«Қарт Қаратаудың бауырында орналасқан «Шаммат-Ишан» музейінің тарихы тым әріде. Ең алғаш 1789 жылы жергілікті халықтың сауатын ашу мақсатында мешіт-медресесінің іргетасы қаланған. Бүгінде музейге айналып, Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы ретінде көпшілікке қызмет көрсетуде.

Қарнақ ауылындағы ХVІІІ ғасырдың соңына жататын бұл тарихи-мәдени орынды көруге келетіндердің қатары көп. Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында да көптеген ортағасырлық тарихи ескерткіштер табылып, тарихымызды байытуда. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Қарнақта 25 мешіт және 5 медресе болған деседі. Ғимарат құрылысы бірнеше кезеңнен тұрады. 1789 жылы кіші ақсарай, 1876 жылы үлкен ақсарай салынады.

Кіші ақсарайдың астында жерасты ғибадатханасы бар. Жаздың ыстық күнінде сол ғибадатханада құлшылық жасайтын болған. Ал үлкен ақсарай мешіт рөлін атқарумен қатар, шәкірттер алғаш сол жерде сауатын ашқан. Үлкен ақсарай мен кіші ақсарайдың ортасын дәліз бөліп тұр. Үлкен ақсарайдың ішін шығыстық сәулет өнерінің тамаша өрнектерін пайдалана отырып безендірген. 1896 жылы қосымша дәрісханалар салынып, жалпы ғимарат құрылысы толығымен бітеді. Медреседе оқу 1917 жылға дейін жалғасады. Сол жылдан бастап ғимарат жетім балалар үйіне беріліп, 1928 жылға дейін пайдаланылған. Кеңес өкіметі кезінде ғимаратты әртүрлі мақсатта қолданып, 1980 жылға дейін ғимарат қараусыз қалады. Осы кездері Қарнақ ауылының тұрғыны, Ұлы Отан соғыс ардагері, тарих пәнінің мұғалімі Мирзаев Бекташ өнірдің тарихқа бай екенін паш ететін жәдігерлерді жинаумен айналысты. Ол барлық өмірін өзі туған ауылда халықтық мұражай ашып, ұрпақты тарихи біліммен сусындатуға арнады. Ол билік өкілдеріне көптеген хат жазып «Шаммат-Ишан» мешіт-медресесіні сақтап қалады.

Ауыл тұрғындарымен бірге асар ұйымдастырып, ғимаратты өз қалпына келтіріп жөндеу жұмыстарын жүргізген. Тәуелсіздік алған соң, мәдени мұраларға айрықша көңіл бөлініп жатқанда ұлы Мирзев Анвар ескерткішті «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша мемлекет тізіміне тіркеп, 2005 жылы музейге айналдырды. Ал 2008 жылы желтоқсан айында ОҚО Мәдениет басқармасының келісімімен Кентау қалалық музейі МКҚК-ның филиалы болып құрылды. Қазіргі таңда 2023 жылдың ақпан айынан бастап Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейіне филиал болып қайта тіркелді.

Музей 29 бөлмеден тұрады. Оның ішінде жәдігерлерге арналған бөлмелер және үлкен ақсарай, кіші ақсарай бар. Музейдің жер көлемі 1950 шаршы метр. Ғимараттың жалпы алаңы 320 шаршы метр. Музей қорында 2633 жәдігер бар. Оның ішінде негізгі қор саны –1893, ғылыми көмекші қор саны – 740 дана.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*