Игілікке жетудің жолы – аянбай еңбек ету. Еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік болады. Халық еңбекке бейім болса, ел ырысқа кенеліп, өзгелермен терезесі теңеледі. Бақуатты, бәсекеге қабілетті болып, табысы артады және нығая түседі. Қазіргі таңда, өңірімізде адал істі кәсіп етіп, қара жерден өз несібесін тауып жүрген азаматтар жетерлік. Яғни ауыл шаруашылығына бейімделіп, берекелі өнім алып жүрген шаруалар бар.
Солардың бірі — Сауран ауданы Майдантал ауылдық округіндегі “Ақсақ-керіз” шаруа қожалығының иесі Нұржан Бексейтов. Бүгінде су ресурстарын тиімді пайдалану арқылы аграрлық саланың дамуына жол ашатын негізгі бастамалардың бірі тамшылатып суару технологиясын ұтымды пайдаланып жатқан шаруа қожалықтың жұмысы көпке үлгі деуге болады. Нұржан Бексейтовтың жаңа бастамасы суды үнемдей отырып, егін көлемін арттыруға септігін тигізіп отыр екен. Бүгінде ол 25 гектар жерге тамшылатып суару әдісі арқылы қарбыз өсіруде.
« — Ауыл шаруашылығы саласында кеңінен тарала бастаған тәсілдің тиімді тұстары көп екен. Осы әдістің арқасында арықпен суарылған жерлерге қарағанда астық молырақ жиналады. Артық шығынды қажет етпейді. Жалпы айтқанда шығыным аз, табысым берекелі болатынына сеніммен қараймын. Тиісінше, суды үнемдеу жұмыс күшін де қысқартады. Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде ағын су мәселесі өзекті болып отыр. Ағын суды барынша үнемдеп, тиімді пайдалану еліміз үшін қашан да маңызы зор. Әсіресе шөлейтті аумақта тамшылатып суару әдісі арқылы мол өнім алуға қолайлы.Заман ағымына қарай заманауи техникаларды пайдалана отырып егін өсіріп, одан мол өнім алу үшін, тамшылатып, жаңбырлатып суару әдістеріне баса мән беруіміз керек. Тамшылатып суарудың тиімділігі сол, егістік көлемі қанша үлкен болса да, су аз шығындалады. Екіншіден, басқа зиянды шөптер дәннің өсіп, күш алып кетуіне кедергі бола алмайды. Биылдан бастап 1 гектар жерге тамшылатып суару әдісін қолданып көруді ойладық. Әуелі аздан бастап, пайдасы мен қиын тұстарын бағамдап көргенді жөн санадым. Бірақ әзірге жаман емес, алдағы жылдары тұтастай осы әдіске көшу жоспарымызда бар. Негізі бұрын егінді арық арқылы су жіберіп, суарып келдік. Онда су көп кетеді, әрі арамшөп мол шығады, оны уақытылы жұлып отыру керек. Ал мына әдістің тиімділігі сол, су аз шығындалады, арамшөп деген болмайды.» -дейді “Ақсақ-керіз” шаруа қожалығының иесі Нұржан Бексейтов
Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында агросектор саласында еңбек өнiмдiлiгiн арттыру мiндетiн қойғаны белгілі. Сондықтан дала төсінде жүрген егіншілер бүгінгі күнгі ең озық технология саналып жүрген тамшылатып суару әдісіне арқа сүйеп отыр. Шыны керек, бүгінде аудандағы бірқатар шаруа қожалықтар осы әдіске көшіп үлгерді. Бүгінде бірқатар шаруа қожалығы арнайы құрылғылар арқылы жасалатын бұл жүйенің тиімділігі көп екенін айтып отыр. Тиісінше тыңайтқыш көлемі де 5-6 есе азаяды екен. Есесіне бұл тәсілмен мол өнім алуға болады. Ең бастысы, ағын су үнемделеді. Қазіргі таңда мамандар ауыл шаруашылығын дамыту үшін озық технологияны пайдалану көрсеткішін көтеру маңызды екенін айтады. Шет мемлекеттерде өсімдіктерді тамшылатып суару әдісімен жылыжайларда, сондай-ақ аспалы бақтарда өсіру тәсілі кең қолданыста.
Тамшылатып суару – өсімдіктің тамырына суды, тыңайтқыштарды және өсімдіктерді зиянкестерден қорғайтын агрохимиялық заттарды дәл әрі біркелкі жеткізу үшін қолданылатын өндірістік әдіс. Тамшылатып суаруға арналған құбырлар топырақ үстімен немесе астымен де орналастырылуы мүмкін. Сонымен қатар, құбырлар арқылы фертигация әдісін, яғни тыңайтқыштарды суға қосып қолдануға да болады. Суарудың мұндай түрі тыңайтқышты да, суды да қажет мөлшерде пайдалануға мүмкіндік береді, бұл дегеніңіз ең бастысы суды үнемдеуге мүмкіндік береді және егіннің еселі болуына септігін тигізеді.
Расында басқа егістік алқаптарға қарағанда, тамшылатып суарумен піскен дақылдардың дәмі ерекше болады дейді мамандар. Тың жоба арқылы мол өнім алуды көздеп отырған “Ақсақ-керіз” шаруа қожалығы бүгінде үш адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр екен. Сонымен қатар, тамшылатып суару әдісіне пайдаланылатын заттарды да өз қолдарымен жасап шығыпты. Адал еңбектің иесі Нұржан Бексейтов елімізде іс бастаймын деген азаматтарға қашанда қолдау болатынын айтады. Сондай-ақ, аймақтың әлеуетін көтеру үшін әрбір азамат еңбек ету керектігін атап өтті.