Кентау қаласында орналасқан Абай атындағы №5 жалпы білім беретін мектебінде қазақ халқының тарихы мен тілін құрметтеу және ұлттық құндылықтарды насихаттау бойынша кездесу өтті. Яғни, білім ордасының оқушыларына отанға деген сүйіспеншілік елдің мәдениетін, әдебиетін, тілі мен тарихын және дінді құрметтеуден басталатыны айтылды.
Қазақтың ұлы ақыны Абай: «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі соныменен бірдейлік дағдысына кіреді» десе, «Қанша тіл білсең – сонша рет сен адамсың», — деп А.П. Чехов бекер айтпаса керек. Тіл білген адам қор болмайды. Ел мен елді, халық пен халықты байланыстыратын көпірдің бірі де осы – тіл. «Дана халқымыз «Қанша елдің тілін білсең, сонша түрлі ілім білесің» деп бекер айтпаған. Көп тілді білу – заман талабы. Сол көпірді сақтап қалу үшін бір-бірінің тілін меңгеруі керек. Сөз соңында айтарымыз, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте». Біз, жастар, болашақ ұрпақ өзге тілді білу арқылы өз тілімізді әлемдік аренаға шығаруымыз керек. Яғни, қазіргі ғылым мен техниканың дамыған заманында тіл білудің артықтығы жоқ. Күннен күнге қарыштап жатқан жаңа технологияларды игерудің ең бірінші жолы – тілді меңгеру.» — деді «Кентау қалалық Руханият орталығы» КММ-нің басшысы Қ.Бекметов
Мемлекеттің басты міндеті мен мақсаты да осы дәстүрлі құндылықтарымызды, тіліміз бен дінімізді, салт-дәстүр, мәдениет, тарихымызды сақтап, өскелең ұрпаққа ізгілік жолын дəріптеу.
«Тіл – қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің түп тамыры, қатынас құралы. Демек, тілдің, сөздің орны ерекше екені бесенеден белгілі. Міне, осы орайда ана тілімізді қастерлеу әрқайсымыз үшін парыз. ХХ ғасырдың ұлы жемісі – қазақ халқы үшін егемендіктің көк туы желбіреуі. Ата- -бабаларымыз көксеген, армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ендігі мақсатымыз – ұлттық рухты, түскен еңсені көтеру. Қазақ тілі – халқымыздың тарихы, шежіресі, арманы мен үміті, қайғысы мен қуанышы, күллі рухани өмірінің үні. Қазақ тілі – халқымыздың өткен ұрпағын тарихи біртұтастық, ажырамас бірлік жағдайда мәңгілік біріктіретін ең сенімді құрал. Мұны Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен айтқанда «Өзіміз ана тілімізде сөйлемейінше, өзге ешкім де бұл тілді шындап құрметтей қоймайтынын түсінуге тиіспіз. Бұл – аз уақыттың аясында тындырып тастайтын іс емес.Алайда осындай дәрістерді оқушылар да ерекше көңіл күймен тыңдап, жақсы әсер алып жатыр. Бектілген жоспар бойынша ұстаздар да қызықты іс-шаралар мен түрлі сыныптан тыс сабақтар өтіп, оқушылардың тілге деген құрметін одан әрі дамытып, өз үлестерін қосып келеді. Бұл қуантарлық жаңдай. Біз Тәуелсіз Қазақстанда, құқықтық мемлекетте өмір сүріп келеміз. Өз кең байтақ жеріміз, мемлекеттік тіл статусына ие ана тіліміз бар. Бұл – ел ынтымағы пен бірлігінің үлкен жемісі. Ендеше, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» деген халқымыздың даналық сөзі. Тіл – жас ұрпақтың қолында. Тілді сүю – Отанды сүю болып табылады» — деді «Кентау қалалық Руханият орталығы» КММ-нің теолог маманы Ұ.Құлтай қатысты.
Сондай-ақ, кездесуде мамандар дәстүрлі емес діни ағымдардың алдын алу және өзге ұлт өкілдеріне құрметпен қарау мәселелері де түсіндіріліп, жастарды білім, ғылым игеруге шақырды. Ұлттық құндылықтар – олардың тарихи өзіндік ерекшелігі, отан, тіл, тарих, өнер, әдебиет және тағы басқа тақырыптар да талқыға түсті. Оқушылар өз пікірлерін айтып, көкейінде жүрген сауалдарға жауаптарын алды. Дәстүрлі, ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпай, ұрпаққа дәріптеу басты мақсат екені айтылды. Түркістан облыстық дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Б.Өтеген қазақ халқының діни ұстанымдарындағы басты құндылықтарды атап өтті.
