«Сөз құдіреті» дегенді қалай түсінесіз? Сөзде құдірет бар ма? Сөздің адам болмысын өзгерте алатынына, сол арқылы бүткіл ұлтты жойып жіберуге қауқарлы екеніне сенесіз бе? Біз бүгін осы жайлы ой қозғамақпыз.
Қазақта сөзге, тілге байланысты нақыл сөздер де көп. Оның барлығында сөз бен тілдің құдіреті көрініс тапқан.
Былайша сөз деген қарапайым ғана нәрсе сияқты. Азғантай әріптердің қосындысы сөз болып шығады. Ауызды жыбырлатсаң сөз шығады. Бала да, кәрі де, сауатсыз да, ғалым да, иманды жан да, қандықол қылмыскер де сөйлеу арқылы сөз құрап айта алады. Бір сөзді миллиардтаған жан айта береді. Бәрі де қарапайым. Ендеше оның құдіреттілігі қай жерінде? Ол болмысты қалай өзгертеді?
Біздің басымыздағы ойымыз сөздерден құралады. Қандай да бір ойды сөздермен өрнектейсің. Түсініксіз «кабадан жепту налагу сарама бебтох» деген сияқты сөздермен ойлана алмайсың ғой. Әсті, сондай түсініксіз сөздер ойыңа келсе, ол ойды қалай іске асырасың? Әлбетте, біз тек өзіміз білетін сөздер арқылы ғана ойланамыз. Ал ой барлық істің бастауы. Сол ойымызға жақсы сөздер келсе, яки жақсы нәрселерді ойласақ, әлбетте жақсы боламыз. Ал жаман жәйттерді ойласақ, онда жамандық жасауға бейім боламыз. Ой — болмысымызды қалыптастырады.
«Адамды ортасы бұзады» немесе «Адамды араласатын ортасы тәрбиелейді» деп жатамыз. Бұл жерде араласатын ортаңның ауыздарынан шығатын сөздері маңызды. Өйткені ол сөздер оның ойынан құрастырылып шығады. Ал ой іс-әрекеттің бастаушысы. Құлақ арқылы енген сөздер сіздің де миыңызға орнығып, болмысыңызды, мінезіңізді өзгерте бастауы мүмкін. Сіз солай жаныңыздағылар қандай сөздер айтатын болса, сондай сөздер айта бастайсыз, солардың айналысатын әрекеттерін де үйрене бастайсыз.
Айталық, адамдар қалайша жат ағымдардың жетегіне кетіп қалады? «Басы бар, ақыл тоқтатқан адам қалайша адасуы мүмкін?» деп ойламайсыз ба? Уағыз дегеніміз де сөздер ғой айналып келгенде. Сол сөздер құлаақ арқылы миға жетіп, ойыңызды құрсаулай береді. Сіз ол туралы ойлай бастайсыз. Ой арқылы болмысыңыздың өзгеріп бара жатқанын аңғармайсыз да. Бір күні жат ағымның мәңгүрт сарбазы болып шыға келесіз.
Адамға оның жынды екенін айта берсеңіз, бір күні ол расымен жындыға айналады.
Арақ ішетін адамға «алқаш» деп айта берсеңіз, ол маскүнемге айналады. Ойының түбінде арақ деген сөз жатталып қалған. «Алқаш деп намысына тисем, намыстанып ішуін қояр» деген сөз әурешілік. Керісінше, оны маскүнемдікке итермелей түсесіз.
Біреулер әлдеқандай жамандық нәрселерді ойлайды да, кейін дәл солай болып жатса, «біліп едім солай боларын» деп шығады. Әлбетте, уайымшыл адам аурушыл, уайымшыл адам тәуекелге бара алмайды. Миына орныққан пессимистік ойлар адымын аштырмайды. Тым болмаса пессимистік ойға бейім адамдар тығырықтан шығар жолдарын да қоса ойластырып отырғандары жөн. Яғни, жамандық пен жақсылықты қатар ойласын. Сонды басқа түскен тығырықтан да тез шығуға болады.
