Саурандық ақ жаулықты аналар қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, күнкөрісі және әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлерін насихаттап, көпшілікті тәнті етті. Сауран аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен өткен “Ана — отбасы жүрегі, мейірімділік тірегі” атты облыстық іс-шарада тарихы терең – төркіндеу дәстүрін дәріптеді. Төркіндеудің халықтық, дәстүрлік маңызы өте зор.  Бұл — әйел затына тән ғұрып. Тарихқа жүгінсек ата-бабаларымыз ежелден қыз баласын қонақ деп, оларға қашанда құрмет пен ізеттілік көрсеткен. Жалпы салт-дәстүр халықпен бірге жасасып, оның тарихында өшпес із қалдырады. Сондықтан, ұлттық құндылықтарымызды ұрпақ санасына сіңіру маңызды. Сауран ауданының ұжымы да аналардың тағдырын, әйел бақытын бағалай білген қазақ халқының төркіндеу дәстүрін және оның негізгі мақсаттарын өздерінің мәдени көріністері арқылы жеткізді.

« — Төркіндеу дегеніміз асыл аналарымыздың, жалпы әйелдер қауымының асыл арманы деуге болады. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған қыз, аналық міндетімді атқардым, бүгінде елден алғыс алып отырған салиқалы анамын деп, сыртынан өмірлік тілеулесі болған туған еліне, ағайын-туғанына жөн-жоралғысымен арнайы төркіндеп барған. Қазақтың келіндері басына ақ жаулық салған күннен бастап, осы бір үлкен арманға ынталанып, елге пайдасы тиер ұрпақ өрбітсем, мен де еліме жүзім жарқырап төркіндесем деген ниетпен жүрген. Төркіндеп келген қыздың көңілін таппаққа тырысқан төркін жұрты да аянып қалмайды, барынша ат-шапан, түйе мінгізуге, қолынан келгенінше сый-сияпат көрсетуге тырысып жатады. Бұл салттың екі мәні бар, бірі елінен тек рахмет алар ұрпақ өрбіткен ананың ел алдындағы абыройын асыру болса, екіншісі, шыққан тегіне, атасына алғыс әперіп, барған жерінде әулеттің мерейін тасытып отырған қызға алғыс. Қазіргі сөзбен айтқанда дәстүрлі отбасының әдемі жарнамасы, жас отаналарын жақсылыққа жетелеу. Бұрынғылар үшін жасы келген шағында төркіндей алмау үлкен сын болған. Ал, қазіргі таңда бұл ел ішінде сын болмаса да, төркіндеу үлкен абырой саналады. Төркіндеп келген қыз өз туыстарын түгел аралап, әрбір үйге сый-сияпат, ілу апарды. Есесіне «қалау» айтып, қалағанын алды. Ал ай бітіп, қыз еліне қайтатын кезде оған өз елі де кәде беріп, күйеуге киім кигізіп, сый-сияпат жасайды. Негізі ұзатылған қыз төркініне «есік ашып» келеді. Және қазіргі уақытта осы «есік ашу» салтына төркіндеуді сыйдырып жібердік. Негізі «есік ашар» мен төркіндетудің айырмашылығы көп. «Есік ашар» салтынан кейін қыз төркініне қатынай береді. Яғни белгілі бір жиын, той-думан сияқты отбасылық басқосуларда күйеуімен келеді. Ал төркіндеудің салты мүлде бөлек. Бұл – арнайы алдын ала дайындықпен жасалатын жол сапар. Тұрмыстағы қыздың қайын жұртымен, ауыл елімен бірге барып төркінін, туған-туыстарына таныстырып қайтуы. Құрбы-құрдастарына өзінің отбасылық өмірі жайлы әңгіме айтып, қызығын баяндауы. Бұрындары көбіне балалы-шағалы болып, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған соң, етек-жеңі ұзарып, арқа-басы кеңейіп, кемел шақтарында төркінге барып, аунап-қунап қайтатын апаларымыз көп болған екен. Ал бүгінде осы дәстүр қаншалықты сақталды? Қазір көбіне «есік көру» дәстүрімен шектеліп қалғанымыз анық.Сондықтан Сауран ауданының ақ жаулықты апалары дәл осы дәстүрдің мән-мағынасын айшықтап көрсетуді ұйғардық және оны келешек ұрпаққа, өзімізден кейінгі жастарға өнеге етуді басты мақсат еттік.» — дейді Саурандық аналар.

Сауран аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов айтуынша қазақ халқының дәстүрінде әйел — анаға, отбасы ошағының сақтаушысына, әйел — еңбекқорға деген сый — құрмет ерекше болған. Аналарымызды халқымыз әрдайым құрмет тұтып, жұмақты ана табанының астынан іздеген. Адамзат баласы ана алдында қашанда басын иеді, анаға мәңгілік қарыздар. Өйткені, ана – тіршіліктің тірегі, отбасының алтын діңгегі. Әйелдің жүрегі – әлемнің тірегі, ана қуанышы, әйел қуанышы – әр үйдің, отбасының мерейі саналады, — деп ізгі тілектерін білдірді.