«Ислам қазақ даласына келгенде діндегі толеранттылық пен төзімділік те ұлтымыздың бойындағы айрықша ізгі қасиетке айналды. Абай атамыздың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген өлеңі жолдары, тіпті күні кешегі Қадыр ақынның «Өзге тілдің бәрін біл» деуі де қазақтың мұсылманды өзге дін мен ұлт өкілінен бөле-жара қарамай, дініне, ұлтына, нәсіліне қарамастан барлық адамзат баласын тең көргенін аңғаруға болады. Қазіргі уақытта халқының басым бөлігін мұсылмандар құрайтын елімізде христиан және басқа дін өкілдері ешбір қысым көрместен, мұсылмандармен бейбіт қарым-қатынаста араласып, ымыраластықта өмір сүруде. Еліміздің әр қаласында олар өздерінің діни бірлестіктерін құрып, құлшылық үйлерін тұрғызып, ешқандай кедергісіз ғибадаттарын жасап жатыр. Осындай кезде өзін мұсылманмын деп есептейтін адамды бес уақыт намаз оқымағаны үшін ғана кәпір деп айыптап, мал-мүлкін өзіне адал қылған жат діни ағым ұстанушыларының әрекеті ислам дінімен еш байланыспайтынын ескерте кеткен орынды. Адами құндылықтары жоғалған және өздерін ғана ақиқатты ұстанушылар ретінде есептейтін олар нағыз исламның өзге дін өкілі болса да адам өміріне құрметпен қарайтынын білмесі анық. Біздің елімізде әрбiр адамның наным-сенім бостандығына, азаматтардың діни сеніміне деген құрмет ерекше. Еліміздің кез келген азаматы дiндердiң мәдени және тарихи құндылығы мен конфессияаралық келiсiмнiң маңыздылығын, дiни төзiмдiлiк пен азаматтардың дiни нанымдарын шын құрметтейді. Елімізде белгілі бір міндетті немесе ресми діннің болмауы – азаматтардың діни сенім еркіндігін қамтамасыз етеді. Яғни, республиканың әрбір азаматы өз бетінше әрі ешкімнің мәжбүрлеуінсіз қай дінді болса да таңдау еркіндігіне ие деген сөз. Біздің мемлекетіміз әлем елдері арасында діни толеранттылық идеясын таратып, халықтар мен діндер арасындағы келісім мен түсіністікке толық қол жеткізуге болатынын дәлелдеді. Ислам барша адамзатқа әділдікті үлгі, зұлымдықты харам етеді. Өзара жәрдем беру, мейірімді де рахымды, бауырмашыл болу – оның ұлық тәлімдерінен. Ислам діні ақыл мен парасатты жоғары қоя отырып, өзгенің де ой-пікіріне құрметпен қарайды. Адамды бір ғана сенімге арқандап, оған қатаң көзқарастарды таңбайды, оған ешкімді мәжбүрлемейді. Құран Кәрімде: «Дінде зорлық жоқ» делінген. Бұл – дініміздің ұстанымы, адамзатқа көрсеткен жолы, Алла Тағаланың нығметін қадірлеу, салиқалы мақсат қоюына көмектесу деп бағамдаймыз. Жаратушы Иеміз әлемдегі барлық іс-шаралардың ақ-қарасын ажыратып бергеннен кейін адам баласының қай жолды таңдауын өз еркіне салады. Бүгінде қазақ қоғамы осы дін талаптарының үдесінен шығып, дін өкілдері арасындағы достық пен ынтымақтың үлгісін паш етіп отыр. Дінаралық диалог пен конфессияаралық келісімнің отаны – Қазақстан деп ауыз толтырып айтуға негіз бар. Оның жарқын бір үлгісі – мемлекет тарапынан дін саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар. Қай ұлттың немесе діннің өкілі болса да ешкімнің заң бұзуына, заңнан аттауына тыйым салынады. Қазақстандық заңнама аясында қай дінге сенемін, қай сенімді ұстанамын десе өз еркі. Бұл ашық та толерантты қоғамның айқын белгісі.Алайда керіағар ағымдардан бойымызды аулақ ұстайық» — деді Түркістан облыстық дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Б.Өтеген
Оқушылармен болған кездесуде мамандар жас ұрпақты саналы білім алуға және ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып, еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосатынын жеткізді.