Сөздің құдіретін айтып отырмыз, ендеше сөйлейтін, ойлайтын сөзімізге терең мән беруіміз қажет. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп бабаларымыз бекер айтпаған, олар сөздің құдіретін әу бастан-ақ білген.
Әрине, әрдайым аузымыздан басымыздағы сөздер шыға бермеуі мүмкін. Иә, оны өзіміз түрлендіріп шығарамыз. Айталық, ойыңда шындық сайрап тұрғанымен аузың тек өтірікті сайрауы мүмкін. Ойыңда былапыт сөздер былығып жатқанымен, өтірік әдепті бола қалуың да ықтимал. Иә, сен аузыңнан шыққан сөз арқылы, іс-қимылдарың арқылы өзгені алдауың мүмкін. Бірақ өзіңді алдау қиын. Өйткені миыңда, санаңда басқа сөздер сайрап жатыр. Ой түзелу керек. Ойдың өзі сөздермен өрнектелетінін айттық, демек, ойланатын сөздеріміз түзелуі керек.
Анау бизнес-тренерлердің айтатыны бар ғой: «Бедные мышлениені қойып, богатые мышлениемен өмір сүру керек» деп. Сонда адамның өмірі өзгеріп, байлыққа бастар жолға түседі екенсіз. Негізсіз нәрсе емес. Ұсақ-түйекті ғана ойланып, соның шеңберінен шыға алмасаңыз, әлбетте үлкен мақсаттарға жете алмайсыз. Армандаңыз деп жатады. Қалай армандайсыз? Сөзбен. Сөзсіз арман-мақсат та, ой да жоқ.
Бұл жерде ойдағы сөздің құдіретіне жалпылама тоқталып отырмыз. Яғни, ойыңа қарай өміріңді, болмысыңды өзің жасайсың.
Енді ойыңды өрнектеп түсінікті етіп беретін сөздердің тіліне келейік. Тіл дегеніміз қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі деген сияқты әр халыққа тән сөздер жиынтығы. Тіл – ұлттың ерекшелігін айқындайтын құрал. Адамдар түрлі ұлттарға қалай бөлінеді? Әуелі олардың тілдерінде айырмашылық пайда болады да, содан адамдар ұлтқа бөлінеді. Тілдеріндегі айырмашылық дегеніміз сөздегі айырмашылық. Сол арқылы адамдардың болмыстары өзгереді де, ұлттардың болмыстарында, кескін-келбеттерінде айырмашылық пайда бола бастайды. Екі түрлі тілде сөйлейтін ұлтты бір ұлт деп санауға болмайды. Шынтуайтында, ойланатын тілің қандай тіл болса, сен сол ұлттың адамысың.
Біз неге қазақтығымызды жоғалтып алдық? Өйткені біз қазақ тілінде ойлануды қойдық. Мейлі, сіз он тіл, жүз тіл біліңіз. Бірақ соның ішінде өзіңізге ең жақын біреуімен ойланасыз, түс көрсеңіз де сол тілде көресіз. Сол ойланатын тіліңіз сіздің болмысыңызды, ұлтыңызды анықтайды.
Өзіңіз айналаңызға қараңызшы. Қазақтілді қазақ пен орыстілді қазақтың мінездерінен, өмір сүру салттарынан айырмашылықтарды байқайсыз ба? Байқайсыз. Мейлі, екеуінің де құжатында «қазақ» деп тұра қойсын. Бірақ ол екеуін бір ұлтқа жатқызуға болмайды. Қазақша-орысшаны араластырып сөйлейтіндердің мінез-болмыстары тағы бір бөлек. Соңғы жылдары сөздеріне арабшаны араластырып, тіпті есімдерін арабшалатып жүргендер саны да артты. Қарап отырсаң, олардың да болмыстарының өзгере бастағанын байқайсыз. Олар да былайғы қазақтан басқашалау. Ағылшынтілді қазақтарды да өзіміздің қазаққа ұқсату қиын.
