«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Сауран ауданының Түркістан қаласындағы мәдени күндері, Этноауыл аумағында аудан қолөнершілерінің көрмелері, ұлттық ойын-сауық және салт-дәстүр, әдет-ғұрып көріністерімен басталды. Атап айтқанда, «Кемпір салты», «кәрі жілік», «есек жем» «тас қорық», «бәдік айтыс», «туған жерге аунату», «қыз төркіндеу» көріністері жұртшылық назарына ұсынылды. Қазақ халқында небір салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар бар. Әрине, олардың ішінде тәлім-тағылымы мол дәстүрлер де өте көп. Солардың бірі – туған жерге аунату дәстүрі. Саурандықдықтар мәдени іс-шара аясында дәл осы дәстүрдің маңыздылығы мен ерекшеліктерін дәріптей білді.

«- Жыраққа көшіп, сонда қоныстанған, не болмаса ұзақ уақытқа туған елінен алысқа сапар шегіп кеткен ер балалар араға ұзақ жылдар салып отанына келеді. Сонда оның ата-анасы мен жақын бауырлары туған өлкесіне аунатып алатын болған. Олай жасауының бір себебі – туған жерді ұмытпай, азаматтық борышты өтеу керектігін көздесе, тағы бірі – бұл мекенде әке-шешесі, барлық ет-жақыны тұратынын есіне салғаны. Олардың берген тәлім-тәрбиесін бағалап, қайда жүрсе де ойында сақтап жүрсін дегені. Сайып келгенде «туған жерге аунату» ұлттық дәстүрінің мәні «мейлі сен жердің келесі бұрышына көшіп кетсең де, қанша алыста жүрсең де, түптеп келгенде отаның осы ел, сен осында туылдың, бұл ата-тегіңнің кіндік қаны тамған жері» дегенге келеді. Яғни, туған жерге аунату – елге, ағайынға сыйлы азамат кіндік қаны тамған туған жеріне келгенінде халық, туған-туыстары, дос жарандары оны сол жердің топырағына аунатып алған. Бұл — туған жерінен ұзақ уақыт бойы алыс тұрған адам отанына оралғаннан кейін жерге «аунайтын» дәстүр. Мұның мән мағынасы көп. Біріншіден «Сен осы жерде тудың, ұмытпа, перзенттік қарызыңды өте» деген мағынада. Екінші «Туған жер ата-анаң, Отаның, оның жақсы қасиеттері бойыңда, ойыңда жүрсін» деген тәлімдер жатыр. Қалай дегенмен де халықтың осы бір әдемі дәстүрінде «Бәрібір сен туған жерге баласың» деген ұлы ұғымды білдіретін, оның отаншылдық сезім — сенімін арттыратын тәрбиелік қызметі өте зор екендігін көру қиын емес.» — дейді Сауран аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов.

Халқымыз ата-бабалардан қалған салт-дәстүрлерді құрметтейді, қастерлейді. Уақыт өте келе ұлттық сипатқа айналған қазақтардың негізгі дәстүрі қонақжайлылық болып табылады. Бұл ана сүтімен даритын қазақ ұлтына  тән асыл қасиет. Сондықтан да қонақты сыйлау, құрметтеу, қонаққа деген ілтипат көрсету бала кезден қалыптасады. Барлық уақытта дала тұрғындары қонақты қуанту үшін қолдан келгеннің бәрін жасаған. Сондықтан әрбір жолаушы жол жүруге аттанып бара жатып, оны қазақ жерінің кез келген бұрышында қарсы алатынын білген. Үлкендерге құрметпен қарау – қазақ халқының тағы бір жағымды қасиеті. Дәстүр бойынша, жас кезінен бастап балаға ересектермен, өмірлік тәжірибесі бар адамдармен қарым-қатынас кезінде ұстамдылық пен парасаттылық үйретіледі. Сауран ауданының мәдени күндері аясында да қонақтарға ерекше көңіл бөлініп, құрмет көрсетілді. Тіпті шет елден келген туристер де қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін тамашалап, ерекше әсер алды. «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Сауран ауданының өнерпаздары «құда түсу», «үкі тағу», «киіт кигізу», «өлі-тірі» кәделерін орындап, үрдістердің өзіндік ерекшеліктерін көрсетті.

