«Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығы қасиетті Тайқазанның тарихи орнына оралғанына 35 жыл толуына орай, Түркістан облысы, Сауран ауданының жалпы білім беретін мектептерінде «Құт дарыған Тайқазан» атты көшпелі көрме ұйымдастырды. Атап айтқанда, көшпелі көрме Молда Мұса және Әшірбек Сығай атындағы жалпы білім беретін орта мектептерде өткізіліп, мектеп ұжымы мен оқушыларының зор қызығушылығын тудырды.

«Құт дарыған Тайқазан» көрмесінің экспозициясына 50-ге жуық жәдігер қойылды. Олардың қатарында Тайқазанды қайтару туралы архивтік тарихи құжаттар, Тайқазанның макеттері, орыс саяхатшысы А.Кунның альбомындағы 1864 жылғы фотосуреттер, 1935 жылы Тайқазанды Санкт-Петербургке алып бара жатқандағы мұрағаттық суреті, Эрмитаж музейінің экспозициясына қойылған бірегей фотосы және 1989 жылы Эрмитаж музейінен Тайқазанды шығарып жатқан сәтінің мұрағаттық суреті, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келген тұлғалардың фотосуреттері бар.Көрменің мақсаты — ортағасырлық құнды мұраларды дәріптеу арқылы жас жеткіншектерге тарихымызды таныту, олардың пайым-парасатын арттыру, елдік санаға баулу, өткен тарихымызға деген қызығушылығын ояту.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде сақталған ортағасырлық аса құнды жәдігер — қасиетті Тайқазан 1399 жылы Түркістаннан 25 шақырым жерде, Қарнақ елді мекеніндегі ұстаханада құйылған. Алтын, күміс, мыс, қола, қорғасын, мырыш, қалайы сынды жеті түрлі металдың қосындысынан құйылған Тайқазанды Тұранның билеушісі Әмір Темірдің бұйрығымен ұста Әбділ Әзиз Шарафуддин Тебризи жасаған.Тайқазан 1935 жылы Ленинград, қазіргі Санкт-Петербург қаласында өтетін Иран шеберлерінің III Халықаралық конференциясына үш айға жіберілгенімен, 54 жылдан кейін, яғни 1989 жылдың 18 қыркүйегі күні тарихи отанына қайта оралған. Көрмеде Тайқазанның тарихи мекеніне оралуына мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің қосқан үлкен үлесі де тарихи құжаттармен нақтыланып, көрсетілді.

Расында ұлттық мәдениет майданындағы Өзбекәлі Жәнібековтің еңсерген еңбегін көзі қарақты ел біледі. Ол қазақтың мұрасын түгендеу жолында көп еңбек жасады. Оның жасаған істерінің ішіндегі бір шоқтығы – ұлы ойшыл, ақын, рухани ұстаз Қожа Ахмет Ясауиге қатысты да болды. Бұл туралы саяси ғылымдардың докторы, профессор Әбдіжалел Бәкір былай деп айтқан болатын.

«Қожа Ахмет Ясауиді айтсаң, Өзбекәлі Жәнібеков бірден еске түседі. Ол — Ясауи кесенесінің жөндеуіне үлес қосып қана қоймай, ғұламаның ілімін зерттеуге де атсалысқан азаматтардың бірі. Кеңестік кезең тұсында күллі күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазы болған ұлы ойшылдың мұралары біздің ұлттық мәдениетімізден ығыстырылғаны белгілі. Ал Өзбекәлі Жәнібековтың ең негізгі ұстанған ұстанымы ұлттық мәдениетімізді мыңжылдықтар тізбегіне қайта жалғау еді. Түптеп келгенде, мәдениет, тіпті ғылымның да бастауында тұру қажет. Өйткені ұлттық мәдениетке байланбаған ғылымның ұлтқа қызмет етуі неғайбыл. Осыны жақсы білген Өзбекәлі Жәнібеков министрлікте қызмет еткенде, Орталық комитетте идеология хатшысы болған кезінде ұлттық мұрамызды түгендеуге қатысты жүйелі жұмыстар жасады. Ол атақ-абыройдың соңынан қумай, Кеңестік идеологияға қарамастан, халқы үшін баға жетпес игі істерді жасады. Қазақты қиын қыстау заманның, зымиян саясаттың салдарынан қол үзіп қалған асыл-жақұтымен қайта қауыштырды. Алаш зиялыларының ақталуына атсалысты. Елдің Наурыз мейрамымен қайта қауышуына үлес қосты. Музейлерді ашты. Ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысты. Қожа Ахмет Яссауи кесенесін қалпына келтіру жұмыстарына бастамашы болды. Соның ішінде, Тайқазанды тарихи Отанына қайтарғанының өзі мың іске татырлық. Өзбекәлі Жәнібеков қазақтың сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру жұмыстарына  көп мән берді. Соның ішінде, жоғарыда айттық, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қалпына келтіру және оның мұрасы мен іліміне бетбұрыс жасады.