Мынаны қараңыз: кезінде Украинадағы халықтың көбі орыстілді болды да, орыс пен украин — екі халықтың таным-түсініктері, болмыстары ұқсас болатын. Екіжақты қырғи-қабақтан кейін Украина орыс тіліне шектеулер қойып, халқы да жаппай украин тілінде сөйлеуге көше бастады. Нәтижесінде украин мен орыс ұлттарының айырмашылықтары айтарлықтай өзгере бастады. Болмыстары өзгеруде. Орыстілділері әлі де ресейшіл деуге болады. Өздерін украин санағандарымен, болмыстары орыс, сондықтан орыс халқына бір бүйректері бұрып тұрады.
Өз еліміздегі халықты алайықшы. Қазақша сөйлейтін, қазақша ойланатын басқа ұлт өкілдерін де көріп жүрміз. Арасында орысы да, кәрісі де, немісі де бар дейік. Сол қазақша ойланатын өзге ұлт өкілдерінің болмыстары да қазақыланып кеткенін байқау қиын емес.
Бұдан шығатын қорытынды, біздің болмысымыз ойланатын сөзіміз қай тілде болғанына байланысты.
Ендеше, айналамызға зер салайық, өзімізге қарайық. Біз қандай тілде ойланып, қандай тілде сөйлеп жүрміз?
Бізді қазақ деп айтудың өзі қиын. Қазақша ойланудан кеткен соң қазақ ұлтына тән мәдениеттен, әдептен алыстап барамыз. Тіпті, ұлттық салт-дәстүрге сай әрекеттер жасағымыз келгенімен, оның да орайын келтіре алмайтын болдық. Орыстілді қазақ жасаған қазақы салт тым үйлеспей, жасанды шығады. Ал шалақазақтілдінің салты дөрекі бірдеңе. Екі ортада ұлттық құндылықтарды қорлаған болып шығамыз.
Бұрын ауыл қазағы мен қала қазағының айырмашылықтары кәдімгідей білінетін. Ауыл қазағында қазақы тәрбие, ұяңдық байқалып тұратын. Ал бүгінде айырмашылық азайып барады. Өйткені, бәрі бірдей шалақазақтілді болып барады. Соның кесірінен тәрбие де ақсап барады. Қазақша мен орысшаны араластырып сөйлеп, тілі де шұбар, ойы да шұбар жандардың болмыстары да шұбарланып, тәрбие-танымы да дүбәраланып, салдарынан ажырасу да көбейіп барады. Егер санақ жүргізіліп, статистика жасалса, елдегі ажырасушылардың дені осы шалақазақтілділер болып шығатынына күмәнім жоқ. Бір тілде ойланып, бір тілде сөйлейтіндердің шаңырақтары аз шайқалатын болса керек.
Иә, біз тілді шұбарлау арқылы болмысымызды өзгертіп тындық. Мұндайға бізді өз билігіміздің жеткізгені өте өкінішті.
Иә, билік басындағылардың тек орысша ойланатыны өтірік емес. Заңдарымыздың, басқа барлық ресми-бейресми құжаттардың барлығы алдымен орыс тілінде дайындалып, сосын барып қазақ тіліне сапасыз деңгейде аударылады. Сондықтан ол заң-құжаттардың барлығы қазаққа келгенде дұрыс жұмыс істемейді немесе тиімсіз болып шығады. Иә, бұл да сөздің, тілдің көзге көрінбес құдіреті немесе қасиеті.