«- Қазақта жеті атаға толмаған туыстар арасында неке қиюға қатаң тыйым салынған. Жалпы мұндай тыйым салу қандас-туысқандық араласулардың алдын алуға ықпал етеді. Тиісінше мұндай ұстаным болашақ ұрпақтардың денсаулығына жағымды әсер етіп, қан бұзылмайды. Негізі қазақ қоғамындағы кез-келген үйлену тойы құда түсуден басталады. Құдалық дегеніміз екі отбасыны туыстық қатынасқа апаратын маңызды қадам, сондықтан бұл маңызды дәстүр болып есептеледі. Бұрынғы заманда екі отбасының құдаласуы үкі тағу салтыннан басталатын. Үкі тағу — керек болса бесікте жатқан қызға да тағылған екен. Үкі тағылған қыз – қыздың басы бос емес екенін білдірген. Үкі тағу үшін қыздың үйіне, жігіт жақтан 4-5 адам барады. Қызға үкі тағылғаннан кейін, екі жақ келісімге келіп, құдалықтың нақты уақыты анықталған. Бұрын қызға үкі тағылса, қазіргі кезде қызға келіссіммен сырға тағылып жүр. Осылайша, қыз айыттырылғаннан кейін, екі жақ үшін маңызды сәт – құдалық басталады. Қазіргі кезде құдалыққа баратын адамдардың саны көбейіп кеткен. Бұрыңғы кезде құдалыққа көп адамның баруы әдепсіздік болып есептелген екен. Құдалықта ең беделді адамды – бас құда деп атайтынын білесіздер. Ал, жігіттің әкесі бел құда болып есептеледі. Жігіт жағындағы аға інілері, омыртқа құда деп аталады. Әйел адамдардың жасы үлкені құдағи болса, жасы кішілері құдаша болады. Қыз бен жігіттің інілері құда бала болады. Екі жақ жиналғаннан кейін құдалықтың кәделері басталады. Кәде дегеніміз арнайы жасалатын дәстүрлердің жиынтығы Бірінші кәде «Киіт кигізу», құдалардың бір біріне құрмет ретінде, киім және қымбат бұйымдар сыйлауы болып есептеледі. Екінші жасалатын кәде «Өлі-тірі». Өлі-тірі дегеніміз әруақтартардың ризашылығына сойылатын мал. Екі жақтың туыстық қарым қатынасы ұзақ болуы үшін, өлілердің алдында және тірілердің алдында ант береміз деп мал сояды. Кейін сойылған малдың еті құдалардың арасында тарқатылады. Міне осындай үрдістер қос тараптың қарым-қатынасын одан әрі нығайта түсуге септігін тигізген.» — дейді Сауран аудандық аналар кеңесі төрайымы Жұманова Нышанкүл

Сондай-ақ, «құйрық бауыр асату» – қазақ халқының ежелден бері келе жатқан дәстүрлерінің бірі. Дәстүрдің өзіне тән орындалу шарттары бар. Тойға келген құдаларға жасы үлкенінен бастап құйрық бауыр асатады. Ас – қойдың құйрық майы мен бауырынан дайындалады. Арнайы құдаларға арнап сойылған қойдың майы мен бауырды қонақтарға арнап пісіріп, жұқа тілімдеп кесіп әзірлейді. «Бауырдай жақын, құйрықтай тәтті болыңдар» деп құйрық бауырды қалыңдық пен күйеу жігіттің жеңгелері келген құдаларға әндетіп жүріп кезекпен өз қолдарымен асатады. Жеңгейлердің құйрық бауыр салынған табақшаларын бос қайтармас үшін, құйрық бауырдан дәм татқан әрбір қонақ оларға ырым жасап өз кәделерін береді. Бұл жаңа таныс болып жатқан туыстардың арасын жақындату мақсатындағы ырымдардың бірі. Құйрық бауыр асату құдалық, той кезінде жасалатын басты әрі маңызды дәстүрлердің бірі және ол тек қазаққа тән. Сондықтан да, халық арасында «құйрық бауыр жедің бе, құда болдым дедің бе» деген сөз қалған екен.

