіз», «қырықмүйіз», «қосмүйіз», «сыңармүйіз», «сынықмүйіз», «төртқұлақ», «түйетабан», «сыңарөкше», «қосалқа», «қүсқанаты», «қаз-табан». Біздің қолөнер шеберлері осы түрлерін ұтымды пайдаланып келеді. Қазақ оюларының мазмұны мал өсіру, аңшылықты жер-су, көшіп-қону көріністерін, күнделікті өмірде кездесетін әртүрлі заттардың сыртқы бейнесін тұспалдайды, бірақ қолөнер саласындағы қай бұйымды алсақ та, сол заттың бетінде түрлі нүсқада бейнеленген «мүйіз» элементін байқаймыз. Әрбір оюшы ою-өрнек жасап, оған ат беріп, оны тұрмыста қолданған. Сондықтан қазақтың ұлттық ою-өрнектерінің ең басты мәнері, әртүрлі мәнер жасауда жиі қолданылатыны «мүйіз» тектес ою-өрнектер. Мүйіз тектес ою-өрнектер кейде өте ұсақ, кейде өте ірі болып келеді. Ұсағы зергерлік, кесте тігу, ағаш, сүйек, мүйіз ұқсату сияқты нәзік істерге қолданылса, ірісі кілем, алаша, терме алаша, текемет, сырмақ, ши орау, қоржын, киім-кешекке қолданылады.

Сондай-ақ, ою-өрнек бойынша, бірқатарын атап өткенді жөн санап отырмын. Халқымыздың мұндай құндылығын әрбіріміз білуіміз керек. Мысалы:  «Тоғызтөбе» ою-өрнегі ең көне оюлардың бірі болып саналады. Бұл өрнек қимақтар мен қарлұқтардың қолөнерінде сақталған және кезінде «тоғыз-төбе» ою-өрнегі Айша-бибі күмбезінің кірпіштерін өрнектеу үшін қолданған. Ал қазіргі кезде қазақ, қырғыз, түрікмен, қарақалпақ қолөнерінде кездеседі. «Арқармүйіз» деп аталатын ою-өрнек қойдың мүйізін бейнелейтін оюдың түрі. Бұл элемент «қошқармүйізге» өте ұқсас, бірақ, оған қарағанда шиыршықтанып, тармағы одан көбірек болып келеді.  «Сыңармүйіз» «қосмүйіз», «қошқармүйіз» деп аталатын оюдың тек бір жақ сыңарын ғана бейнелейтін өрнек түрі. Шебер орналастырылған «сыңармүйіз» өрнек композициясында дараланып тұрмай, жымдасып келеді, үй-жиһаздары мен тұрмыстық заттарға, сондай-ақ киім-кешек, қару-жарақ т.б. бетіне салынатын ою-өрнектің бәрінде кездеседі және текемет, сырмақты әшекейлейтін, жиегіне жүргізілетін өрнектің бір түрі.

«Қошқармүйіз» ою-өрнегі қойдың төбесі мен екі жаққа иіріле түскен мүйіз бейнесінде келіп, оның қолтық тұсынан қойдың құлағын долбарлайтын тағы бір шолақ мүйіз тәрізді екі буын шығып тұрады. Одан байқаған адамға қошқардың тұмсық бейнесі аңғарылады. Текемет, сырмақ, басқұр, алаша, кілем, былғары, сүйек, ағаш, зергерлік бұйымдардың барлық түрлерінде кездеседі. Киізден жасалған бұйымдарда бұл ою түсті шүберектермен ойылып, құрақ, яғни аппликациялық өрнек түрінде де тігіледі. «Қырықмүйіз» ою-өрнегі біріне-бірі жалғаса, тармақтала қосылған, көп мүйізден құралған ою-өрнектің бір түрі. Ол көбінесе дөңгелек не төрт-бүрыш ішінде бейнеленеді, кейде бұтақтың ағашы тәрізді тармақталып, жайылып бейнеленеді. Бір-бірімен қосылған бірнеше тармақты көп мүйізді оюлардан құралады. «Сынықмүйіз« морт сынған тік төртбұрыш жасап, төрт рет ішке қарай иіледі. Бұл ою-өрнек кілемдерді, шилерді, басқұр мен алашаларды, сондай-ақ әртүрлі қалталарды безендіру үшін пайдаланылады, ал сырт көрінісі малдың сынған мүйізіне үқсайды.

«Төртқұлақ» ою-өрнегінің төрт тармағы зооморфты немесе көгеніс оюларынан құралған, ортасы крест бейнесін жасайды. Төрт тармақтан дөңгелек, «төртбұрыш», «төртжапырақ» құрайтын ою-өрнектер жасалады. Бұл оюлар, кебеже, жүк-аяқ, аяққап, батырлардың шапанының жауырынына, қалқанға, шалбардың тізе тұсына, дөдегенің ортасына немесе шет бүрыштарына салынады.  «Түйемойын« ою-өрнегі түйенің мойнына ұқсап иіле көтеріліп барып тармақталатын мүйіз оюы. Мұндай өрнек мәнері көбінесе күрделі бір мүйіз оюларымен түтас келеді де,»түйемойын» өрнегі сол топта өз алдына оқшауланып өзге денелерден озып тұратын түйенің ұзын мойнына ұқсайды. «Өркеш» ою-өрнегі түйенің қос өркешін бейнелейді. Сырмақ, текемет, түскиіздерге салы­натын ою-өрнек композициясында көбірек кездесетін элемент. Қазақ оюында мал мен аңның қос мүйізін, түйенің қос өркешін, биенің қос емшегін бейнелеу тек симметриялық тепе-теңдік үшін ғана емес, сонымен қатар береке-бірліктің, көбеюдің символын білдіреді. «Айыр» ою-өрнегі «ашатұяқ», «айыртұяқ» өрнегі кейде «айыр» өрнегі деп те аталады. Пішен ашалайтын айыр құралға ұқсас болып келеді. «Каңқа» ою-өрнегі тоқыма бұйымдарында қолданылады. Малдың құрап қалған сүйегін тұспалдайды. Алаша, басқұр бау т.б. тоқыма бұйымдар негізінде өрнек ретінде салынды.

Қорта айтқанда ою-өрнек – дәлдік, есеп, теңдік, теңеу, үйлесім, жарасым, сәндік, көркемдік, сәйкестік, тазалық, нәзіктік, сүйкімділік, парасаттылық, жылылық, сұлулық, ойлылық, ақылдылық, зеректік, шуақты шақ, арайлы кезең, жарқын әлем, көңілге шабыт, шаттық ұялатады, шабыт береді, ептілікке, іскерлікке, шеберлікке, икемділікке, дәлдікке баулиды. Өнерге деген махаббат, сұлулыққа деген ғашықтық, құштарлық жинағы ою ойған адамның жүрегі жылы, жаны нәзік болады. Бұл мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан ұлттық қоңыр ою-өрнектерімізді, кәзіргі жаһандық заманда аман сақтап, жастарымыздың бойына ұялата білу біздің парызымыз.

 

Айдаркүл АЙТБАЙҚЫЗЫ  — Төлеби аудандық Аналар кеңесінің төрайымы

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*