Сапасыз аударма дегенді бекер айтып отырғанымыз жоқ. Қазір көп сөздердің аудармасы калька болып кеткен. Мағынасына қарай аударылмайды, сөз тікелей аударылады. Осы себепті қазақтілді қазақтың өзіне қазақша мәтінді түсіну үшін алдымен орысшасын оқып шығуына тура келеді. Қолыңыздағы смартфонды алайық. Орысша жақсы білмейтін ауылдың қазағының өзі смартфондағы нұсқаулықтарды орыс тілінде пайдаланады. Өйткені, қазақшасын түсінбейді. Қазақтілдінің өзі қазақшаны түсінбейтін халге жеттік. Мұндайда орыстілді азаматтың қазақшаға мүлде жолағысы келмейтіні түсінікті. Сорлылық па?..
90-шы жылдардағы тоқырауда ауыл халқы жұмыс іздеп жаппай қалаларға қоныс аудара бастағанын білесіздер. Орысша «әліпті таяқ деп танымайтын» ауыл халқының қалаға келгенде әбден қиналғаны түсінікті. Кейбірі нан сұрап жей алмады, кейбірі лайықты жұмыс істей алмады, орыс тілін білмегендіктен шетқақпай көрді, құқықтарын қорғай алмады. «Орысша білмегендігімнен әбден қор болдым-ау» дегендері балаларын сол қиындықты сезінбесі үшін жаппай орыс мектептеріне бере бастады немесе орыс тілін үйренулеріне жағдай жасады. Орыс тілі – қала тілі болып есептелді, ал қазақ тілі – ауыл тілі, әлі де сол түсініктегі адамдар аз емес. Орысша білмейтін, сөйлей аламайтын адамдарды мазақ еттік. Тіпті, сол үрдіс бүгін де жалғасып жаатыр. Әзіл-сықақ театрлары, жайдарманшылар, комедия фильмдерінде орыс тілін білмейтін қазақтарды келеке ету арқылы күлдіру көріністері тым көп. Осыдан кейін адамдардың қазақ тілінде сөйлеуге ұялуы табиғи құбылыс болса керек. Тым болмаса орысша араластырып сөйлеу мәдениеті қалыптасты. Бұл күнде сөздеріне орысша араластырмайтын жанды іздеп табу қиын. Күнделікті тұрмыста жиі қолданатын сөздеріміздің біразы орысша. Ойымызды соған үйреткеніміз соншалықты, әгәрәки күнделікті тұрмыста жиі қолданатын орысша сөздерді әлдекім қазақша айта қалса «мынау қай ғаламшардан келген?» дегендей бетіне бажырая қарайтын болғанбыз. Тіпті, өзіміз сол сөздердің қазақша баламасы барын ұмытып та қалдық. Ұмытпасақ та, ұмытып бара жатырмыз. Айтайық десек қапелімде аузымызға келмей, «тілімнің ұшында тұр, не дейтін еді?» деп ойланып қаламыз. Сөйтіп осыдан 20 шақты жыл бұрын ғана жаппай қолданыста болған біраз сөздеріміз бұл күнде көнеріп, орындарын орыстілді сөздер басып барады.
Тілдің өзгеруі ұлтты бөлшектейді деп бекер айтып отырғаным жоқ. Өзін қазақ санайтындардың түгелге жуығы орысша араластырып сөйлейтіндіктен, олардың ұлты да өзгеріп кеткен деуге болады. Таза қазақша сөйлейтін адамды кездестіргенде бөтен ұлтты көргендей ажырая қарайтынымыз сондықтан. Қазақтілді қазақ бізге жат болып бара жатыр.
