Еліміздің мәдени-рухани астанасы Түркістан қаласында қазақ халқының көнеден келе жатқан салт-дәстүрлері насихатталып, мәдени іс-шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. Руханияттың ордасы атанған шахардың тұрғындары да ұлттық құндылықтарды ұрпаққа дәріптеп жүр. Солардың ішінде көп дәріптелетіні – «Тұсау кесер» рәсімі. Көбіне азаматтар өз баласының тұсауын елге сыйлы, құрметті, танымал адамдарға кесітіреді. Ырым бойынша өз ұрпағы да сондай тұлғалардың тура жолымен жүріп, халқына абыройлы азамат болсын деген ниетпен осындай шешім қабылдайды. Бала – адамның бауыр еті. Оның дүниеге келгені, езу тартып күлгені, бауырын көтеріп еңбектегені, төсекке, жүкке сүйеніп қаз тұруы, қалбалақтай адымдауы – ата-ана үмітінің жанған оты. Ата-ана перзентінің әрбір елеулі қимылын жіті қадағалап, қылығына сүйсіне қарап, жаратқанға шүкіршілік жасайды. Осындай жанға шуақ, жүрекке шабыт сыйлайтын сәттің, қазақы дәстүрдің әдемісі – «тұсаукесер» рәсімі екені белгілі. Осы тұста «Өнерлі өлке» мәдени іс-шарасында, талай жыл ұстаздық еткен Мариям әжей «тұсау кесер» дәстүрінің маңыздылығын айтып берді.

«Тұсау кесер – сәби бесіктен шығып, еңбектеуден өткен соң, қаз тұрып, тәй-тәй басқанда жасалатын дәстүр. Ырымшыл қазақ тұсауы кесілмеген бала өмірде сүріншек болады деп, тұсауын елге сыйлы, ортада өзіндік орны бар абыройлы кісіге кестірген. Дана қазақ баланың тұсауын ала жіппен, малдың тоқ ішегімен және көк шөппен кескен. Сәби 5-6 айдан соң талпынып, еңбектеуге бейімделеді. Бала осы еңбектеуден толық өтуі тиіс. Бұл қимыл баланың қол-аяғын, арқасын, бұлшық етін шыңдап, шынықтырады. Сәби еңбектеу арқылы төңірегін таниды. Осы кезде «балам тез еңбектеп кетсін» деген ниетпен анасы көрші-қолаңын жинап, «бауырынан табақ алу» ырымын жасайды. Ауылдың сыйлы адамдарының бірі құрт-ірімшік, бауырсақ, тәттілер салынған табақты баланың бауырынан оңнан солға, солдан оңға қарай «тез еңбектесін» деп жеті рет өткізеді.Бұл мәреден өткен нәресте 9-12 айлығында қаз тұрып жүруге талап қылады. Сәби «тәй-тәйлап» жүре бастаған кезде ата-ана «баламның жүрісі ширасын» деп тұсаукесер тойын жасайды. Халықтың түсінігі бойынша, тұсауы кесілмеген бала сүріншек болады. Тұсаукесер де ел ішіндегі дәстүрлі қуаныш. Оған арнайы әзірлік жасалады. Қонақтарға табақ тартылып, сый-сияпат әзірленеді. Нәрестеге ізгі тілектер айтылады. Ас мәзірінен соң тұсаукесердің рәсімі басталады. Сәбидің ата-анасы көңілі түскен адамға баланың тұсауын кескізеді. «Шынында өмір есігін жаңа ашқан періштенің өмір жолында ұлттық салт-дәстүрдің сан түрі бар. Тұсау кесу – соның ішіндегі ең керемет жоралғының бірі. Бұл рәсімді адал, мейірімді, елгезек, зиялы, ақылды, көптің көңілінен шыққан ұлықты кісілерге жасатады. Сол қасиет жас балаға дарысын, өмірі өнеге мен жақсылыққа толы болып басталсын, жолында кедергі болмасын деген тілек-батамен астасады. Қазақтың қай ырымын алсақ та, мәні терең, ойы салмақты ұғымға бағытталған. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген қазекең үнемі жақсылық пен ізгіліктің жаршысы болып жүреді емес пе? Қай ата-ана бауыр еті баласының немесе балдан тәтті немересінің көрнекті, көргенді азамат болып өскенін қаламайды дейсіз. Қазақ халқы тұсауды кез келген кісіге кескізбеген. Дімкәс, аурушаң адам, қимыл-қозғалысы ауырлап қалған қарт кісі, «жолы әлі ашылмаған» деп үйленбеген жігіт, тұрмысқа шықпаған қыз бұл рәсімді орындамаған.» — дейді ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отырған ана.

Тұсау кесер сәті алдында жиналғандар кең дала, таза ауаға шығып, үсті түрлі тәтті дәмге толы бала-шағаға арналған дастарқан маңына, қызық тамашаға жиналады. Дастарқан жанына қазық қағып, аяғы тұсалғанбаланы арқандап қояды.Тойдың негізгі жанкүйерлері – балалар алыстан жаяу жарысқа жіберіледі, озып келгені арқанды қиып, дастарқандағы бар дәмге ие болады, оған арнайы сыйлық беріледі.

Бұдан соң, «Жүйрік бол!», «Шауып кет!» т.б. тілектерді айта отырып, екі қолынан екі адам жетектеген баланың тұсауын таңдалып алынған адам кесіп жібереді. Тұсауы кесілген соң, сәбиді екі адам ортаға алып шығады да, тез-тез жүгіреді. Осы кезде«Тұсаукесер» жыры шырқалады:

Қаз-қаз, балам, қаз балам,

Қадам бассаң, мәз болам.

Қаз-қаз, балам, қаз балам.

Тақымыңды жаз балам.

Күрмеуіңді шешейін,

Тұсауыңды кесейін,

Қадамыңа қарайық,

Басқаныңды санайық,

Қаз-қаз, балам, жүре ғой…

Балтырыңды түре ғой.

Тай-құлын боп шаба ғой,

Озып бәйге ала ғой.

Қаз баса ғой, қарағым,

Құтты болсын қадамың!

Өмірге аяқ баса бер,

Асулардан аса бер.

Жүгіре қойшы, құлыным,

Желбіресін тұлымың.

Елгезек бол, ерінбе,

Ілгері бас, шегінбе.

Міне, осыдан бастап шынашақтай қазақтың өмір жолының алғашқы ізі жер бетін шимақтайды, қиындығы мен қызығы мол жаңа өмірі басталады. «Тұсаукесер» – баланың осы өмір сапарының сәтті болуы үшін ақ ниетпен жасаған ырымы, Құдайға деген құлшылығы. Ұлтымыздың ұлылығы, халқымыздың даналығы осынау салт-дәстүрден көрініс табатынына бек сүйсінетініміз рас.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*