Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспановамен «Махаббатым-кітап, мамандығым-кітапханашы» атты бенефис шоу өтті. Бенефис кеші форматындағы жиын тақырыпқа сай көрме инсталляциясын таныстырумен басталды. Кешті басқарма басшысының орынбасары Ержан Исатаев ашып берді. Кеш кейіпкерінің кітапхана жолында атқарып жатқан еңбегіне тоқталды. Содан соң облыс әкімінің арнайы құттықтау хатын табыстап, сәттілік тіледі.

Кеш барысында кітапхана ісінің майталманы өзінің еңбек жолы жайлы әңгімелеп,облыс кітапханашыларының сұрақтарына жауап берді. Кездесу барысында зиялы қауым өкілдерінің және мемлекет қайраткерлерінің кейіпкер жайлы естеліктері, құттықтау сөздері басылған бейне жолдауы көрсетілді. Жиналған кітапханашылардың көкейіндегі қызықты әрі салалық сұрақтарға жауап беріп, өзінің еңбек жолы туралы естеліктерін әңгемелеп берді.

 

— Кітапханашы – әмбебап маман. Ол философ, тарихшы, түрлі мамандық иесі. Жан-жақты болуы керек. Әрбір оқырманды кітап оқуға баули отырып, болашақ ғалымды тәрбиелеп шығуға ықпал етеді. Кітапхана дегеніміз дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім бұлағының көзі, ғасырдан-ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей алып келе жатқан шырағы биік, парасаттылық пен білімділіктің, біліктіліктің киелі ордасы деп айта аламыз. Кітапхана оқырман үшін үлкен тәрбие мектебі, сансыз сұрақтардың жауабын табуға болатын орталық.  Кітап – уақыт пен кеңістіктің тынысына толы адамзат ойының жемісі, қоғамның мәдени күштерін дамытудың қуатты құралы, қайнар бұлағы. Мәдениет пен өнер ұлы болмайынша, ұлт ұлы болмайды дегендей, егеменді мемлекетіміздің болашағы жастардың мәдени танымдық қабілетін қалыптастыратын мәдени ортаның бірі кітапхана болып табылатынын бүгінде білмейтін адам кемде-кем. Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес, жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз. Қасиетті қазынамызды көздің қарашы­ғындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – ең қажет, абыройлы мамандық иелері. Кітапханашылар білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуы­на өлшеусіз үлес қосып, өркениетті елге айналуымыздың негізін қалауда. Эстетикалық талғамы бай, ойы зерек, қиялы жүйрік, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаған, оқырмандарға білім мен қажетті ақпараттың тиімдісін демдеп беріп отырған, ой-өрісі кең, жан-жақты, білімді, парасатты кітапханашылардың орны өзінше бір бөлек. Кітапхана саласы ақпарат және білім орталығы ретінде, ақпаратты беру мен табу, іздестіру жолдарын білуде кітапханашы мамандар бірінші кезекте, жоғары ақпаратты біліммен қаруланған, өз ісінің шебері, әмбебап маман болу керек. Кітапханашының жұмысы жаңалыққа құмарлықтан басталады.» — деді кітапхана ісінің майталманы Бақытжамал Оспанова

Кеш соңында «Фараб» кітапханасының директоры Жанат Сәдібекқызы кештің маңыздылығына тоқталды. Бұл кештің облыс кітапханашыларына берер тағылымдық мәні өте зор болды. Өйткені өз ісінің хас шебері, жанашыры Бақытжамал Оспанованың кітапқа, кітапханаға деген көзқарасы облыс кітапханашыларының өз істеріне деген құрметін арттыра түскені анық. Іс-шара соңында бірқатар үздік кітапханашыларды, соның ішінде Кентау қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әдіскері Дауенова Наргиза Ергешқызын ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы Қазақстандық кітапханалық одақтың «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісімен марапаттады. Осылайша, білім мен ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуы­на өлшеусіз үлес қосып жүрген Кентаулық Наргиза Ергешқызының еңбегі еленіп, лайықты құрметке бөленді.

Сондай-ақ, бірқатар үздік кітапханашыларға «Кітапхана ісінің ардагері», «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгілері мен арнайы алғыс хаттар берілді.  Айта кетейік, аталған мазмұнды кешті облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырған.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*