Бүгін ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ғалымжан Махан және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин жұмыс сапарымен Түркістан облысына келді. Алдымен делегация мүшелері Түркістан қаласында бой көтерген Достық үйінің құрылыс жұмыстарын аралап көрді. Бұл ретте, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев заманауи үлгідегі Достық үйінің ерекшелігіне тоқталып, бірегей нысанның жоспар-жобаларын таныстырды. Президент тапсырмасына сәйкес салынып жатқан 3 қабатты ғимараттың құрылысы аяқталуға жақын. Аталған ғимарат жақында пайдалануға берілмек.
Сапар аясында елордадан келген қонақтар Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығында «Этносаралық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырудың психологиялық-педагогикалық негіздері» тақырыбындағы семинарда сөз сөйлеп, пікір алмасты. Аталған жиынға аудан, қалалардағы білім бөлімдерінің тәрбие ісі жөніндегі әдіскерлері, аудан, қалалардағы этнос өкілдері тығыз шоғырланған елдімекендердегі жалпы және орта арнаулы оқу орындары директорлары мен олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, аудан, қалалардағы этнос өкілдері тығыз шоғырланған елдімекендердегі жалпы және орта арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен психологтары, «Қоғамдық келісім» КММ-нің аудандық, қалалық филиалдарының басшылары қатысты.
— Қазір еліміздегі этностарды ұйыстырып отырған Ассамблея отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде дамып келеді. Былтыр Ақсақалдар кеңесі мен этномедиация институты құрылды. Бұл бағыттағы жұмыстарға Президентіміздің өзі оң баға беріп, одан әрі жандандыруды тапсырды. Қазір Түркістан, Жамбыл облыстарында этносаралық алауыздықтың алдын алу жұмыстары тиімді жүріп жатыр. Ассамблеяның басты миссиясы барлық этностарды қазақ халқының қасына ұйыстырып, бір шаңырақ астына жинау. Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамға іріткі салатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылуы керектігін қадап айтты. Қазақстан – бейбітшілікті ту еткен, 100-ден астам этнос өкілін бауырына басқан киелі мекен. Біз демократияға ден қойған құқықтық елміз. Бұл ретте еліміз 100-ден аса халықаралық конвенцияға, келісімге, декларацияға қол қойған. Яғни, қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе, азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды. Бұл орайда, бүгінгі семинардың бәріміз үшін маңызы жоғары деп есептеймін. Толеранттылық қағидасын ұстанып, біртұтастыққа сына қағушыларға иммунитет қалыптастыруымыз керек. Әрине бұл тұста Ассамблеяға артылар жүк ауыр. Сондықтан бұл институтты жан-жақты жаңғырту жұмыстары жалғаса бермек, — деді Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин.
Сондай-ақ жиында қоғамдық келісімді нығайту жұмыстарын БАҚ-та жандандыру, жалған ақпараттың таралуына қарсы заң аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту және өзекті мәселелерді, ұсыныстарды талқылау, ақпараттық жұмыстарды жетілдіру жайы талқыланды. Бұл ретте, «Парасат» медиация және құқық орталығының сарапшы-конфликтологы Саламат Жұмағұлов, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты Қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Ғали Дінмұхаммед өз тәжірибелерімен бөлісіп, мазмұнды баяндама жасады.
Жиынға қатысушылар семинарда пікір алмасып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Еске сала кетсек, елордадан келген топтың Түркістан облысындағы сапары ертең де жалғасады. Сапар шеңберінде Сарыағаш және Келес аудандарында Ассамблея мүшелерімен, этномәдени бірлестіктер мен аудан тұрғындарымен бірнеше кездесу өтеді деп жоспарланған.