Қазақ қолөнерінің туындауына, дамуына тұрмыстық қажеттілік тікелей ықпал етті. Сондықтан да бейнелеу өнерінің өзге салаларына қарағанда ұлттық қолөнер жақсы дамыған. Алғашқы кезде қолөнеріне үй кәсібі, қажеттілік негіз болса, келе-келе қолөнершілер қолөнер өнімдерін өз тұрмысының қажетін қамтудан, бірте-бірте малға, затқа айырбастап, оны кәсіп түріне айналдырды. Тапсырыс жасаушылар қолөнер бұйымдарының ақысына мал немесе басқадай заттар беріп, айырбастап, ұлттық қолөнер қоғамдық өндіріспен қатар дамыды.

Қолөнер бұйымдары тапсырыс бойынша өндіріліп, базар сұранысы да ескеріліп, халық арасынан небір керемет ісмер шеберлер шығып, халқымыздың ұлттық қолөнерін қалыптастырды.

Қазақтың күнделікті тұрмыста қолданатын заттарының барлығы көшпелі және жартылай көшпелі өміріне лайықталып жасалған. Көшпенді тіршілікте тіккенге де, жыққанға да өте жеңіл де, қолайлы киіз үйінен бастап, ішкі жасау-жиһаздары да жүннен тоқылған, мақта-матадан кестеленген бұйымдар болып келеді. Соның бірі — қазіргі кезде тек музейлерден ғана көре алатын, арнайы мамандардан өзге жалпы көпшілік ұмыта бастаған қазақтың құнды қолөнер туындысы — Тұскілем.

Тұскілем — көбінесе төсектің үстіңгі тұсына кілем орнына ілінетіндіктен оның аталуы «тұс» және «кілем» сөздерінің бірігуінен пайда болған. Тұскілемнің астыңғы етегі төсектен көрінбейтін болғандықтан қорғандалмайды, яғни жиектелмейді, бұйымның үстіңгі және екі қапталына терілетін қорған жиектемеге ою-өрнек желісі салынбайды. Тұскілемнің кез-келген түрінің етегі ашық қалдырылатындығы сондықтан (1 сурет ).

Тұскілемнің – пүліш немесе барқыт сияқты матадан тігіліп, өрнектеліп жасалатын түрі және киіздің арнайы басылған әрі тығыз, әрі жұқа киізден таңдалып жасалатын түрлері тұскиіз, сондай-ақ жылқы терісінен көн илеп теріден (2 сурет) де, терінің арнайы өңдеуден өткен күдері (күдері-замша) (3 сурет) деп аталатын түрінен немесе сатып алатын қалың былғарыдан бедерлі ою-өрнек жүргізілген тұскілем жасайтын шеберлер де болған. Әрине, мұндай бұйымдарды, көбінесе ауқатты адамдар сонау ХVIII-ХIХ ғасырларда жасатқан. Мұндай бұйымдарды жасау тәсілі қазіргі күнде ел арасынан мүлдем ізін жойған. Х.Арғынбаевтың Қазақ халқының қолөнері атты еңбегінде келтірілген осы үлгідегі ХIХ ғасырда жасалған былғары тұс кілемнің бір тамаша үлгісі Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік музейінің қорында сақталған. (2-3 сурет. Қазақ кілемдері мен тоқыма бұйымдары. ғылыми каталогынан).

Тұскілем бұйымдардың ішіндегі ең көрнектісі болып табылатын, үйге сән беретін негізгі әшекейлік жасау болуымен бірге үй иелерінің ауқаттылығы мен дәрежесін білдірген. Ол қыз жасауына кіріп, кейде қыздың өзі тігетіндіктен оның шеберлігін, ісмерлігін көрсететін болған.

Ал, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорында сақталған тұскілемнің материалы мата, кесте жіп, өлшемі: 112х208 см. Тұскілем П-әрпі тәрізді болып келетін қарақаспен көмкеріліп, ортадағы ою мен қарақастың арасына ақ сұрып матадан сырылып су жүргізілген. Түрлі-түсті жіптермен кестеленген тұскиіз өрнектерінің негізгі көрінісі «Жұлдызгүл» ою-өрнегі бейнеленіп, ақ пен қызыл түсті жіпті кезек түсіріп айналдыра шеңбер жүргізілген. Шеңберлердің ішкі бөлігіне «қошқар мүйіз» оюы қарама-қарсы түскен де, арасына су жүргізіліп, ішкі бөлігі «бес жұлдыз» пішінді етіп бейнеленген. Жиектемеде оюлармен гүл тәрізді өрнектер кезектесіп түскен. П-әрпінің ішкі бөлігіне де тұскиіздің негізгі оюы орналасқан.

Оюы өте нәзік, дәлме-дәл дөңгелек шеңбер пішінді болып келіп, сыртқы бөлігі төртбұрышты болып біткен. Тұс киіздің өн бойына «Қошқар мүйіз», «құс қанаты», «гүл» ою-өрнектері түрлендіріліп түскен. Тұс киіздің барлық өрнектері «тышқан із» кесте, «біз кесте» тоқу әдісімен тоқылған. Ал осы өрнектер ойып жапсырған ою емес, асқан дәлдікпен тығыз тігілген кесте. Жасалуы үлкен шеберлік, ыждағаттылық пен төзімді талап ететін түскілем музейдің сирек кездесетін құнды жәдігері, бірегей өнер туындыларының қатарына жатады.

Н.Әшірбекова, Бас қор сақтаушы.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*