Таза қазақ тілінің өзі сондай әуезді естіледі ғой. Қазақ тілі соншалықты бай әрі тыңдаған сайын құлағыңның құрышы қанады. Әдетте, қазақ тілінің бай екендігі соншалықты, біз ойымызды оп-оңай жеткізе алатынбыз. Кейбір жұтаңтілді халықтар ойын жеткізу үшін мимиканы қоса пайдаланады, ол аздай қолдарын сермеп сөйлеуге мәжбүр. Өкінішке қарай, біз бай тіліміздің мүмкіндіктерін пайдаланудан қалып барамыз. Калька аудармалар мен басқа тілдерден енген жаңа сөздердің сәтсіз аудармалары тіл байлығымызды шектей бастады. Тіл байлығымыз жетпей бара жатса орысшаны араластыра саламыз, оңайы сол қазір. Немесе түрлі жаргон, сленг сөздермен әспеттейміз. Бұрынғыдай көркем әдебиет оқу жоқ, газет оқу қалған. Бар оқитынымыз әлеуметтік желілердегі ақпараттар. Ал әлеуметтік желілердегі жазбалардың дені сауатсыз тілде және қарабайыр, біразы орыс тілінен тікелей аударыла салады немесе әлгіндей шалақазақша тілде жазылады. Содан тіліміз жұтаң тартып барады. Қазақ тілінің өте бай болғанын қайтейік, күнделікті сөйлесуде ол сөздерді пайдаланбасақ? Тілдің байлығы ондағы сөздердің пайдалануымен есептелгені жөн. Осы жағынан алсақ қазақ тілі ең кедей тілдердің біріне айналып бара жатқанын мойындауымыз қажет. Кедейлігі соншалықты, басқа тілдердің сөздерін қоспай сөйлеу мүмкін болмай қалды. Тіпті, оқыған-тоқыған адамның өздері «орысша айтқанда…» деп кейбір орыс сөздерін, мақалдарын араластыруға мәжбүр. Әйтпесе ондай сөздер қазақта да бар. Бірақ пайдаланудан шығып қалған.
Осылайша қазақ тілінің өзі екіге бөлінді. Бірі кәдімгі қазақ тілі болса, екіншісі орысша, ағылшынша, арабша сөздер араласып былыққан шалақазақша тіл. Шалақазақша тілдің белгілі бір жүйесі, орфографиясы болмағандықтан, әркім әртүрлі айтып, сөйлей береді. Сондықтан, шалатілділердің бәрін шалақазақ деген жаңа ұлт деп алғанның өзінде, олардың болмыстары да түрліше, соған сай бір-бірін түсінісе алмайтын, болатынға да, болмайтынға да қырықпышақ болып қырылысатын болып барады. Қазіргі қазақтардың жерге, руға, дінге, тілге, тб. бөлініп алып айтысып отыратындары содан.
Халықты біріктіретін ең бірінші құрал – тіл. Ешқандай Ассамблея да, басқа институттар да халықты біріктіре алмайды. Біртілді мемлекеттердің көбінде халық тату-тәтті тұрады. АҚШ-ты алайық. Оларда ұлт жоқ. Әлемде қанша ұлт болса, сонша халық жасайды деуге болады. Бірақ барлығы ағылшын тілінде сөйлейтіндіктен, бір ұлттың адамындай болып кеткен.
Кейбір ұлттар неге ассимиляцияланып өзгеге жұтылып кетеді? Өйткені олар басқа ұлттың тілінде сөйлеп, ойлана бастайды. Сөйтеді де болмыстары сол ұлтқа айналып, ақырында жұтылып тынады. Егер сіз балаңызды орысша оқытып жатсаңыз, түбінде ұрпағыңыздың орыс ұлтына ассимиляцияланатынына шүбә келтірмей-ақ қойыңыз. Бұл бұлжымас қағиданы тарих әлдеқашан дәлелдеп қойған. Құжатында қазақ бола қойсын, түрі азиат бола қойсын, бірақ болмысы орыс болған соң оны қазақ деудің өзі де артық.