Бұған қоса «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің құрылуына зор үлес қосты. Кесенеде жерленген хандар мен сұлтандар, билер және батырлардың құлпытастарын музей экспозициясына қойды.

Міне, сол тұста кесененің сән-салтанаты болған атақты тайқазанның орны бос тұрған болатын. Өйткені 1935 жылы Ленинград, қазіргі Санкт-Петербор қаласында өткен Иран шеберлерінің III Халықаралық конференциясына үш айға әкетілген Тайқазан кері қайтарылмап еді. Сөйтіп, тарихи құтымыз жарты ғасырдай Эрмитаж музейінде тұрды. Ортағасырлық тайқазан 54 жылдан кейін, яғни 1989 жылдың 18 қыркүйегінде ғана тарихи Отанына қайта оралды. Бұның бәрі – Өзбекәлі Жәнібековтің жанқиярлық күресінің нәтижесі. «Өзағаң болмаса, басқа адам қайтара алмас па еді..?» — деп ойлаймын.  Ол бұл жөнінде бірінші болып бастама көтеріп, қаншама рет Ресейге қажетті дәлелдер мен құжаттарды жіберіп, өтініш жазды. Эрмитаж басшылары оңайлықпен тарихи жәдігерді бере қоймады. Бірақ Өзбекәлі Жәнібеков бұл істі орта жолда қалдырмай, соңына дейін жеткізді. Бүкіл архивті көтертіп, Тайқазанның конференцияға уақытша ғана алынғанын дәлелдеп барып рұқсатқа қол жеткізді. Осылайша мәдениет майданы қаһарманының бар жігерін салуының арқасында ғана тайқазан өз орнына қондырылды. Біз Тайқазанның оралуын еліміздің ырысы оралғанға баладық.»

 

Сондай-ақ, профессор Әбдіжалел Бәкір Мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің Ясауи тұрғысында атқарған ісін мәңгі жаңғырып тұратын айрықша қызмет деп атап өтіп, осы тұрғыда Қожа Ахмет Ясауи мұраларының маңыздылығына да тоқталған болатын.

«Қожа Ахмет Ясауи имандылықты, адамгершілікті жырлады. Қара халыққа көмек көрсетуге шақырды. Адам үшін қызмет етуге үндеді. Біз Жаңа Қазақстанды құрамыз десек, адамдардың бойындағы осы имандылықты, адамгершілікті жауапкершілікті күшейте түсуіміз керек. Ал оны дамыта түсуде Ясауидің ілімі үлкен құрал болар еді. Ясауи әлі зерттеле түсуі керек. Оның «Диуани Хикмет» еңбегінде айтылған мәселелер өте көп. Соны тарқату қажет. Онда не жазылғанын бүгінгі ұрпақ білуі тиіс. Біз, Кеңестік кезеңде оқыған адамдар, бұл мәселелерден бейхабар болдық. Бұған дейін төркінсіз келе жатқан халық сияқты едік. Өйткені өткеніміздің бәрін жоққа шығардық. Енді сол асыл мұраларымыздың сынығын өзімізге қайтарып,  әлі де түп-тұқиянына дейін зерттеуіміз қажет.» — деп мәлімдеген болатын саяси ғылымдардың докторы, профессор Әбдіжалел Бәкір.

Түркістан облысында жыл сайын ұйымдастырылатын көрменің мақсаты да ел тарихын,  рухани-мәдени құнды мұраларды дәріптеу арқылы жас жеткіншектерге тарихымызды таныту, олардың пайым-парасатын арттырып,  елдік санаға, өткен тарихымызға деген құрметін арттыру екенін айта кеткен жөн.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*