Сондай-ақ, Сауран ауданының мәдени күндері аясында жастардың тәлім-тәрбиесі мен өмірлік ұстанымдарына қатысты да үрдістер насихатталды. Мысалы қазақ халқының көне дәстүрі – бастанғы дәстүрі де дәріптелді. Негізінен бастанғы бір шаңырақтың үлкендері бір себептермен сапарға шығып кеткен кезде, сол шаңыраққа ауылдың жастары жиналуымен ерекшеленеді. Бастаңғыны шаңырақтың бойжеткені ұйымдастыруы керек. Бойжеткен алдын ала әке шешесінен рұқсат сұрап, үлкендері рұқсат берген жағдайда ғана, бастаңғыны ұйымдастыруға болады. Бастаңғы болатынын білген қыздың ата-анасы мал дайындап қояды. Ауыл жастары да қонақ болатын үйге өздерімен бірге сарқыт, тамақ алып келеді. Мұндай жиынға өнерпаздар да келген. Келген жігіттер қой сояды, қыздар болса дастархан жаяды. Мал сойылып, дастархан жайылып болғаннан соң, барлығы дастарханның басына жиналады. Дастарханға жиналған жастар ән айтады, ойын ойнайды. Ойындардың ішінде алтыбақан, ақсүйек жиі ойналады. Осы ойындар көбінесе түнде ойналған. Алтыбақанға әдетте бір біріне сезімін білдіргісі келген қыз бен жігіт жұптасып тұратын болған. Олар алтыбақанды тербетіп, бір біріне жырларын, сырларын айтқан. Өнерпаздар домбырамен өлең айтып, оларға сыйлық ретінде үстілеріне шапан жабылып, өнер адамдарына құрмет көрсетілген. Бастаңғы қызық болу үшін жастар ән-айтыс жасаған. Өлең айтып, айтысып болғаннан соң, қызықты оқиғалар айтып, әдептің шегінен шықпай әзілдескен. Түнде басталған бастаңғы, таңға дейін жалғасқан екен. Жиналғандар бір бірлеріне қисса, дастандар айтып, таңға жақын жастардың жиыны аяқталған. Бұрыңғы кезде қазақтың жастары, осылайша бір-біріне жақын болып, бос уақыттарын өнерге деген құштарлықпен өткізетін болған.

Міне осындай қызықты әрі, тәрбиелік мәні зор әдет-ғұрыптарды насихаттаған Сауранның дархан халқы түркістандықтар мен қала қонақтарына ұлттық тағамнан дәм ұсынып, нағыз қазақы қонақжайлық көрсетті. Ал мерекелік кештің көркін саурандық өнерпаздардың алтыбақан түбіндегі көріністері мен «Дала рухы» ансамблі қыздыра түсті.

Айта кетейік, «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясындағы Сауран ауданының мәдени шаралары алдағы күндері де жалғасын тауып, Этноауыл аумағында ұлттық спортты ұлықтау мақсатында бірнеше спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылады. Сондай-ақ,  «Керуен Сарай» кешенінде Сауран ауданы өнерпаздарының және «Алдараспан» театрының әртісі Нұржан Төлендиев және эстрада жұлдыздары Нұржан Қалжан, Бақытжан Мұстафаев, Данияр Барыстың қатысуымен Гала-концерт өтеді.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*