Мысалдарды мыңдап келтіруге болады ғой. Алтын Орданың шаңырағының астындағы халықтардың барлығы бұрын бір тілде сөйлеген. Диалектілер болды. Бірақ бір-бірін аудармашысыз түсінетін еді ғой. Тіпті, бертінге дейін солай болған. Кейін Кеңес Одағы тұсында әліпбилерімізді ауыстырды, түбі түркі халықтардың әрқайсысының әліпбилерінде өзгешіліктер болды. Соған сай бір сөзді екі түрлі етіп жазу пайда болды. Содан тілде өзгешіліктер пайда бола бастады. Сөздерінің өзгеруіне қарай бұрынғы бір халық аз уақытта бірін-бірі түсінуден қалды. Бір-бірімен түсінісу үшін айдаладағы орыс тілін қолданатын болды. Мұндай жағдай бүгінде бүтін халықты былай қойып, бір әулеттің басына туды. Әулеттің ауылда қалып қазақша сөйлейтін адамы ертерек қалаға кетіп орыстілдіге айналған туысымен түсінісе алмайтын болған. Бір атадан тараса да мінездері қырықтүрлі, бөтен адамдар сияқты.
Айтатын, сөйлейтін сөздеріне қарап болмыстарының өзгеретінінің қарапайым мысалын диалектілерден де байқаймыз. Бір қазақпыз ғой. Бірақ неге батыстағы қазақ пен оңтүстіктегі қазақтардың, немесе шығыстағы қазақтардың болмыстарында айырмашылық бар? Өйткені тілдерінде аз болса да айырмашылық бар. Сол арқылы олар да өзгерген. Кез келген елде солай. Диалектілері бөлек бір ұлттың адамдарының мінез-болмыстары мен өмір салттарында өзгешілік болады. Яғни, бір тілде сөйлемей бірлікте өмір сүру мүмкін емес. Бұрын кітап оқылатын кезде бірлік мығымырақ болатын. Өйткені әдеби тіл ортақ. Жергілікті диалектіге қарамастан ортақ әдеби тілде оқудың арқасында бөлінушілік, айырмашылық аз болды. Кітап оқу қалып, оның үстіне бүгінгі кітап жазатындардың біразы әдеби тілді шетке ысырып қойғандықтан ара-жігіміз де ажырай бастады. Түркітілдес ұлттар деген сияқты, бұлай жалғаса берсе қазақтілді ұлттар деген пайда болатын шығар. Яғни, қазақтың өзі сан ұлтқа бөлініп кетпесе игі. Мемлекеттің бөлшектенуін айтып отырған жоқпын, ұлттың бөлшектенуін айтып отырмын. Соның алғышарттары қазірдің өзінде айқын байқалып отыр.
Бүгінгі таңда осы тілдің шұбарлануы барлық салаға кесірін тигізуде. Бірін-бірі түсінбейтін немесе түсінгісі келмейтіндер «аққу, шортан һәм шаянның» кебін киюде. Ондай жерде өсіп-өркендеу қайдан болсын?
Қысқасы, мемлекет мығым болсын десек, ұлтымыз деградацияға ұшырамасын десек, онда сөзімізді түзеуіміз керек. Халықты біріктіретін тіл деп айттық, ендеше Конституциядан орыс тіліне мәртебе беретін бапты жойып, мемлекеттік тілге барынша басымдық берген абзал. Тілдің тазалығын қатаң сақтау керек. Калька аудармалардан бас тартуымыз қажет. Көрнекі ақпараттардағы, жарнамалардағы сауатсыз қазақтілді жазбалар, турасын айтқанда, болашағымызға шабылып жатқан балта. Тілімізді қорлағандарға қатаң жаза қарастыратын уақыт жетті. Бір тіл бізді шын мәніндегі бір халыққа айналдырады. Бір халыққа айналған соң мақсат-мұратымыз да бір болады да, өсіп-өркендеуге, дамуға даңғыл жол ашылады. Бір тілде болсақ билік пен халық та бірін-бірі түсінетін болады.
«Он күнәнің тоғызы тілден» деген бар. Бұл жерде де сөзімізге мән беру керектігі айтылып тұр. Сөзіміз түзейік, сонда өзіміз де түзелеміз, ісіміз де түзеледі. Басқа жол жоқ.
Ербол ЖАЛПОШОВ.