« — Дәстүрімізде қыз – төркіндеп, күйеу қайындап, жиен нағашылап барады. Осы жерде қыздың төркіндеуінің ел-жұрт алдында да, дін алдында да ерекше маңызы бар екенін ескеруіміз керек. Мәселен, қайтыс болған әйел баласының жаназасында молда: «Бұл әйел төркіндеді ме?», – деп сұрайтын болған. Сол сәт марқұмның төркіндері, яғни әке-шешесі, туған-туыстары, қайын жұрты жауап беруі тиіс. Егер әртүрлі себептермен төркіндей алмаса, оның жаназаға қатысып отырған жақын туыстары сол жерде марқұм болған әйелдің төркіндеу рәсімін жасаған. Онда қайтыс болған әйелдің руы, әке-шешесінің, өзінің аты айтылып: «Осы марқұм болған апамыз не сіңліміз, не қызымыз төркіндеп келгенде бергеніміз», – деп ақша тастайды немесе мал атайды екен. Оны молдалар растап, дұға оқиды. Сөйтіп, марқұм төркіндеген және өз парызын өтеген болып саналады. Бірақ сүйегі есіктен емес, терезеден шығарылады екен. Бұлай болмаған жағдайда марқұмға ауыр, арттағы туған-туыстарына қарыз болып қалады деген ырым, наным-сенімдер де бар. Сондықтан ұл-қызын өсіріп, жетілдірген аналарымыздың өз еліне төркіндеуі өте маңызды ғұрыптардың бірі. «Қыз – елдің көркі» деп бекер айтылмаса керек. Барған жерінің өрісін кеңейтіп, ұрпағын көбейткен аналарымыздың еңбегі мен ерлігі құрметке қашанда лайық деп есептеймін. Оны біз де, келешек ұрпақта ұмытпауы керек. “Ана — отбасы жүрегі, мейірімділік тірегі” атты облыстық іс-шараны ұйымдастырып отырған Сауран ауданының ішкі саясат бөліміне ризашылығымды білдіргім келеді. Себебі қазақ халқының ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын қайта жаңғыртуға үлестерін қосып келеді. Бүгінгі шарадағы ауданның ақ жаулықты аналарымыз көрсеткен қойылымдар ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, көпшілікке ерекше көңіл күй сыйлады.» — деді Сауран аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов.

Мәдени шарада Сауран аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев аудандағы Әжелер алқасымен қатар, Аналар кеңесі де қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен отбасылық тәрбиені насихаттау бойынша көптеген іс-шаралар ұйымдастырып, ұрпақ тәрбиесі жолында елеулі еңбек етіп жатқанын атап өтті.

« — Қазақта «Ана – отбасы жүрегі, мейірімділік тірегі» деген сөз бар. Ана — тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. «Алып анадан туады» дейді дана халқымыз. Яғни, қандайда бір ғалым, ғұлама, атақты ел басқарар азамат, ел бастаған көсем де, сөз бастаған шешен де, даналар да асыл аналарымыздан жарық дүние есігін ашып, олардың мейірімінен нәр алады. Ана — барлық өмірдің бастауы. Ол өз сәбиін мәпелеп өсіреді, жақсы болуын қалайды. Адам бойындағы барлық асыл қасиеттер күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен дариды. Ана — ұлы адам, қасиетті жан. Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді деген. Әрбір жұмыр басты пенде бұл өмірге келгені үшін анасына қарыздар.Сондықтан мына жарық дүниеге әкелген аналарымызға әрқашанда құрмет көрсетіп, басымызды иеміз.» — деді Сауран аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев.

Сондай-ақ, Түркістан облыстық ядролық Семей полигоны ардагерлер кеңесінің төрағасы Құралтай Салықбаев өз сөзінде қазіргі таңда отбасымен қатар, еліміздің түрлі саласында аянбай еңбек етіп, тер төгіп жүрген нәзікжандыларымыз қаншама?! Ұрпақ үшін ана тәрбиесінен асқан алтын қазық жоқ. Бір сөзбен айтқанда, аймағымыздың алға ілгерілеуіне бір кісідей үлес қосып отырған, “бір қолымен бесігін, бір қолымен әлемді” тербететін аналарымыздың орны қашанда төр екендігін жеткізді.

Іс-шара барысында қазақ халқының ұлттық құндылықтарын насихаттап, еңбек етіп жүрген әжелер мен аналарымызды Бақытжан Кеңесбекұлы құттықтап, Сауран ауданы әкімінің Алғыс хатымен және сыйлықтармен марапаттады. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дегендей, бұл аналарымыз біздің мақтанышымыз және сарқылмас қазынамыз, – деп жиынды қорытындыланды Бақытжан Кеңесбекұлы.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*