10 қыркүйек күні Астана қаласындағы Этноауылда Түркістан облысы өнерпаздарының мәдени-концерттік бағдарламасын назарларыңызға ұсынамыз:

сағат 11:00-16:00 аралығында Отырар халық театрының ұлттық салт-дәстүр қойылымдарынан көрініс (күнделікті)

сағат 11:00-16:00 аралығында «Арша» тобының дәстүрлі ән шашуы

сағат 12:00-де «Шаңырақ» этно шатырында «Дала сазы» концертінде Түркістан облысының «Саялы Сарыағаш» фольклорлық ансамблі өнер көрсетеді.

сағат 14:00-де Ақмола, Түркістан облыстары мен Ұлытау айтыскерлері сайысқа түседі. Облыс құрамасында «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков, Нұрмахан Жақыпбек және Нұрдәулет Өмірбеков бар.

сағат 16:00-де Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының мәдени бағдарламасы аясында Түркістан облысы өнерпаздарының гала-концерті өтеді. Кеш қонағы – Маржан Арапбаева.

Күні бойы Түркістан облысының қолөнер шеберлерінің өнімдері көрме-жәрмеңкеде көпшілік назарына ұсынылады. Үш бірдей киіз үйде өңірдің мәдени-туристік әлеуеті кеңінен таныстырылады.

Айта кетейік, Көшпенділер ойындары – Қазақстанды әлем жұртшылығына жаңа қырынан паш ететін бірегей жоба. 8 мен 13 қыркүйек күндері елордада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 90-ға жуық мемлекеттен 2700-ден астам спортшы қатысады деп жоспарланған. Олар 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығын сарапқа салады. Оның ішінде спорттың 13 түрі бойынша Қазақстан құрамасының сапында Түркістан облысынан 29 спортшы қатысуда. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Түркістан облысынан «Бірлік керуені» жобасы ұйымдастырылып, түркістандық керуен елордаға аттанған болатын.

Ал, күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шет мемлекеттерден келген мәртебелі меймандармен және жұртшылықпен бірге V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу рәсімін тамашалады.

«Астана Арена» стадионында өткен шараға Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Татарстан Республикасының Раисы Рустам Минниханов, Саха Республикасының басшысы Айсен Николаев, Моңғолияның бұрынғы президенті Энхбаяр Намбарын, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған, сондай-ақ ЮНЕСКО, АӨСШК, БҰҰ Дүниежүзілік туризм ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, ТҮРКСОЙ, Түркі инвестициялық қоры, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясы, Ислам спорт қауымдастығы, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының басшылары, Еуропа Одағының Орталық Азиядағы арнайы өкілі және басқа да ресми тұлғалар қатысты.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*